Қос  алыптың  аналары  ардақталды

   Дара  дарын, тума  талантымен  қазақ  әдебиетінің  төрінен  ойып  тұрып  орын  алған, сөйтіп, иісі  қазақтың  мақтанына  айналған  қос  алып  Бердібек  пен  Мұқағалидың  мұралары өзінің  шыққан  биігін  аласартпай, жас  ұрпақтың рухани  құндылықпен  мейлінше  сусындауына  жол  ашып  келе  жатқаны  анық. Заман  өзгеріп, уақыт  ауысқан, әдебиетке деген  сұраныстың  төмендеп, жандүниенің  рухани  азығы  саналатын кітаптің қадір-қасиеті аласарып    бара  жатқан  дәл  бүгінгідей  алмағайып  кезеңде  қос  алыптың  қаламынан  туған  құнды  дүниелер  қолдан-қолға  өтіп, өз  бағасын  жоғалтпай  келе  жатқанын  қалай  мақтаныш  етсек  те орынды. Ал, талантымен  тамсандырған классиктерді осынау дүниге  әкеліп, адами  құндылық  пен  таңғажайып  талантты  ақ  сүттері  арқылы  сыйлаған  аналары жайлы  сөз  етіп, өмір  жолдарын дәріптеуге  онша  құнтты  бола қоймағанымыз  да  жасырын  емес. Жазушы  да, ақын да  аналарын  ардақтап, шығармаларында оларды  сол  бір қиын-қыстау  кезеңмен салыстыра  суреттегенін, сөйтіп, ана  алдындағы  парыздарын  өтегені белгілі. Қос  алыптың  аналары  Әсбет  Сембайқызы  мен  Нағиман  Батанқызындай асыл  жандардың  есімдерін  есте  ұстап, ұлықтай  білу  ендігі  жерде  бүгінгі  ұрпақтың  мойнында  екенін  ұмытуға  әсте  болмайды.

      Жуырда  аудан  орталығындағы  Б. Соқпақбаев пен  О. Жандосов  орта  мектебінде қатар  өткен игі  шара  жоғарыдағы  ойымызды  нақтылап  берді. Қашанда  ел  ішінен  табылып, көңіл  көркейтер  бастамалардың  басықасында  жүретін «Ұлағатты  ұрпақ» қорының  ұлтжанды  азаматтары  бұл  жолы  да  ұрпаққа  үлгі  боларлық  шарапатты  шараны  іс  жүзіне  айналдырып, қалың  қауымның  ыстық  ықыласын  арқалады. Атап  айтқанда  Б. Соқпақбаев  атындағы  орта  мектеп  ішінен  қыздарға  арналған  еңбек  кабинетін  ашып  берді. Және  мектеп  әкімшілігімен  келісе  отырып, еңбек  кабинетіне балалар  әдебиетінің  классигі  Бердібектің  анасы Әсбет  Сембайқызының  атын  беру  жөнінде  ортақ  шешім  шығарды.

Бұл  күні  бұрын-соңды  болмаған  осынау  шараға  «Ұлағатты  ұрпақ» қоры  мен  мектеп  ұстаздарының  шақыруымен  ақиық  ақынның  баласы  Жұлдыз  Мұқағалиұлы, жазушының  іні-қарындасы  Ержан, Несіпқан  Аманбаевтар, «Ұлағатты  ұрпақ» қорының  құрылтайшысы  Бақытжан  Суанбеков  келіп, айтулы  шараның  қуанышын  көпшілікпен  бөлісті. Алыптардың  аналарының  құрметіне  арналған  шара  мектептің  жас  домбырашыларының   күмбірлете  шерткен күйімен  басталды. Күйшілер шерткен  «Балбырауынға» балқып, «Серпермен»  серпілген  меймандар  дәлізге  қойылған  қос  алыптың  шығармашылығына  арналған  көрмені тамашалады. Келесі  сәтте  мектептің  жиын  залынан  орын  алды. Шараны  Б. Соқпақбаев  атындағы  орта  мектептің  директоры  Гүлмира  Төлегенова  ашып, мәні  мен  мақсаты  жайлы  көпшілікті  құлағдар  етті.

