Қарлығаштар қанат қақты

     Маусым айының төртінші жұлдызында ауданның барлық білім ордаларында 2019-2020 оқу жылының «Соңғы қоңырау» мерекесі өтті. Бұл күн 11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, балалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектердің алтын ұя мектебімен  қоштасу күні.

     Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» – деп жас ұрпақ пен ұстаздарға  үлкен сенім мен зор жауапкершілік артқан болатын. Бір ғана қазақ халқы емес, әлемді әбігерге салған бүгінгі пандемия жағдайында білім саласында  бірқатар өзгерістер орын алғаны белгілі. Осындай қиын заманда цифрландыру аясында балаларымыз қашықтықтан оқуға мәжбүр болды.  Ұстаздар да сын сағатта тығырықтан жол таба білді. Білім мен тәлім үйренуге қиындық атаулы қамал болмайтынын көрсетті. Әрине, бұл жағдайда ұстаздардың еселі еңбегі ерлікке баланады.

   Аудандағы  Б. Соқпақбаев атындағы орта мектептің «Біргеміз: ТҮЛЕК-2020» атты салтанатты жиынына аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов қатысып,  бітіруші түлектерді құттықтады. «Жалпы орта білім беру туралы аттестаттарын табыс етті. «Қамқор-2» кәсіподағының басшысы Ұлықпан Әбек, аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиев,  Б.Соқпақбаев атындағы орта мектептің  директоры Гүлмира Төлегенова  түлектерге  сәт-сапар тіледі.

        Ауданда 19 орта, 1 негізгі, 2 бастауыш мектеп бар.  875 мұғалім 5902 оқушыға білім берді. Биылғы  мектепті 240 түлек бітірді. ҰБТ- тапсырушы түлектер-215. Соның ішінде 27 білім алушы «Алтын белгіге», бесеуі «Үздік аттестатқа» үміткер болды. Негізгі орта мектепті бітірушілер саны-501 болса, 65 білім алушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында.

       Сонымен қатар, аудандық әкімшіліктің  кіші залында қуаныш құшағы гүлге толған алтын белгіге үміткерлер аудан әкімінің қабылдауында болды. Аудан бойынша  алтын белгіге үміткер  түлектерге  жалпы орта білім туралы аттестаттарын салтанатты түрде табыстап,төс белгілерін тақты.

   – Алтын белгі иегерлерінің санын арттыруымыз қажет. Ол үшін оқушыларға да, ұстаздарға да жүктелер міндет көп.  Алдағы уақытта ҰБТ-дан сүрінбей өтіп,  аңсаған оқу орнына түсіп, аудан атын асқақтата беріңдер,– деді аудан басшысы.

   Салтанатты шара соңында аудан әкімі, мектеп директорлары мектеп бітірушілермен  естелік суреттерге түсті.

Елдос Ахметжан,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password