Қандастаымыздың Мұқағалиға ықыласы жоғарыр

Нұрмұқан Жанұзақұлы, Қытайдан Атамекенге біржола қоныс аударған ақынның бірі, әрі сыншы. Әрі ақыиық ақын Мұқағали Мақатаевті зерттеуші, Қытай Қазақтарына таныстырушы, нәсихаттаушы. Ақынға арналған газеттің бүгін айқара бетінде журналист жерлесіміз Жексен Алпартегінің қандас бауырымызбен ақиық ақын жайлы сұхбатын оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.   

– Нұрмұқан аға! Мұқағали поэзиясын Қытайда насихаттаушылардың бірі және бірегейі екенсіз. Атамекеніңізге келіп көңіліңіз орнына түсті ме?

–Көңіл орнына түскенде қандай?  Ата-бабаларымыз туған жерге келдім емес пе? Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған бұл бақытты ұлы күнді ақыр көрдік. Ұлтымыздың тәуелсіздігінің арқасында аңсаған арманға қол жеткіздік. Тәуелсіздік болмаса, барлығы болмас еді… біз қайда, сіз қайда? Енді бүгінгі айтарымызға келелік!

   Тау тұлғалы ақын Мұқағали Мақатаевтың «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты жыр кеші 2009-жылы 25 қазанда Шынжаңның Үрімжі қаласындағы ең үлкен, өлкелік концерт залында, салтанатты жоғары деңгейде өтті.  Жыр кешін Үрімжі қаласының «Жаңа әуен» компаниясының президенті Ербосын Нұрмұқанұлы мен Қазақстандағы Мұқағали Мақатаев атындағы халқаралық қоғамдық қоры бірлесіп өткізді. Ақынның жыр кешіне Үрімжі қаласындағы барлық қазақ қатынасты, әрі атсалысты. 2000 орындықты концерт залынан ине шаншар орын қалған жоқ. Отырғаны отырып, отырмағаны тікесінен тік тұрып кешті көрді.

      Жыр кешіне, ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Қадырбайқызы және басқа да құрметті қонақтар қатынасты. Екі жарым сағатқа созылған ақын кешінде, 22 ән орындалды. Оның 17-сі  Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндер еді. Әр бір ән орындалып болғаннан кейін ақын өлеңдері оқылып, жыр шумақтары жалғасып жатты. Жыр кешінің сәтті өтуі мен ұйымдастыру барысына менің де белгілі себептерім болды.

Мұқағали күллі қазақтың, адамзаттың ақыны. Осы заманғы поэзияның аспандап ұшқан ақсұңқары. Қазақ ұлтының мақтанышы. Адам жандүниесінің тұп-тұнық жыры. Біздің Мұқағалидың жыр кешін өткізудегі мақсатымыз – Ұлттың рухын биіктету, ұлтымызды әлемге насихаттау болатын.

 – Сіз Мұқағали поэзиясы Қытайдағы қазақтардың тұрмысы мен өміріне шынайы сіңіп, рухани азық болып үлге+рді дедіңіз. Осыны ашалап түсіндіре кетсеңіз?

 –Мұның жауабы көлемді зерттеудің еншісінде. Сонда да ойда барымды айтайын! Мен көшіп келгеннен бері Алматыдағы қаламгерлер және әдеби басылымдағылармен араласып жүрмін. Осыдан білгенім – Қытайдағы Қазақ оқырмандарының Мұқағали поэзиясын сүюі мен түсінуі, қабылдауы Қазақстандағы жергілікті оқырмандардан артылса артылар, әйтеуір кем түспейді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бері қазақ оқырмандары мен қаламгерлері ешкімнің ұйымдастыруынсыз, қаузауынсыз-ақ, Мұқағали поэзиясының оқуларының толқынын қалыптастырды. Қазірге дейін ақынның көлемді жыр жинақтарынан бесеуі, естеліктер мен эсселер, сын-сараптамаларынан алтауы, араптың жазуынан өзгертілген төтенше жазумен баспадан шығып, таратылды. Әр кітаптың таралымының ең төмені 3 мың дана.  Әсіресе, ғалым, профессор, баспагер Тәліппбай Қаба ағамыз құрастырып, баспадан шығарған «Қаздар қайтып барады» атты көлемді жыр жинағы он рет қайта-қайта басылып, жүз мың таралыммен таралды. Серік Дәуітұлы құрастырған «Поэзя менімен егіз бе едің?» Ыдырыс Әділқанұлы құрастырған «Аңызға айналған адам» қатарлы Мұқағали туралы эссе, естеліктер жинақтары да одан кем соқпады. Бейжің қаласындағы ақын Балапан Рабатов  «Тарғалаң тағдырлар» атты көлемді зерттеу кітабын жазып, баспадан шығарды. Хайша Тәбарікқызы, Мұқағали жырын Қытай тілінде сөйлетсе, ұйғыр, қырғыз тілінде де оның өлеңдері аударылды. Ақиық ақынның өлеңдері радиоға бейімделіп, екі жарым сағат өз даусымен оқылып,  радионың алтын қорына сақталып, тыңдарманға қашанда дайын.

