Қарашығы қара өлеңге тұнған қыз

 

Жуырда мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Астанамыздың төрінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты жобасының жеңімпаздарымен кездескен болатын. Салтанатты шараға ақын, Елбасы қоры өткізген, «Алтын тобылғы» әдеби байқауының жүлдегері, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мақпал Мыса да қатысты. 

Ауылдас, әрі сырлас болған Мақпал әпкеммен үлкен шаһарда талай мәрте жүздесіп, жалынды жырларын жалықпай тыңдайтынмын. Жүректен шыққан жырлары жүрек қылын тербемей қоймайды. Тәңіртаудың етегінде өскен тау қызы үшін Мақпал әпкенің туған жерге, елге арналған өлеңдерін тыңдасам сағынышым сәл де болса сейілетін. Осындай туған жерге деген «ұлы махаббат» мені 25 жылдан кейін туған елге оралтты. Оған Мақпалдай ақын қыздың өлеңдері себепші болды десем, жалған айтпаған болар едім. Жырларынан бойындағы бар болмысы байқалып тұратын, сезімтал, ақ жүрек ауыл қызының жетістігін естігенде, қуаныштан төбем көкке жеткендей болды. Шынайы еңбетің жемісі әрқашанда өз нәтиежесін көрсететініне тағы бір мәрте көзім жетті. Елбасының алдында лайықты бағасын алып, ел мақтанышына айналған  жатқан Мақпал қызды аудан халқының атынан шын жүректен құттықтаймыз.

Айта кетейік, «Мейірім мен пейілге, шапағат пен нұрға толған қазақы ауылдың жан-жүрегін сезініп өскен» Мақпал Мыса – Нарынқол өңірінің тумасы. 1983 жылы 26 желтоқсанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдері облыстық «Толғауы тоқсан туған тіл», «Поэзия, менімен егіз бе едің?», Республикалық «Өмір өрнектері», «Жас толқын» жинақтарына енген. «Алақандағы бақыт» «Мен керекпін», «Аспандаудың көктемі» жыр жинақтарының авторы. Облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Республикалық Абай оқуларының, 2011 жылы Ақсу ауданының 80 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның бірінші орын иегері. Қобызшы Молықбай атындағы сыйлықтың лауреаты, М.Мақатаевтың 80 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай Павлодар қаласында өткен жас қаламгерлер фестивалiнде Майра Уәлиқызы атындағы сыйлықтың иегері атанған аспантаудың аруы. Өткен жылы ақын Ресей Жазушылар одағы М.Лермонтов атындағы комитеттің шешімімен балқар ақыны Керим Отаров атындағы алтын медальдің иегері атанды.

Мақпал Тәжмағамбетова – ақын, жазушылар және журналистер Одағының мүшесі. Сонымен қатар, балалар энциклопедиялық кітаптарын аударып, редакциялаған. Оның өлеңдері ағылшын, түрік, татар, башқұрт, орыс, қырғыз, әзірбайжан және испан секілді түрлі әлем тілдеріне аударылған. Өлеңдері испан, әзірбайжан, орыс антологиялық кітаптарына енгізілген. «Алтын тобылғы» байқауында бас жүлде алған және үш тілге аударылған «Шоған Абыз» поэмасыда оқырманға назарына ұсынылды.

«Мені «100 жаңа есім» жобасына өзім тұрып жатқан Қапшағай қаласының қалалық кітапханасы ұсынған болатын. Өзімнің осындай дәрежеге көтеріліп, «100 жаңа есімнің» 29 жеңімпазының қатарына іліккеніме қуандым. Сол деңгейге жетуім үшін дауыс берген оқырмандарыма, халқыма, барлық тілекші жандарға айтар алғысым шексіз. Біз тәуелсіздік тудырған есімдерміз. Алаштың рухы болып  қайнаған қара қазанның суы сарқылған жоқ. Бүгінде мен сияқты қалам тербеп жүрген жастар – сол қасиетті судың бір-бір мөлдір тамшысы» — деп ойын үлкен тебіреніспен жеткізген ақын қыз, қолдау білдірген барша оқырмандарына алғыс білдірді.

«Нарынқол өңірінде ақ күмістей сақалын салалап қойып, тереңнен тартып, елдік жайлы толғанатын Бекберген атамды білмейтіндер кемде-кем. Қазақ үшін аңызға айналған Шоған абыздың тікелей ұрпағы деп ұялмай көрсететін, ХХІ ғасыр табалдырығын аттап, бақиға аттанған атамның көкірегінен сыр, көңілінен жыр төгілуші еді. Атамның тізесінде отырған бүлдіршін кезімнен ғасырлар үнін тыңдап отырғандай күй кешуші едім. Сол ауыл, сол туған үй, сол дария маған алғаш қалам ұстатты. Тырнақалды дегенде, туған жер, аспантау жайлы өлеңдер еді ғой. Бүгінгі көзбен қарағанда, көркемдігі төмен болса да, өзіме сондай ыстық» дейтін Мақпалдың өлеңдерінде туған жерге, аспантауға деген сағыныш бар.

Өмірде дүниесі түгел  адамның да жан-жүрегін сыздатар мұң болады. Адам жаны тазармай, дүние тазармайды. Ал, өлең осы бір сезімдерді ширықтырып, тамыршыдай дөп басып, жанарға жас әкеледі. Адамзатқа ортақ сезім. Түйіні – мейірім. Біз шөліркеп жүрген мейірім. Елбасының алдында толғаныспен оқыған «Алыстама»  өлеңі – жүрек түбіндегі жаңғырық. Бейнебір алыс-алыс асулардан талып естілетіндей жан дауыс. Үміт. Мәңгі ажырамас байланыс. Өлең өлмес ғұмыр — махаббат екенін айтып тұр…

         Өзіңізді өрге жетелер, елдің рухын көтерер осындай сәулелі сәттер жаныңыздан ешқашан алыстамасын ақын қыз! Назарларыңызға Мақпал Мысаның Елбасының алдында оқыған өлеңін ұсынып отырмыз.

Айнаш Әлдибекова,

Қайнар ауылы.

 

Сен менен алыстама!

… Қайда мені бастайсың ғарышқа ма?
Досқа да айтпас сыр еді танысқа да.
Сағынышым сарғайған сағымдардай,
Сен менен алыстама!
Оттай шарпып өтетін жалын іштен,
Сағым ба едің, сарғайған сағыныш па ең?
Жанарыңда жаhұттай жасын ойнап,
Бақыттың балын ішкем.
Түрен тартқан тіршілік тұр өңіңде,
Бір сөз айтып қалсаңшы жүреріңде.
Өмір зулап барады көз алдымда,
Өлең тулап барады жүрегімде.

Арай сыйла сен маған ай күн ұсын,
Өзiңменен күнiм күн, ай тынысым.
Бұл өмірге келгенбіз біздер бәлки,
Бақыт әнiн қосылып айту үшін.

Тұнжырап тұр таныс қыр, таныс қала,
Арна керек алқынған ағысқа да.
Өмір жайлы өлеңді мен бастайын,
Сен менен алыстама!

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password