— Құрметті  көпшілік, ұлттың  бүгіні  де, ертеңі  де  тәрбиелі, білімді  ұрпаққа  байланысты. Қазақта «Болайын  деген  баланың  бетінен  қақпа, белін  бу»,-деген аталы  сөз бар. Жас ұрпақтың  сана-сезімін, ұлттық  психологиясын  ата-бабаларымыздың  салт-дәстүрімен  сабақтастыра  отырып  тәрбилеудің  маңызы  зор. Осы  бағытты  мақсат  еткен «Ұлағатты  ұрпақ» қоғамдық  қоры біраз  игілікті  шаралардың  басын қайырып  жүргені  аудан  жұртшылығына  аян. Оқу  жылының  әр тоқсаны  аяқталғанда  оқушылар  мен  ұстаздарға  шәкіртақы  үлестіріп, алғыс  хаттармен  марапаттауды  дәстүрге  айналдырған. Елінің, жерінің, ұрпағының  болашағына  алаңдап, ұлттық  мүддемізді  ұлықтап, салт-дәстүрімізді  насихаттап  жүрген осындай  елін  ардақ  тұтқан  азаматтар  барда, олардың  ісін  алға  қарай  жалғап,үміттерін  ақтайтын  ұрпақтар  болмауы мүмкін  емес,-деген  мектеп  директоры қыздардың  еңбек  қабинеттері  тігіншілік  пен  тамақ  жасауды  үйрететін  асхана кабинеті  болып  жабдықталса, болашақ  дизайнерлер м ен  тігіншілер мектеп  қабырғасынан-ақ қалыптаса  бастауы  тиіс. Жаңа  заманға  бейімделген  қыздарымызды  салт-дәстүрмен  сабақтасуға, қолөнерге  баулысақ  деген  ниетпен  өз  жерімізден  шыққан  ұлтжанды  азаматтарымыз  мектебімізде  қыздарға  арналған  еңбек  кабинетінің ашылуына зор  үлес  қосуда,-дей  келе  осынау  игілікті  іске  мұрындық  болып  отырған  «Ұлағатты  ұрпақ» қоғамдық  қорына  мектеп  ұстаздары  мен  шәкірттері  атынан  алғысын  білдірді. Келесі  кезекте  сөз  тізгінін  ұстаған  аудан  әкімінің  орынбасары  Нұрбол Сағатбекұлы  мен  республикалық  «Нұр  Отан»  партиясы  аудандық  филиалы  төрағасының бірінші  орынбасары  Гүлнара  Арипова бүгінгі  басқосудың  мәні  мен  маңызын  сөз  ете  келе, осынау  шараға  алыстан  ат  терлете  келген  азаматтарға «қош  келіпсіздер» деген  ыстық  ықыласын  арнаса, «Ұлағатты  ұрпақ» қоғамдық  қорының  құрылтайшысы  Бақытжан  Суанбеков, аталған қордың  мектеп  оқушыларына  деген  қамқорлығының  мақсаты  жайлы, оған  өзінің  қаншалықты  қатысы  бар  екенін  тілге  тиек  етті. Ақиық  ақынның  ұлы  Жұлдыз  Мақатаев  осынау  қос  алыптың  аналарын  есте  сақтау  мақсатындағы  игі  бастаманың қадамына  сәттілік  тіледі. Және  өзі  ала  келген  кітаптарын  екі  мектепке  естелік  ретінде  тарту  етті.Мінбеден  орын  алған  Бердібектің  қарындасы  Несіпқан  Аманбаева жазушының  өзі  куә  болған, оқырман  біле  бермейтін  қырларынан  сыр  шертті. Сондай-ақ, ҚазМу-дің  профессоры Талдыбек  Нұрпейіс, Алматы облыстық мұғалімдер

білімін жетілдіру  институтының  директоры Мұхтар Кеңесбаев сияқты меймандар да өз ойларын ортаға салып, игі бастаманы қуана  құптайтындарын білдірді.

— Таулы  өңіріміздің  жас  буындары  мектеп  қабырғасында  өте  жақсы  оқиды. Біліммен  қатар өнер  мен  еңбекті  де  ұштастыра  біледі. Бірақ, мектепті  бітіріп, Алматыға  барған  соң, жұтылып  кетеді. Алған  білім  де, өнер  мен  еңбекқорлық  та  жайына  қалғанына куә  болып  жүрміз. Оның  соңы  ұлтымызға  тән  салт-дәстүрдің  жастар  тарапынан  бағаланбай  қалуына  соқтыруда. Бүгінгі мектеп  ішінен қыздарға  арналған  еңбек  кабинетін  ашуымыздың  басты  себебі  де, сол  ұлттық  өнерді  қыздарымыз  ертең  біреуге  алақан  жаймай, осы  жерден  үйренсе  деген  ниет,-деп сөзін  түйіндеген  «Ұлағатты  ұрпақ» қоғамдық  қорының  президенті Жәнібек Сауданбекұлы жаңадан  ашылған  еңбек  кабинетіне  құтты  болсын  айтты.  Ол  сонымен  қатар  озат  оқушыларға  шәкіртақы  тағайындаудың  дәстүрге  айнала  бастағанын, өнеге  алар  өркенді  істің  осы  жолы  да  жалғасын  тауып  отырғанынан, және  сауапты  іске мектеп  мұғалімдерінің  де  демеушілік  танытқанын  көпшілікке  жеткізді. Жиын  барысында  аталған  мектептің ұздік  оқушылары «Ұлағатты  ұрпақ» қоғамдық  қоры  тағайындаған  шәкіртақы және  мақтау  қағаздарымен  марапатталып, қуанышқа  кенелді. Бұдан  кейін  көпшілік  қыздарға арналған  еңбек  кабинетінің ашылу  салтанатының  куәсі  болды. Есіктің  құсындағы қабырғаға «Әсбет Сембайқызы  атындағы  қыздардың  еңбек  кабинеті» деген  тақтайша  ілінген  жаңа  кабинеттің лентасы  қиылып, шашу  шашылды. Қоғамдық  қордың  мамандары  уақыт  талабына  сай  жабдықталған  еңбек  кабинетінің  өздері  жасап  әкелген  алдағы  жұмыс  жоспарларымен, оқу  құралдарымен  таныстырды.

