«Үш ішек, үш ішек…»–деп ел гүбірлесіп кететін»

     Жерлесіміз халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, әнші, күйші, композитор Айбол Құдайбергеновті біріміз білсек, біріміз білмеспіз. Ол 1979 жылы 10 сәуірде, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1986-94 жылдары Қарағанды қаласындағы №29 орта мектебінде оқыды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өнерімен елге танылды.

   Тағаланған талантты күйші,  аспантаудың арда ұлы ауылдан алшақ жүрсе де  туған жерін жүрегінен шығарған емес. Түс көрсе түсіне тау кіретін таулық жігітті елмен етене таныстыру үшін  аз-кем әңгімелескен едік.  

 – Айеке, әңгімені  отбасы, ата-анаңыздан бастасақ…

  – Жігіттің үш жұрты бар демекші, өз жұртым  Шоған абыз ұрпағынан қазақ еліне аты кеңінен танылған Құдайбергеновтер әулетінен. Атам Жолдыбай Құдайбергенұлы,  Қайнар ауылында өмірге келген. Қолы месекерлі жан. Ағаш ұстасы болды. Ағаштан түйін түйетін. Сынықшы қасиеті де бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың сыйлы адамы болды. Той-томалақта құрдастарының қолқалауымен  айтатын бір-ақ әні бар еді. Сол әнді ел «Жолдыбайдың әні» деп еншілеп берген. Апам Бәймен Үміт Шоғанбайқызы, Жамбыл ауылының тумасы. Шоғанбай әкесі секілді шежіреші, сөзге шешен, суырып салма ақындығы бар. Кез-келген ортаны Алмабек Хамитұлының әнімен әрлеп жіберетін. 16 жасында-ақ, сойылмен қасқыр соғып алған,  күреске түссе қарсыласын жер қаптыратын білекті, жүректі болған. Сол үшін қайын жұрты – «Палуан келін» деп атап кеткен екен.

   Әкем алты ағайынды, үйдің екіншісі. Жасқа толмай үй іші Текеске көшіп барады. Мәскеуде А.В.Луначарский атындағы ГИТИс-ті «драма және кино актеры» мамандығы бойынша оқыған. Ал менің үлкен әкем мен шешем әнсүйер қауым жақсы білетін атақты Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер.

   Өз анам  Асанбекова Маржан Болатханқызы, Тегістіктің төл тумасы. Сурет салып, ою ойып, тігін тігетіні бар. Әдемі әзілімен айналасын күлкіге қарық  етіп отырады.  Нағашы атам  Биеке Болатхан Асанбекұлы, ауданға бетке ұстар тракторшы-механизатор болған. Жас кезінде домбыра шертіп, ән айтқан екен. Нағашы апам Шүйке Күләш Тұрсынқызы, Өрнек ауылынікі. 13 бала тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана. Қазір құдайға шүкір, 80-нің сеңгірінде. Әке-шешем Мәскеу қаласында  оқуда болғандықтан  нағашы апам Күләш бақты. Алты айлығымнан 2 жасыма дейін ұлы Ақжолмен  егіз қозыдай тең өстім. Сондықтан ол кісіні мама деп атап кеткен екем.

    Бәрін айт та бірін айт қайын жұртым Құрман елінен. Қайын атам  Нұрсұлтан Болатбаев,  Нарынқолда талай жыл темір аттың тізгінін ұстады. Енем  Анар Рахымбаева,   сол аудан орталығындағы  перзентханада  акушер-гинеколог болып  еңбек етеді.

     Жан-жарым Айгерім Болатбаева, Талдықорған қаласында №16 орта мектеп-гимназиясында биология пәнінен сабақ береді. Жоғары білікті маман.  Сағадат, Азамат, Саламаттай үш ұл тәрбиелеп отырмыз. «Алма ағашынан алыс түспейді». Олар да  өнер жолында. Домбыра, шертер, сазсырнай, шаңқобыз сияқты аспаптарды жете меңгерген.

    – Өнер жолына қалай келдіңіз, алғашқы ұстазыңыз кім? Неге Алматы емес,  Қарағанды қаласындағы өнер мектебіне оқуға түстіңіз?