    Жыр сүйер қауым Мұқағалидың кітабын таратуда қарадан ханға дейін көмек қолын созды. Санжы қаласының Ашылы ауылының егіншісі Медетқан Мұстафинұлы Мұқағали кітаптарын таратуды өзіне тәңір тапсырған міндет деп біліп, жаяу-жалпылы Шынжаңның тау-тасын аралап, таратты, әрі осыны кәсіп көзіне айналдырды. Ал ақынның жырларын насихаттаумен таратушыларды үлкен тобының құрамында ел көзіне көрінген ақын-жазушылар, баспагерлер, журналистердің үлкен тобы да бар…

– Жаңа сіз Мұқағали поэзиясының Қытайдағы қазақтардың 80-90 жылдары әдебиетіне жасаған ықпалын айтқансыз. Осы айтқаныңызды негіздей аласыз ба?

– Әлбетте. Мұқағали Қытайдағы Қазақтардың әдебиетіне енгеннен кейін, қолына қалам алып, сыншымын деп жүргендердің көбі ақын жырына аз тоқталған жоқ. Бір жарым миллион қазақтың ішінде Мұқағалидың кім екенін білмейтіндер жоқтың қасы. Қатардағы малшының, егіншінің, басқа қазақтардың үйінде Мұқағали кітаптарын сақтамағаны жоқ.

      Қысқасы кез келген той-томалақтарында да ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалып жатады. Бұл Мұқағали жырларының құдіреттілігінен болса керек. Қысқасы, Мұқағали жыры халықтың тұрмыс-өмірімен біте қайнасып кеткен…

 –Ал енді өзіңізде ақын болсаңыз да, әдеби сынға да қалам тартып жүр екенсіз. Мұқағали һақында ой-пікіріңіз, айтқаныңыз, жазғаныңыз да бар шығар…

–Қытайдағы қазақ тілді басылымдарда ақын поэзиясы жөнінде мақалалар жазып, Мұқағали оқуларына бастамашылдық еттім. Жазған мақалаларым ішінде «Мұқағали поэзиясы – адам жанының сусын жыры» деген мақалам «Іле» газетіне шығып оқырман аңысын баурады. Кейбір баспалар пендешілікпен қарағандары да бар. Әдебиет сыны жөнінде мақала жазсам, Мұқағали жырларын үлгі мысал етуді әдет еткем. Алматыға көшіп келген алғашқы  жылдар ішінде шамам келгенінше құлшынып жүрмін. Басылымдарға берген мақалаларым «танымасын силамас» күнін көргені де бар. Алғашқы қолдаушым сол, Мұқағали халқаралық қор қоғамы болды. Бақытгүл Қадірбайқызы  Алматы қаласындағы және Алматы облысындағы Мұқағали туралы кездесу шараларынан мені қағыс қалтырған жоқ. Екі елдегі қандастарымыздың Мұқағали поэзиясының ұлттың рухани күшіне айналдыру үшін болған құлшыныстарын екі жаққа алмастырып, таныстырумен біраз жұмыстар атқардым. Алматы қаласындағы мекеме, мектеп, әскери орындарға барып, ақын поэзиясындағы Отанын, ұлтын сүю рухын насихаттаудағы кездесулерде болдым. Ақынның 80 жылдық мерейтойы барысында «Қазақ әдебиеті» газетіне «Әлем аспанына ұшқан ақ сұңқар» атты зерттеу мақалам және «Мұқағали журналына, басқа да басылымдарға, мақалалар жазып, Қытай қазақтары ақиық ақынды қалай танитыны мен  Мұқағали танушыларды таныстыруда біраз еңбек еткенім бар. Мұқағалиға өлеңдер де арнадым.

    –Өлеңдеріңізден бірер шумақ естісек қайтеді?

