Құралайды көзге ататын мерген еді

    Бүкіл жер жүзін тентіретіп, құтын қашырған екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын кім шекпеді дейсің. Бұл бұрынғы социалистік Республикалар Одағын құрайтын он алты елдің қасіреті мен қайғысы болғаны тарихта өшпейтұғын уақиғағой. Осы әділетсіз майданға батыр бабаларымыздың Жоңғар шапқыншылығынан азат етіп алып берген көк-жасыл жазиралы Хантәңірі тауларының етегінде бейбіт бейқам өмірлерін сүріп жатқан Албан елі ұрпақтарына да тигізген қырсығы аз емес еді. Соғыс басталғаннан кейін колхоз құрып отырықшылыққа үйреніп қорабаланып қалғанда  Қошқарда Ворошилов атындағы колхозға мүше Сәлімбайұлы Темірбекке және бірнеше сол ауылдың азаматтарына шақырту қағаз келіпті. Бұл 1942 жылдың октябрь  айы еді дейді. Шақырту қағазы келгенде Темірбек әйелі Күмісжан екеуі астық өткізуге «падуат» тартып арбамен Кеген жаққа кеткен екен.  Содан соң ауылдағы қалған шақырылған адамдарды арбаға дорбаларын салғызып өздерін Қошқардан батыс жаққа Көміршіге қарай алып жүріпті. Көміршіден өткенде әлгілердің алдынан Темірбек жолығыпты да мәнжайды ұғып, әйелімен қоштасып, «ей Күмісжан қош сау бол мен бұлардан қалмаймын. Мылтық қолымда болса кеудем жанымда»-деп әлгі ауылдастарымен бірге соғысқа аттанып кете беріпті. Бұл Темірбектің бірінші ерлігі болса, одан кейін соғыс шеңберіне барғанда мылтық ату сынағында көзге түсіп оны мергендер дайындайтын орында он күн сауаттандырып мергендер ротасына қабылдапты. Соғысты Сталинград майданының жеңісімен тұспа-тұс бастаған Сәлімбайұлы Темірбек Украийн майданының батысында 1943 жылдың июнь  айында екі рет жарақат алып аяқтаған екен. Аппақ киім киіп неше жорықтарда көптеген неміс мергендерінің көзін жойып құрметке бөленіпті. Өз дәрежесіне қарай орден, медальдармен марапатталыпты. Еліне аман оралған Темірбек Сәлімбайұлы бес қыз бір ұл өсірді. Қазіргі уақытта немере, шөберелері өсіп өркендеп жатыр.  Соғыстан оралған соң өзі құрған Воршилов атындағы колхозға әйелі Күмісжан темір ұстасы болып істеді. Ал өзі әр түрлі қиын жұмыстарды істеп жүріп, содан соң  кейінгі отыз бес жыл уақыт жылқы бағумен айналысты. 1901 жылы туылып жетім өскен Темірбек Сәлімбайұлы 1983 жылы өмірден өтті. Ол 82 жаста бар ғұмырын  отанының және ұрпақ болашағының бақыты үшін тәрк еткен  аңыз адам. Әрі абыз адам ретінде мәңгі есте сақталады.

        Ұлы жеңістің 75-жылдық мерекесі осы жанкешті адамдардың ерлігінің арқасы еді. Мұны қазіргі жас ұрпақтары естіп мақтан ете жүрер. Осы ұлылардан алатын үлгі болса алып, ел-жұртына сол аталарындай қызмет етсін. Отандарын оттанда ыстық деп сезінген ардагерлер қазір жоқ. Олардың рухын асқақтату ұрпағының міндеті болсын.

Нұрлан Әкімбайұлы,

Талас ауылы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password