    –Жетісу жерінің тумасы болғаныммен, балалық шағым Сарыарқада өтті. Әке-шешем Мәскеу оқуын бітірген соң Қарағанды қаласына жұмыс бабымен көшіп барды. Сонда балабақшадан бастап орта мектеп, өнер мектебі, Тәттімбет атындағы музыка колледжін орысша оқып бітірдім. Әрине, туған жер кімге де болса ыстық қой. Жазғы және қысқы демалыста Текесім қайдасың деп  тартып отырамын. Кішкентайымнан  Қанат папам сияқты әнші боламын, әгугай-әгугай  деп ән айтамын деппім. Сол ниет-тілегімді мектепке дейін-ақ   менен екі жас үлкен ағам Ербол орындады. Яғни, маған домбырада балалар әні «Балақанды»  үйретті. Содан ән айтуға, домбыра тартуға деген қызығушылығым артты. Алтынбек Қоразбаевтың әнін «Әгугай, домбыраны» әкемнің нағашы інісі Дархан Дайырбектен үйреніп, мектеп сахнасына шықтым. Осылай алып ұшқан көңілімді әнмен көркемдеп ізденіс ізіне түстім.  Радио, теледидардан әндер  жаттадым. Сөйтіп,   нағашы атама Ақан серінің, Біржан салдың әндерін айтқызып,  домбырамен сүйемелдеп, аспапты мейлінше меңгере түстім.

 – Өзіңіз тәрбиеленген «Жас тұлпар» атты театр-студия сізге не берді?

 – 1991 жылы Қазақ елі төл мерекемізді — Әз-Наурызды қайта жаңғыртып тойлай бастады. Сол кезде,  шешем екеуіміз қала орталығынан үйге қайтып бара жатып, «Аврора» кинотеатрының алдында ел-жұрт концерт тамашалап жатқанын байқап, автобустан түстік. Сахна жаққа барып, құры қарап тұра алмадым. Анама ән айтқым келіп тұр дегенім сол еді, концерт жүргізушілері  хабарлап, сахнаға шығарып жіберді. Сонда Кенен атамыздың «Танисың» термесін төкпеледім. Қарағанды облыстық халық шығармашылығы орталығының бастығы өнерім үшін домбыра  сыйлап, «Жас тұлпар» атты театр-студиясына жұмысқа алды. Атаулы мерекеде,  Қарағанды қаласының үлкен сахнасы «Кеншілер», Теміртауда «Металлургтер» сарайында, облыс аудандардың ауыл мәдениет үйлері мен клубтарында әнші Мейірхан Адамбеков, айтыскер ақындар Аманжол Әлтаев, Айгүл Түсіпбекова, Есенгелді Қабыкеев, күйшілер Болатхан Тәшімов, Балғабек Смағұлов сынды өнер майталмандарымен бірге ән салдым.

   – ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Марат Қапенұлы туралы және 1992 жылы құрылған балалар фольклорлық «Сарыарқа әуендері» ансамблі жайлы аз-кем айта кетсеңіз?

   –Сол жылы Қарағанды Өнер мектебіне түстім. Ұстазым Марат Қапенұлы балалар фольклорлық «Сарыарқа әуендері» ансамблін құрды. Мен бас домбырада ойнадым. Соның ішінде домбырашылар ансамблі болып шығатынбыз. Ансамбль сүйемелдеуімен ән де айттым. Нақышына келтіре  «Сары бидай»  әнін орындаған соң,  балалар мені «Сары бидай» деп атап кетті. Осындай ұйыған ұжымның арқасында екі рет Түркия, Ресей, Беларусь, Украинада конкурс, фестивальдерге қатыстық. Үлкен тәжірбие алмастық. Сондықтан, «Сарыарқа әуендері» ансамблінің құрамында болғанымды мақтаныш көрем. Өйткені,  маған дейін де, кейін де талай талантты тәрбиелеп шықты.

 – Қарағандылық жұртшылық нарынқолдық жігітті несімен ұнатты?  

 –Мені жұрт Қарағандылық деп ойлайды, себебін айттым, балалық шағым сонда өтті. Бірақ, туған жер ыстық әрқашан демекші, колледжден кейін өз курсымнан жалғыз Алматы консерваториясына оқуға кеттім. Қалғандары Астанада жаңадан ашылған Өнер академиясына түсуге бел байлады. Әлі есімнен кетпейді, жыл сайын пойызбен Алматыға таяғанда алып Алатау қарсы алатын. Сол суретті  сөзбен жеткізе алмаймын. Ерекше қуаныш сезім билеп әкететін. Жетісуда жүрген соң ба, қазір ол сезім аса байқалмайды. Бірақ, ауылға жетіп қалғанда Кегенде «Апам» (Ұлы Отан соғысына қойылған ескерткіш) қолын маңдайына қойып,  күтіп тұрғандай болады. Сонда көңілім босап көзіме жас келетіні бар. Бұл сезім әлі де кеудемді әлемтапырақ етеді шіркін!