 –Мұқағалиға барымды арнағым келеді. Өлеңде, өлеңмен пародия да жазғаным бар. Сұрауыңа мәнді де, сәнді жауап беру үшін, қызықты екі шумақ арнауымды айтайын. Кезінде Бейжіңдегі қазақ тілінде шығатын «ұлттар» журналының тілшісі, бас редактор Сағат Базарқанұлы : «Нүке аға, сіздің өлеңдегі өнеріңіз кейде Мұқағалиға ұқсап кете ме?» – деп сұрай қалғаны бар. Мен сәл ойландым да былай жауап бердім:

                                                    Әр ақынның өзіндік байлауы бар.

                                                    Алдына сап тағдырдың айдауы бар.

                                                    Мұқағали ақынның құзар шыңы,

                                                    Бөктерінде қыстауым, жайлауым бар – дегенім бар еді. Менше бұл өлеңім, жас ақындардың Мұқағалидан үйрену өлең өмірінде ой салады деп сенем.

   Тағы бірі өлеңім – Үрімжі қаласында Мұқағалидың жақындарының атына берген қонақасымда туған еді. Кешкі қонақасыға Үрімжінің өз тәртібі бойынша, барымды дастарханға салғам. Қытайдың өзім әлі татып көрмеген арағында алғам. Дастархандастары Қытай қазағының қаламгерлік саласының саңлақтарының қарт және жас уәкілдері еді. Неден болды білмеймін, қонақтар араққа бармады.  Мен қолайсыз орынға тап болдым. Тағы сол Мұқаңның өмір ізіне сүйенуге тура келді. Мен бір тостаған арақты құйып алдым да, тосты Шынжаң Жазушылар одағының төрағасы Шәміс Құмарға ұсынып тұрып:

                                                 Өңкей жақсы жиылдың сарапталған.

                                                  Рұқсат ал!

                                                   Бүгінше Жаратқаннан.

                                                  Мұқағали ағаның құрметі үшін,

                                                   Ішейік, Мұқаң ішкен арақтардан –демесім бар ма? Осыдан кейін менің шын ықыласымды қонақтарым қайтармады. Олар арақты емес, Мұқаңның нұр сәулелі жырмен толған өмірі мен әруағына құрмет етті. Жол тауып кеттім. Кейін Тәліппай Қабаев аға: « Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп күліп жүрді.

        Бір сөзбен айтқанда, ақиық ақынға барымды арнап келемін. Үрімжі қаласындағы балаларымның отбасылық кітап дүкенінің төрінен Мұқағалидың кітаптарына орын берілген. Үрімжідей үлкен қалада ақынның жыр кешін өткізсек, бұл Мұқағали ақынға деген ең үлкен ізет-құрметіміз. Ол тек біздің қолымыздан келді.

– Ал Мұқағалиға сыншы ретіндегі бағаңыз?…

–Ұлы ақын Мұқағали поэзиясы жөнінде баға айту–бірер әңгіме, бірнеше мақаланың көлеміне симайды. Мәңгілік тақырып. Мынау аспан мен жердің ортасына симаған Мұқағали ақындығы, жалғыз менің бағама қалай сисын! Бағасын біз айтпасақ та, әлем мен халық беріп жатыр. Ел қатарлы пікірімді айтсам былай дер едім: Мұқағали поэзиядағы алып тұлғалы адам десек, Мұқағали поэзиясы сол алып тұлғалы адамның, адамдар жүрегімен, мыйының сәулелі сезімінің жалғасуына жол тапқан, ауыру науқасының денсаулығына дәрі тапқан, қараңғысына сәуле шашқан ақын дер едім. Ыбырай Алтынсарин. Абай Құнанбайұлы бастаған ұлыларды қазақ поэзиясының ақыл айтар әкесі десек,  Мақатаев оқырманмен жаны мен жаны, мұңы мен мұңы, қуанышы мен қуанышы, сырлары мен сырлары  бірге досы болған ақын дер едім. Жүрегі бар пенденің Мұқаң жырын оқымауы мүмкін емес.

  –Өзіңіздің шығармашылығыңыз жөнінде айта кетсеңіз?

 –Мен ҚХР–да мемлекеттік, өлкелік, және облыстық Жазушылар одағының, ШҰАР Қазақ мәдениеті қоғамының, журналистер қоғамының, ғылым–техника қоғамының мүшесімін. Қытайдағы кезімде «Арман-ай!», «Ақын жүрегі», «Күз жыры» «Шолпан туралы аңыз» атты  өлең–дастандар жинағының авторымын. Жиырмадан астам сын-зерттеу мақалаларым жарық көрді. Еңбектерім мемлекеттік, өлкелік марапаттарға ие болды. Атым «20–ғасыр ақын-жазушылары» мемлекеттік кітаптар топтамасына енді. Шығармашылығыма байланысты оқырмандар мен еліме, ақын ретінде танылсам, Сыншылық, ағартушылық ( қоғам танушылық) саласында да өзіндік еңбектерім бар.

