ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ АБЗАЛ АЗАМАТ ЕДІ

немесе ұлағатты ұстаз Айндин Шахамов туралы сыр

     Қақпақтай бір ауылым ойыма оралса, Айндин Шахамовтай қымбатты ағам көз алдыма келіп кетеді. Үлкенге сондайлық ізетті, кішіге құрметті де қамқор бола білген үлкен жүректі ұстаз ешқашан ұмытылмақ емес.

   1987 жылы Қақпақ ауылындағы қазіргі Жәмеңке атындағы орта мектепке мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып келген Айндин Шахамовты бір көргеннен-ақ жатырқағам жоқ. Мінезі сондайлық ашық-жарқын екен. Алғашқы таныстықтан кейін-ақ  тумаса да туғандай бір ағам болып кетті. Ұлты ұйғыр болғанмен қазақ тіліне тілі жатық еді. Көсіліп, шешіліп тіпті мақалдап та төгіліп сала беретін. Сол кездегі ағылшын тілінің маманына қызыға қарайтынбыз. Ағылшынша ән де айтып беретін. Сол кездегі аудандық партия комитеті көршілес Қытайдан қадірменді қонақтар келіп жатса, Айндинді арнайы шақыртып, тілмаштық қызметке де пайдаланатын. Бұл көп тіл білетін Айекеңнің бір ғана қыры еді.

   Біз сөз етіп отырған Айндин Шахамов Сүмбе ауылының бір айтулы перзенті. 1957 жылғы 10 шілдеде дүниеге келген ойынға емес оқуға ынтық жас ауылдағы Абай атындағы орта мектебін үздік бітіріп шықты. 1978 жылы Алматы қаласындағы  шетел тілдері институтының ағылшын тілі факультетін де жақсы аяқтады. Кеудесі асқақ армандарына толы жас ұстаздың алғашқы еңбек жолы Ұйғыр ауданындағы Шарын, Ташқарасу орта мектептерінде басталды. Шәкірттеріне ағылшын тілінен дәрісін берді. Мінезі қарапайым, жүрегі жұмсақ, көңілі көктем іспетті ұстаз әрбір шәкіртін баурай білетін. Еңбекке араласқан ортасымен де тез тіл табысып, бұрыннан таныс адамдардай қарым-қатынас жасайтын. Шын мәнінде ол көзі тірісінде көппен сыйласты. Көппен араласты. Жүрегінен жылы жол тауып жатқан жандардың бәрін дос тұтты.Бұл Айекеңнің адамдарға жақындығын, ешкімді бөліп-жармайтынын көрсететін жақсы қырының бірі еді.

   Айндин 1980 жылы өзі сұранып туған ауданына оралды. Бойындағы барын, ойындағы нәрін туған ауданының білім саласына арнауды, туған жеріне туын тіге түлетуді мақсат еткен жас ұстаз Қызылшекара орта мектебіне ұстаз болып орналасты. Білімі мен білігі, кісілігі мен кішілігі, ақыл-парасаты жарасым тапқан Айекең бір жылдан кейін аталған мектепте маманның тапшылығына байланысты малшылардың балаларын арналған интернаттың меңгерушісі жұмысын қатар атқарды. 65 балалық интернаттан көптеген шәкірттер қанаттанып шықты.

   Бұдан кейін Нарынқол аудандық білім бөлімінің ұйғарымымен Қақпақ ауылындағы Жәмеңке орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып ауысты. Көп ұзамай 1991 жылы аталған мектепке директор болып тағайындалды. Бұл келешегінен мол үміт күттіретін жас ұстазға, сирек кездесетін маман иесіне деген құрмет те болатын. Мектептің басшысы болған он жылға тарта уақыт ішінде  білім ордасында  оқушыларға тәлімді тәрбие, сапалы білім берілді. Оқу сапасы жақсара түсті. Мектептен көптеген «Алтын белгі» , ерекше аттестат иелері қанаттанды. Өзі де құры жүрген жоқ. Білгенін, білімін толықтыра жүрді. Татарстанның Қазан қаласында Қазақ университетінде білім саласындағы ең алғашқы жаңа технологиялар, инновациялар туралы 2 айлық семинарға қатысты.Білімін ұлғайтып оралды. 1996 жылы еткен еңбегі, қол жеткізген нәтижелері ескерілді. ҚР Білім беру ісінің үздігі атанды.