 –Түсінікті болу үшін тарқатып айтсақ. Күй қанша түрге бөлінеді? Сіз таңдаған шертпе күйі қазақ жерінің қай өңірінде дамыған?

  – Күйді 2 түрге бөлеміз. Шертпе және төкпе. Әр өңірде өзінің күйшілік мектебі қалыптасқан. Шертпе күй мектебінің қалыптастырушылары еліміздің басым бөлігінде болса, төкпе күй мектебінің қалыптастырушылары батыс жағында. Алтай-Тарбағатайда – Байжігіт, Қайрақбайлар,  Арқада –  Тәттімбет, Тоқалар болса, Жетісуда – Байсерке, Қожекелер. Әрқайсысының сарыны, мұңы, зары, айтайын деген ойы өзгеше. Шертпе күй деген үлкен философия. Өкінішке орай, қазір күйді зейін қойып тыңдайтын адамның уақыты жоқ. Қазір жастар күйдің атын атап ойнай салады. Әсіресе, төкпе күйді тездетіп бастап сол арада бітіруге асығады. Ол деген күйдің құдіретін  көрсету емес, домбырада ойнап өзін көрсетуі, өзін насихаттауы болып табылады.

   –Бүгінгі өнер өлкесінде күйдің орны қалай? Күй тыңдармандары азайып кеткен жоқ па?

   –Жалпы күйдің оның ішінде шертпе күйдің насихатталуы нашар. Теледидар, радиодан аз беріледі. Концерттік бағдарламаларға, шетелдік бағдарламаларға да қоспайды. Таң қыламыз деп сол барған елдің музыкасын топтап ойнатқызады. Шетел көрермендері шынымен біздің ұлттық киімдерімізді, музыкалық аспаптарымызды көріп таң болады. Құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Шетелдік өнерсүйер қауымға домбырамен өзінің музыкасын ойнап бергеннен гөрі төл өнерімізді – күйімізді, әнімізді таныту  нағыз жаңалық болып табылады.

   –»TIGRAHAUD» этно-рок тобы туралы айта отырсаңыз. Топты құрғандағы мақсаттарыңыз қандай? Топ бүгінде жұмыс жасай ма?

   – Қазіргі заман жақсы ғой, қажет дүниені интернет желісінен тауып аласың. Біздің «TIGRAHAUD» этно-рок тобымыздың музыкасын шетелдіктер әлеуметтік желі арқылы сүйсіне тыңдайды. Топ жас та болса бірталай фестивальдерге, алыс-жақын шетелдерге гастрольдік іс-сапармен барып, көрермен көзайымына ие болды. 2015-16 жылдары Алматы қаласында өткен халықаралық этно фестиваль The Spirit of Tengri,  Тараз қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған концерттік іс-шараға қатысты. Ал 2016 жылы Нұр-Сұлтанда  қала күніне орай «TIGRAHAUD» этно-рок тобының жеке шығармашылық кешін өткіздік.

Бұдан басқа Германия, Мажар елінде, Санкт-Петербург, Қытайдың Ұлы Жібек жолы мен Қытай ұлы қорғаны бастау алған жерлерде өнерімізді паш еттік. Оларға жеке домбыра, шертер, сыбызғы, қобызбен  күй ойнаған қатты әсер етті.

     Этно-рок тобы 2013 жылдың қараша айында құрылған. Топ қазақтың көнеден келе жатқан сазсырнай, сыбызғы, шертер, барбыт, ұран, домбыра, қылқобыз, асатаяқ шаңқобыз, дауылпаз, кепшік, кең шанақты домбыра және гитара атты аспаптарымен толықтырылған.

    Қазіргі таңда топтың репертуарында біршама қазақ халық композиторларының шығармалары өңделіп, тыңдарманын табуда. Сонымен қатар, топтың бірталай авторлық әндері жарық көрді. Ән шығаруда топ өзінің жеке қайталанбас стилін тапқан. Әндердің басым көпшілігі қазақ халқының ауыз әдебиетінің аңыз-дастандарынан тұрады. Топтың басты ерекшелігі осы  ғой деп ойлаймын.

