Қайырымдылықтың сауабы мол

 Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастын биік белесі деп білемін. Қайырымдылық жасау қазақ қоғамына таңсық дүние емес. Өзгенің баласын өз бауырына басқан қазақтай қайсар елдің жанында, қанында бар қасиетті қадірінше құрметтей алған жандарға жаның жадырайды. 

   «Қайыр бар жер де ырыс бар» дейді. Ауданымыздан шыққан ер мінезді  Қайғатырова Роза Ерланқызын мақтанышпен айта аламыз.

    Елімізде  «Жартас Қазақстан» қоғамдық қорының құрылғанына алтыншы жылға айналды. Роза осы қоғамдық қордың директоры. Мамандығы психолог. Қорға жетекшілік етіп, жүргізіп келелі.  Ә дегеннен қордық қарқынды жұмыс жасап кетуіне шетелдегі өзіндей қайырымды жандармен, қорлармен байланыс жасап, бірігіп, күн-түн демей еңбек етті. Қайырымдылық шарапатын ұсынған қордың мақсат-мүддесі айқын. Мұқтаж отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт адамдарға, көмек қол ұшын созуды  сауапты іс көреді.

   Қор қазіргі күнде республикамыздың барлық қалаларында жұмыс жасайды.

  Онкология ауруымен ауыратын адамдарға, түрмедегі әйелдерге, онда туылған балаларға, соттылығы бар жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетіп, бағыт-бағдар береді. Тұрақты түрде тренингтер өткізеді.

  «Жартас Қазақстан» қоғамдық қоры 4 жылдан астам уақыттан бері Нарынқол аймағында мүмкіндігі шектеулі отбасыларға түрлі көмектер көрсетіп келді. Оның ішінде көмірмен, киім-кешекпен, азық-түлікпен тұрақты түрде қамтып отырды.

    Биыл да қор өз жолынан жаңылмай жақсылығын жасауды жалғастырды. Қазан айында аудан көлемінде жұмыс жасайтын «Жартас Райымбек» әлеуметтік қолдау қоры құрылып, Әділет басқармасынан құжатын алды. Біле білсек, қайта түлеген ауданымыз үшін аталған  қор бірінші  болып табылады.   Қолдаушылары да аз емес. Солардың ішінде шетелдік зейнет жасындағы демеушілер кең қолдау танытып отыр. Ақ шашты, ақ жүзді достық пейілде қол созған олардың қамқорлығына қалай қайран қалмассыз? Зейнет жасында қол қусырып қарап отырмай  зейнетақысынан, өмірлік сақтандыруға жинаған ақшаларын қорға құйып, өз септіктерін өркенді тигізуде.

   Олар мұқтаж мемлекеттерге, қалаларға, керек десеңіз ауылдар мен елді мекендерге көмек көрсетуге құштар. Ауданымызға айырықша көмек беріп жатқан Швецариядағы «Хилка» қоғамдық қоры болып отыр. Оның басқарушысы 77 жасар ақсақалды Макс пен жұбайы Лидия деген қамқор жандар. Ол қорда әртүрлі жастағы 12 адам тұрақты жұмыс жасайды.

  Суреттегі Макс  төрағалық ететін «Хилка» қоғамдық қоры төрт жылдан бері қамқорлық танытуда.  Биылғы жылы 100 тонна көмірге демеушілік жасапты. Оны «Жартас Райымбек» әлеуметтік қоғамдық қоры ауданымыздағы  Қақпақ  пен Нарынқол ауылдарына  50  отбасына, теңдей түсіріп берді.

  Нарынқол ауылдық округінің әкімі Амангелді Шенебеков қоғамдық қордық қайырымдылық шарасына  көмегін көрсетіп, қолдау танытты. Сауапты іске куә болған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қанат Ахметов, әйелдер төрайымы Ажар Өміралиева екі күндегі игілікті іске алғыстарын айтып, басы- қасында болды.

  Бұған дейінде де ауданымызда арнайы болған шетелдік Макс пен Лидия аудандағы жағдаймен жақсы таныс. Соның арқасында мектептердегі мұқтаж отбасыларының балаларын бір реттік қыстық аяқ-киіммен қамтып, қамқорлық көрсетті. Айта берсек, қордың жақсылығы бір бұл емес. Бәрінде де демеуші болған «Хилка» қоғамдық қоры алдағы уақытта да қайырымдылық шарасын жалғастыра бермек.

  Швецария мен Қазақстанның арасын қайырымдылық шарасымен жақындатқан және ауданымызға  қордың шарапатын қомақты тигізіп отырған жерлесіміз Роза Ерланқызына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің» демекші қайырымды істер жасау үлкен ерлікке баланады. Туған жеріне, еліне көмегін беріп, уақытпен санаспай мұқтаж адамдардың қуанғанын, жаны жұбанғанын  көргенде жүзі жадырап, көзіне күлкі үйіріледі. Ақ пейілді адал жан Роза қызымыз үшін қайырымдылық жасау қадірлі де, қастеріл іс болып саналады.  Оны өз сөзінде:

 –  Біздің елде де Макс пен Лидия сияқты зейнет жасындағы әкелеріміз бен шешелерім бар. Оларға аталған қос азаматтың ерлікті ісі үлгі болады ғой деп ойлаймын. Бұл жолғы жасаған қайырымдылық шарасында аудандағы ақсақалды аталарыма, ақ бұрымды апаларыма дән ризамын. Қайырымдылық көрген отбасылардың қуанғаны мен үшін үлкен абырой деп есептеймін. Қасымызда болып, қамқорлық ісімізге көмек беріп, қолдау танытқаны үшін де Сіздерге алғысым шексіз,– дейді Роза Ерланқызы. 

  Ауданымызда жаңа құрылған «Жартас Райымбек» әлеуметтік қорының директоры Роза Ерланқызына болашақта еңбегі жемісті болуына, мақсаттары орныдалуына мұқтаж аналардың, көп балалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың атынан  тілектестігімізді білдіреміз.

 Ажар Өміралиева,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы,

Нарынқол ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы.

Суретте: 1) «Жартас Райымбек» әлеуметтік қорының директоры Роза Ерланқызына және  Нарынқол ауылдық ақсақалдар алқасынынң төрағасы Қ.Ахметов пен ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы А.Өміралиева әлеуметтік көмекке мұқтаж ана  Айгүл Күлімбекованың отбасында көмір түсіру сәтінен.

2) «Хилка» қоғамдық қорының төрағасы Макс пен Лидия ауданға келгендегі сәтінен.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password