Қарымды қаламгер — Тілеужан Смағұлұлы  ұрпақ жадында

      Саналы ғұмырын қазақ халқының мүддесі мен ұрпақ тәрбиесіне, қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға арнаған әдебиетші, ұстаз, тіл жанашыры Сақалов Тілеужан Смағұлұлының жүріп өткен өмір жолы бүгінде «Даналық даңғы­лына» айналды.

Тілеужан Смағұлұлы «Таң­жарық пен Қойдым», «Шарғын мен Асылхан», «Жамбыл мен Айкүміс» айтыстарын зерттеп, «Шығыс түркістан қазақ­тары әдебие­тінің тарихы» атты диссертациясымен өзіне дейінгі ұстаз-ғалымдардың ғылы­ми-зерттеу шығармашылығы мен ұстаздық-қайраткерлік жолын жалғастырған әдебиет­танушы және ағартушы ұстаз ретінде дүйім жұртшылыққа кеңінен таны­мал.

Сақалов Тілеужан Смағұлұлы 1930 жылы 15 маусымда Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1931 жылы анасымен бірге Қытай еліне қоныс аударған Тілеужан Смағұлұлы, шетте жүрсе де туған елі мен жеріне, ана тіліне деген махаббаты өрши түспесе өшкен жоқ. Қайта шетелдегі қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісіне ат салысып, әдеби шығармашылықпен айналысты. Жазған өлеңдері, әңгімелері, ғылыми зерттеулері мен сыни мақалалары «Іле», «Шыңжаң», «Шыңжаң оқу-ағартуы» газеттерінде, «Алға» журналында жиі жарияланып отырды.

1961 жылы ата жұртқа оралғанға дейінгі кезеңде Шыңжаң жазушылар одағына мүше болған Тілеужан қытай, өзбек, ұйғыр, қырғыз және орыс тілдерін жетік меңгерген өте сауатты, қаламы қарымды әдебиет сыншысы болған.

Біз жалпы қазақ халқының өміріндегі қуғын-сүргінді сөз еткенде, кеңестік саясаттың құрбандарын көбірек тілге тиек етеміз. Шын мәнінде, Шыңжаң қазақтарының басында да қытайлық қуғын-сүргіндер өте көп болған. Дәл сондай қилы заманның бел ортасында жүріп, қолынан қаламын тастамаған Тілеужан Смағұлұлы аумалы-төкпелі кезеңдерде шетел асқан Шыңжаң қазақтарының қилы тағдырын, ұлтымыздың азаттық жолындағы жанкешті арпалысын, әділетсіздік жолындағы небір сорақылықтарды, Қытай ұлықтарының озбырлық әрекеттерін өз көзімен көрді.

Өмірінің ең соңғы сәтінде барлық қол­жазбасын аманаттаған ескі досы әрі әріптесі Естеу Нүсіпбектің мәлімдемесіне сүйенсек, Тілеужан Смағұлұлының ғылыми, әдеби шы­­ғармашылығы мынадай төрт саланы қам­тиды екен.
1. Қытай қазақтарының тарихы мен әде­биеті;
2. Өзінің қаламынан шыққан айтыстары мен өлең­дері;
3. Ел ішінен жинаған ақын, жырау, ше­шендердің, батырлардың тарихы мен жер тарихы, ел та­ри­хы жөніндегі өлеңдер, жырлар, дас­­тандар, айтыстар, аңыздар;
4. Өзінің өмір жолы, ата-бабалары, дос-жарандары, ұстаздары, замандас­тары туралы естелік жазбалар.

Ұстаздық қызмет-абыройлы, мерейлі қызмет десек те, бұл салаға екінің бірінің бұрыла бермесі анық. Оқу-ағарту ісі, білім-ғылым жолы қиын, әрі бұралаң-қалтарысы көп күрделі жол. Бірақ өз өмірін әділетсіздікпен күреске, ұстаздық етуге арнаған Т.Сақаловтың әдебиетші, ғылыми-педагогикалық қызметі елге оралғаннан кейін де 1961-1990 жылдары Райымбек ауданының мектептерінде өз жалғасын табады.