 – Мұқағалиды қашаннан бері оқып-білдіңіз?

  –  Мектепте оқушы кезімнен бастап, қолыма қалам алғанмын. Алайда, жастық шағымның тәлейі тетір келді. «Байтал түгіл бас қайғы болған кездерімде» аз болмады. Ол жылдардың қысымы мен қыңырлығын санап отыру әңгімеміздің аясына жатпайды. Мен тек, өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап азаматтығым да, қаламым да бір қалыпқа түскен дәуір болды. Мұқағали Мақатаев поэзиясының Шынжаңға кіруі – менің қалам қуатымның өрлеуіне тұспа–тұс келді дер едім. Соның ішінде Мұқағалидың ойы мен сөз алу шеберлігі  мені тамсандырды, таңғалдырды, шабыттандырды, өзімнің өзіндік өріс табуыма да көмектесті. Мен Мұқағалиды өзімнің жүрегімнің жүрек ұстазым еттім, бырақ өлең өрісімді бөлек жасадым. ҚХР да «Арман-ай» «Күз жыры» жыр жинақтарым мен « Шолпан туралы аңыз» атты дастандар топтамам, әр түрлі әдеби басылымдарда 20-дан аса сын-зерттеулерім жарық көрген болатын

 – Қазір ойыңызда не бар?

 – Мен атамекеніме тәуелсіз еліме келдім. Ел жаңа, жұрт жаңа десек те, алғашқы адымымды сәтті бастым. Мемлекеттік тапсырыспен «Бір ауыз сөзім –мың ділдам» атты кітабым жарық көрді. Қазақстан Жазушылар одағына да мүше болдым. Қазақстандағы қаламдастарымнан айналайын, 2017 жылы сәуір айында, менің 70 жасқа толуыма орай, «өткен із бен күткен арман» атты дастандар топтама мен «Көктемнен күзге дейін» атты өмірбаяндық кітабымның тұсау кесерін өткізіп берді. Осы байланыспен ақын, мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалинге және Жазушылар одағындағы мені түсінген қолдаған басшыларға борыштылық білдіремін. Ендігі ойымда тәуелсіз Отаным, ұлтым және олардың тағдыры бар.Тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз әдебиетін жаратуға үлес қосу ойым бар. Соңымнан келе жатқан ұрпаққа айтарымды айтып қалсам ба дейтін ойланыс пен ұмтылыс бар. Ал ұлы Абай мұралары мен Мұқағали мұраларын зерттеу, насихаттау өмірімнің соңына дейінгі еңбектену мақсатым болмақ. Байқағаным – ұлтымызға ұлттық мәдениет пен ұлттық рух, ұлттық тіл жақтан серпілу, тазару керек сияқты. Енді осы жақтарда  да қалам тербегім келеді…

 – Әңгімеңізге рехмет!

Әңгімелескен  Жексен Алпартегі.

 Материал «Айқын» газетінен алынды.

Екі ғасырдың екі көктемі

Мұқағали:

Көп кешікпей, көктемде келер енді.

Көгереді ауылдың төңерегі.

Ерте кеткен досымның қабыры тұр,

Келген көктем білмеймін не берерін?

Көп кешікпей көктемде келер енді.

Барлық нұрын көл- көсір төгер енді.

Сағынышын сарыққан жапа-жалғыз,

Менің жесір жеңгеме не береді?

Көп кешікпей көктемде келіп қалар,

Есінетіп, есіртіп ерікті алар.

Азан-қазан аспанның қоңырауы,

Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар! !

Нұрмұқан:

Я! Көктем кешікпей келер енді.

Қара жерді қақ жарар жебелері.

Көк қылтияр жебенің ұштарынан,

Гүл құшағын аспанға керер енді.

Күн сүйіп, бейбіт елдің арқасынан,

Жыршы торғай жырларын төгер енді.

Көктем келер жер беті бусанады

Былтырғы лақ туады, туша болып.

Жас төлдерге тәңірім сый береді.

Төлдің сүтін дайындар жусан елі.

Жігітіне асылып келе жатыр,

Күлкі ойнаған бетінде тұмса келін.

Не бермейді бұл көктем бәрін берер.

Топырағыма себілген дәнім өнер.

Ана ауылдың келіні құрт қайнатса,

Мына ауылда ененің жаны кірер

Тірлік жасар адамдар ауылында.

Жонын төсер, қара жер жауынына.