    Этно-рок тобының құрамында   Данияр Жақиянов (бас гитара, бас домбыра),  Ләззат Сегізбаева (қыл-қобыз, прима қобыз),  Нұржан Ахметбеков (вокал, шаң-қобыз, кепшік), Әнуар Исаев (көмей, кепшік, асатаяқ, сыбызғы, ұран, шаң-қобыз) сияқты талантты жігіттер мен қыздар өнер көрсетеді.

   – Жеке шығармашылығыңызға ойыссақ. Сазгерлік қабілетіңізді қашаннан байқадыңыз?

 – 2003 жылдан бері күй шығара бастадым. Сазгер болу барлық күйшінің арманы болар. Ал сазгерлік ол қанмен берілетін қасиет. Жастау кезімде қолыма домбыра тисе дыңғырлатып кез-келген музыканы ойнап, ермек ететінмін. Сол ермегім сазгерлікке ұласты ғой деп ойлаймын. Бүгінде  репертуарымда:  «Ою-өрнек» (Нақыш нама), «Балдырған», «Шоғанбайдың күйі Ұлдар», «Желдірме», «Толқыма», «Қарқара», «Арманым», «Балалық дейтін балдәурен», «Бақсы», «Батыр күйі», «Көкойнақ» (Райымбек батырдың мінген тұлпары), «Көне Тараз күмбірі» сияқты әр түрлі аспапта ойналатын күйлерім бар. Солардың ішінде «Қарқара» күйінің орны ерекше. Қазақ халқының азаттығы үшін болған қазақ жеріндегі алғашқы көтерілістердің бірі және бірегейі Қарқараның 100 жылдығына арнап шығарған едім. Осыдан үш жыл бұрын  Қанат папамның  үйіне Абдрахман Асылбек  ағамыз келді. Әңгіме барысында  Қарқара күйі туралы айтып бердім. Ол кісі бірден орындауымды тілек етті. Сонда күйді бастан-аяқ тыңдаған ағам орманды ойға шомып, тағы орындауымды өтінген еді. Абдрахман ағаның  көзі күлімдеп, жүзі жайнап кетті. Күйден алған әсерін өлеңмен өрген Абдрахман аға ертесі бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты.

Қарқара – бағы жанған жер,

Бабалар ізі қалған жер.

Қарсы кеп орыс патшаға,

Албандар атой салған жер.

Мұқағалидай ақынның,

Жырлары қанат жайған жер… – деп жалғасып кете береді. Ағаның күйден алған әсері жүрек қылын шертпей қоймапты. Жүректен шыққан шығарма жүрекке жетеді деген осы да шығар.

 – Үш ішекті домбыра күйлерін атап өтсеңіз? Екі ішекті домбырадан үш ішекті домбыраның үн айырмашылығы бар ма?

 –Шертер қазақтың көне аспабы. Домбыра мен қобыздың арғы тегі. Бұл аспап ұмыт болып кеткен. Болат Сарыбаевтың арқасында қайыра жаңғырып, қайта қатарға қосылды. Шертердің осы уақытқа дейін күйлері сақталмаған екен. Ал үш ішекті домбырада бар. Екеуінің ойнау тәсілі бір болғандықтан күйлерді шертермен ойнауға келеді. Қазір шертердің жаңа күйлері шығып жатыр. Үш ішек – көнелікті еске салады. Тілмен түсінікті етіп айтар болсақ, бағзы заман, кең дала, биік таулар мен терең құздарды көзге елестетеді.

  – 2019 жылы Моңғол Халық партиясының «Құрмет» медалімен марапатталдыңыз. Ондағы қазақтардың күйге, тілге деген құрметінің жоғары екенін естігенбіз. Жалпы қалай қарсы алды? Халық партиясының «Құрмет» медалін өнеріңізді сыйлағаннан берді ме, өзіңізді сыйлағаннан берді ме?

 –Былтыр Баян-Өлгейге фольклорлық экспедициямен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Төлен Қайырғазымен бірге бардық. Барғанда құры қол емес, алдыңғы жұмыстың нәтижесін шығарып, қорытындылап,  яғни  Қабыкейқызы Ләстай апамыздың әндері мен күйлерін нотаға түсіріп, бірнеше дана ғып кітапқа басып шығарып бардық. Жергілікті радиосына сұхбат бердім. Өнер театрының оркестр мүшелеріне шеберлік сағатын үйреттім. Осы кішкентай ғана еңбегімді бағалағаны  үшін әрине, ризашылық білдірем.

 – Сырлы сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Өнерде жайған қанатыңыз талмасын!

Сұхбаттасқан Серікжан Мурасилов.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password