Сондай-ақ,  шара  барысында  думаншыл  қауым  оқушылар  дайындаған  «Балалық  шаққа саяхат» кітабындағы  жазушының  анасы  суреттелетін жерінен көрсетілген қойылымды  тамашалады. Сонау  отызыншы  жылдардағы  алмағайып  кезең, күнкөрістің  қиындығы, жоқшылық  пен  ашаршылық, Ыдырыс  үйінің  кедейшілік  хал-ахуалы, Әсбет  ананың  баласының  талған  өзегіне  талғажау  боларлық  азық  сұрап, баласын  қолынан  жетектеп көршінің  үйіне  келуі, үйлеріндегі  өздері  күнде беттерін  көріп, қажетіне  қарай  пайдаланып  жүрген  бетке  ұстар  жалғыз мүлік  айнаны  бір  табақ  ұнға  айырбастауы,  бәрі-бәрі  оқушылардың  қойған  сахналық  көрінісінде  шебер  әрі  нанымды  орындалды. Тіпті, Балауса  мен  Мерейдей  жас  өнерпаздардың  ана мен  баланың  рөлін  шеберлікпен  орындалғаны  соншалық, қойылымды  жүрекпен  қабылдаған  көрермендердің  көңілдері  босап, көздеріне  жас  үйірілді. Ақжол  Мүсілім, Ақпейіл  Мүсілім, Дана  Бектұрсын, Аружан  Ұзақ, Торғын  Мұқаметова  сияқты  оқушылар  Мұқағали  ақынның  парасат-пайымға құрылған  өлеңдерін  нақышына  келтіре  оқыса, Тоқжан, Балым  сияқты  күміс  көмей  әншілер  ақын  өлеңіне  жазылған  әндерді  тамылжыта  орындады. Мың  бұралған  бишілер де  өнерлерін  ортаға  салды.

Айтулы  шара  бұдан  кейін  О. Жандосов  атындағы  орта  мектепте  жалғасты. Салтанатты  жиынды  мектеп  директоры  Нұрбақыт  Шәкенов  ашып, білім  шаңырағының   бүгінгі тыныс-тіршілігімен  таныстырды. Аудандық  білім  бөлімінің  басшысы  Саят  Үмбетәлиев  жас  буынның өнер-білімге  деген  құштарлығын  арттыруға  өз  тараптарынан  лайықты  үн  қосып, қолдау  көрсетіп  келе  жатқан  «Ұлағатты  ұрпақ» қоғамдық  қорына, оның  басы-қасында  жүрген ұлтжанды  азаматтарға ризашылығын  риясыз  алғысымен  жеткізді. Сол  сияқты  қордың  демеушілігімен  мектептен  ашылып  отырған  «Нағиман  Батанқызы  атындағы  робототехника  кабинетінің»  жаңашыл  жас  буынның  өнер  мен  білімді  ұштастыра  меңгеруіне  үлкен  көмек  болатынын  да  шын  көңілімен  жеткізді. Мұнда  да мектептің  көптеген  үздік  оқушылары қор  тағайындаған  шәкіртақымен  шаттанып, мақтау  қағаздарымен  марапатталды. Жаңа  ашылған робототехника  кабинетінде осы  мектептің  өнертапқыш  оқушыларының  өздері  ойлап  тапқан роботтарының  жұмысы  көпшілікке  ұсынылды. Ұрпақ  болашағына  бағытталған  шара  әсем  әнмен  айшықталып, өлең-жырмен  өрнектелді.

      Иә, «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы  аясында  ел  ертеңін, ұрпақ  болашағын  өздерінің  өзекті  мәселесіне  айналдырған  «Ұлағатты  ұрпақ» қоғамдық  қорының  аспантаудың киелі  қос перзенті Бердібек  пен  Мұқағалидың  аналарына  арнап  екі  мектептен  өнер  мен  еңбекке  арнап  ашқан  кабинеттері оған  куә  болған  жалпақ  жұрттың  қызығушылығын  тудырды. Ықыласына  бөледі. Осынау  ұлағатты  істі  қолға  алған  ұлтжанды  азаматтардың  ізгілікті  ісіне  сәттілік  тілесіп, қос  алыпты  дүниеге  алып  келген  аналардың   әруағы  қолдай  берсін  деген  ниетті  әркімнің-ақ, көкірек  көздері  айтып, ақ  дидарлары аңғартып  тұрды. Іске  сәт, дейміз  біз  де!

Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ, «Хантәңірі»

                                                                                             Нарынқол  ауылы.

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password