    Ұлағатты ұстаз Айндин  Шахамов  бірсыпыра жылдар Жәменке орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жемісті жұмыс істеді. Оқушыларға ағылшын тілінен дәрісін берді. Рас, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдары ағылшын тілінің орны биіктеп, мәртебесі жоғарылай түскен. Ағылшын тілі – халықаралық қатынас тілі. Бұл тілді меңгерген жастың алар асуы, шығар биігі аз емес. Ұстаздық еткен жылдары көптеген шәкірттерін қиясына қанаттандырды. Жолын қуған Ғайша Мұқашева, Торғын  Жақынбекова, Назгүл Сұлтанова, Мақпал Сайынова, Эльмира Әділбекова секілді шәкірттері үмітін ақтады. Олардың бәрі жоғары білім алды. Түрлі орындарда абыройлы еңбек етуде. Енді бірі ағылшын тілінің мұғалімі. Атап айтқанда, Ғайша Мұқашева Алматы қаласындағы шетел тілдері институтын ағылшын тілі бойынша бітірді. Қазір Қазақтың қыздар педогогикалық университетінде студенттерге ағылшын тілі пәні бойынша дәріс береді. Назгүл Сұлтанова мен Мақпал Сайынова өздері білім алған шетел тілдері институтында еңбек етіп жүр.Эльмира Әділбекова мен  Торғын Жақынбекова  аудан мектептерінде  оқушыларға ағылшын тілі пәні бойынша сабақ беруде. Кеген ауданындағы Ы. Көшкінов атындағы орта мектепте жұмыс істейтін Торғын мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

   Айндин Шахамов бір орында кідіріп қалмай үнемі ілгері аттап, үзбей еңбектенуді жөн көретін ұстаз болатын. Мерзімді басылымдарды, педогогикалық  басылымдарды қалт жібермейтін. Әдеби кітаптармен де сырлас еді. Ел мен жердің шежіресінен де құры алақан болған жоқ. Жүрген жерін шуағына бөлеп қана жүрді. Отырған ортасына тамаша көңіл-күй сыйлаушы еді. 2013 жылы Талдықорған қаласындағы педогогикалық шеберлік орталығында Қазақстан Республикасы педогог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында бірінші деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курсынан өтті. Үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекті қалайтын мұғалімнің бұл тағы да жақсы қыры болатын.

   Әсілі, ер жігітке сегіз қырлы, бір сырлы болған жарасады. Біз әңгімелеп отырған Айекең сондай еді. Ол ауылдағы, мектептегі қоғамдық жұмыстарға бар жанын сала араласты. Өнерге де бір табан жақын ол ауылдағы мәдениет үйінің жанынан құрылған көркемөнерпаздар ұжымының белді мүшесінің бірі болды. Гитара тартатын. Аспаптық ансамбльдің мүшесі болған, ән айтқан өнерін талай-талай тамашалаған едік. Бұл Айекеңнің тамаша қырының бірі еді. Мектепте жүрген кезінде Айндин аға талай-талай сайлаулардың жүгін көтерісті. Білім шаңырағына жаңадан келген жас ұстаздарға көрсеткен қамқорлығы, тәлімі өз алдына бір әңгіме.

   Айндин Шахамов көзі тірісінде Қақпақ ауылындағы өнегелі, үлгілі шаңырақтың отағасы бола білді. Өмірлік жары ұлағатты ұстаз Гүлнұр Атамбаева екеуі 3 ұл тәрбиелеп өсірді, қанаттандырды. Келін түсірді. Көзінің тірісінде жеті немересін сүйген бақытты ата болды.

              Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,

              Кетеміз-ау, әй, кетеміз… пендеміз.

              Ұрпақтарға береміз де кезекті,

              Біз кетеміз.

              Кету үшін келгеміз,-деп  жиырмасыншы ғасырдың ғаламат, ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағанындай, 2017 жылы дәл алпыс жасына толар  шағында 18 наурызда Айндин ағамыздан көз жазып қалдық. Кеудесі білім мен ілімге толы асыл аға, ұлағатты ұстаз мәңгілік сапарына аттанып кете барды. Жанымыз ешқашан сұп-суық өлімге қимаса да Алланың ісіне еш шарамыз болмай жүрегіміз қиналды, жанарымызға жас үйірілді. Шәкірттеріне бергенінен берері көп қимас жан мәңгілік жер бесігіне бөленді. Шүкіршілік ететін жайттар бар. Өзі көп жыл еңбек еткен Жәмеңке орта мектебіндегі ағылшын тілі пәніне арналған кабинет Айндин Шахамов атындағы атаулы сынып бөлмесі болды. Туған жеріндегі Абай атындағы орта мектептің ұжымы Айндин Шахамовтай біртуар түлектерін еске түсіруге арналған игі шара ұйымдастырды. Ұлағатты ұстаз, абзал азамат, аяулы перзент  ешқашан ұмытылмақ емес. Елінің, шәкірттерінің жүрегінде жасай бермек.

                                                                                Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                                                  Қақпақ ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password