Көктем келсе, гүл ашар жеміс ағаш,

Сақта тәңір мезгілдің дауылыңнан!!

2-шағын поэма

Мұқағали поэзясы

1

Жара түскен көңілге жағатын май,

Алтыннанда қымбатты бағалым-ай!

Ақындығым әлсіз ед, ақсақ еді,

Жорға болдым, ерем деп саған ұдай.

Сіз ұстатқан жүректің сол бұлбұлы,

Сені оқысам қанатын қағады ұдай.

Мұқа аға, әлем саған ғашық болды.

Бір пенде жоқ, жырыңнан қашық қонған.

Келмеседе, ешкімнен асып толғың.

Алыптардан ағажан асып болдың.

Қазақ жапқан өзіңе «Қара шекпен»

Адамзат жамылуға нәсіп болды.

Жан біткен жырларыңа ғашық болды.

Оқуға кітабіңді асық болды.

Сезімнің сан пернесін басып көрдің.

Тұмен басқан көңілді ашып болдың.

Басқадан келмесе де, асып толғың,

Сен баптаған қыран жыр, бұлбұлдарың,

Заманның жыр тауынан асып қонды.

Сіз баптаған баяғы қара тайды,

Үкілейін, бәйгеге жаратайын.

Сіз қалдырған таусылмас қазынаны,

Жырларымен ұрпағың таратады.

Арамызда ұлы ақын мәңгі тірі,

Әлпештейді адамзат алақаны.

Жан дүниеге жаралған дәрі жырды,

Құрметтейді сезім бар, жан атаулы

2

Ақынмын дейді-ау, бәрі де,

Қарамастан әліне.

Жетесі жұқа ақынды,

Дәрігер аға дәріле!

Мұқаңның жырын жаттаса,

Жаттап есте сақтаса,

Өлеңін ұрлап алатын,

Ұрыдан құдай сақтаса,

Жыр кіреді сәніне.

Ғасыр аттады.

Пендешілік даттады.

Жақтаушылар қаптады.

Қаптады да жаттады.

Том- том етіп сақтады.

Менің ағам Қазақтың,

Бәйге бермес мақтаны.

Қазақ атты бабаның,

Еңбегін Мұқаң ақтады.

Қазақ атты ананың,

Ақ сүті еді, татқаны.

Қараңғы түндерде шырақтар жанады.

Ол Мұқағали поэзясының жанары.

Күн мен түнді тағалдырған,

Жер сілкініп, теңіз толқыса,

Ол Мұқағали жырларының хабары.

Кең далада бал самалдар еседі,

Олар Мұқағали поэзясының ғаламы.

Мұқаң жазады.

Аппақ таңдарда,

Шыққан күндерде.

Қараңғы түндерде

Мұз басқан тауларда, бақша, бауларда,

Күліп қарайды,

Көз алартқан жауларға.

Әлде біреулер қуанып күлгенде,

Әлде біреудің мұңаятынын білгенде.

Пәле мен жала қармаққа ілгенде,

Ауырып жүргенде,

Бәрібір Мұқаң жазады.

Адамдар мен ауыру алсада мазаны.

Қазаққа қан мен жанын арнасада,

Күндес болады Қазағы.

Аспаннан алты пәле жаусада,

Бұзылмайды.

Ұлы Мұқағалидың таза ары.

Пендешілік етеді Қазағы,

Бәрібір Қазағы үшін жазады.

Тәңір силаған дарынмен,

Арынмен, дара бір сарынмен,

Ақындарға бітпеген жалынмен,

Қырар дауысты  бар үнмен,

Өкпе мен кегі жоқ.

Қастандық тегі жоқ.

Өз ғасырының көкжал ақыны,

Ғасырында поэзяда теңі жоқ

Қазақтың тап-таза тілімен,

Жәйлаудың түрімен,

Өзеннің сырымен,

Жұртта жоқ қырымен,

Бұрқыраған жынымен,

Ғасыр алыбы,

Осылай жазады.

Қазіргі ғасыр.

Мұқағали тойы ұлан асыр.

Ойда Мұқаң

Қырда Мұқаң,

Еріксіз енгізеді,

Ойға Мұқаң.

Жырда Мұқаң.

Айтатын сырда Мұқаң.

Тауда Мұқаң,

Сайда Мұқаң.

Қалада, далада Мұқағали Мақатаев.

Сәбидің тілінде Мұқаң.

Жат жұрттың ділінде Мұқаң

Қарада айтады.

Қан да айтады.

Тегі бұл ненің сайтаны?

Жауабы:

Мұқағали Мақатайев

Адамзат жүрегінің айтарын айтады.

Соңы

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password