Шәкірт тәрбиелеуде олардың жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаз Тілеужан Сақалов, бүгінгі күнгі әйгілі сыншы Сағат Әшімбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері әрі жазушы-драмматург Баққожа Мұқай, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Айтақын Әбдіқал секілді белгілі қаламгерлерге ұстаздық еткен өнегелі тұлға.

Көп ішінен топжарған қаламгердің еңбегі де елеусіз қалған емес. Ол өз заманында-ақ ел ішіне игі істерімен танылып, Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, Қазақ ССР оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

Ел мен жердің азаттығын жырлап өткен, қасиетті тіліміздің, әдебиетіміздің жанашыры болған Тілеужан Смағұлұлы 1996 жылы 17 шілдеде өмірден өткенде қабырғасы сөгіліп, жан жүрегі қайғыдан қарс айырылған жан жары Жексебаева Бөпен есіл ерін жоқтап былайша еске алған болатын:

                       43 жыл отасқан ,

                       17 жаста қосылып,

                       Өмірдегі  серігім,

                       Бір күнгідей болмады,

                       Өзіңмен  өткен  өмірім.

                       Қабырғам  қатты  сөгілді,

                       Жан  серіктен айрылып.

                       Қалтырап  жаным  күйзелді.

                       Жан  жарымнан  адасып,

                       Бір  қартайсақ  деуші едік,

                       Тілекті  Алла бермеді.

                       Дүние  шіркін  опасыз,

                       Осылай  барып  сөн  деді.

                       Жоқтау  айтып  азырақ,

                       Тарқатайын  шерімді.

                       Орт ақтасып  қайғыға,

                       Сыйлаған  сені  еліңнен

                       Айналып  қана  кетейін.

                       Бәрі  келді  дос — жаран,

                       Атадан  жалғыз  туғанға.

                       Қайғыға  ортақ  халайық

                       Рахмет  еліңе,

                       Ортақтасқан  қайғыға.

                       Сабыр  -тағат  қылайын

                      Қайырын  берсін  артыңа.

                      Иман  берсін  бір  Алла – деп

                      Еске  алады  жұбайың.

2014 жылы атамыздың аяулы жары Бөпен Жексебаеваның жинақтауымен, марқұм немересі Қазбек Думанұлының демеушілігімен Тілеужан ақынның шығармалар жинағы «Мерей» баспасынан  336 беттен тұратын  500 дана таралыммен жарық көрген еді. Биылғы жылы торқалы тоқсан жылдығына орай, ұрпақтары Тілеужан Смағұлұлының алдыңғы кітабына енбей қалған шығармалары мен естеліктерінің жинағын шығаруды жоспарлап отыр.

Тілеужан Сақалов қазақ әдебиеттану ғылы­мының тарихында ХХ ғасырдың  екінші жартысында қазақ әдебиетінің ғылыми жү­йе­сінің негізін қалаған, өткен дәуірдің ақын-жазушыларының азды-көпті дүниесін түгел түгендеген, сөйтіп кезең әдебиетінің тарихын жасаушы аса көрнекті ізденімпаз, ұстаздардың ұстазы ретінде рухани мәдениетімізден өз орнын алды.

Бүгінде 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні«ұлтым» деген қазақ арыстарын еске алумен қатар, олардың өмірі жайында бүгінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып отырған, тарихтың қойнауына саяхат шектірген, әдеби естеліктерімен, ойлы зерттеулерімен халық жүрегінен жол таба білген осындай азаматтарды да ұрпақ жадында жаңғыртып отыру біздің балалық парызымыз.

Бүгінгі күн ертеңгі тарих екенін ескерсек, тарихымызды білу, оны зерттеу бүгіннен бастау алатынын ұмытпай, бабалар салған сара жолды насихаттауда, оны халық санасында жаңғыртуда бірлесе еңбек етейік…

Бақытбек Төлегенұлы,

Еңбекшіқазақ ауданы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password