Қуаттаймыз-қолдаймыз!

      Ауызбірлік  адастырмайды

     Бүкіләлемдік кесапатқа айналған аты жаман ауру күн өткен сайын құлашын жаза түсіп, алаңдаушылықты үдете түсуде. Теледидар мен интернет арқылы таралып жатқан хабарларды көріп, тыңдаған сайын өне-бойды үрей билеп отырған жайттардың бар екенін де жасыруға болмайды. Осы орайда, бәріне де төзімділік пен табандылық танытып, өзімізді өзіміз қорғауға міндетті екенімізді естен шығармағанымыз абзал. Жаратқан Алла да сақтансаң сақтаймын демеуші ме еді. Сондықтан төтеннен келген кеселдің бетін қайтару үшін әрбір адам өнебойын, айналасының тазалығын бірінші кезекке қойып, басты назарда ұстауы керек. Мемлекет тарапынан енгізілген төтенше жағдай мен денсаулық сақтау саласынан жасалынып жатқан шаралардың аса қажеттіліктен туып отырғанын түсінгеніміз, мүлтіксіз орындалуына мүдделі болғанымыз жөн.

      Қазір еліміз бойынша кісі аяғы көп жүретін орындардың бәрі жабылды. Бұл дегеніңіз адамдардың еңбектен уақытша болса да шеттетілгенін білдіреді. Ал,күнделікті нәпақасын маңдай терін шүмектете төгу арқылы тауып жүрген азаматтардың жай-күйі қалай болмақ. Осыған орай ағымдағы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына мәлімдеме жасап, елді бірлікке, сабырлы болуға шақырғаны күпті көңілге шуақ, бойға қуат бергені анық. Мәлімдемені халық ыстық ықыласпен қабылдады деп білемін өз басым.

      Қ.Ж. Тоқаев жұмыстан уақытша шеттетілген адамдардың бәріне көмек көрсетілетінін, белгілі мөлшерде қаржылай қолдау жасалатынын, емдеу ісіне де айрықша көңіл бөлініп, оңтайлы шешу үшін қажетті салалардың бәріне де мемлекет тарапынан миллиардтап қаржы бөлінгенін жеткізді халыққа. Мемлекет басшысының мәлімдемесіне ауызбірлік танытып, төтеннен келген кеселдің бетін қайтару, сол арқылы өмірімізді сақтап қалу бәрімізге ортақ міндет екенін сезіне білейік демекпін.

                                                                      Нұрболат  ТАУБАЛДИЕВ,

                                                                      кәсіпкер,

                                                                     Текес ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password