«Қазіргі басты міндет – пандемияны ауыздықтау»

       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде Үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен видеоконференция режимінде кеңес өткізді.

       Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде пандемия кезінде отандық дəрігерлердің тиісті тəжірибе жинағанын, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренгенін атап өтті. Осы аралықта еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды. Науқастармен байланыста болғандарды анықтау ісі жетілдірілді. Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. Ең бастысы, азаматтарымыздың пандемияға деген көзқарасы өзгерді. – Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ жəне ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл əлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мəселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне əкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау, – деді Мемлекет басшысы. Президент кейбір өңірлерде аталған дертпен ауырғандар санының артуына байланысты жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударды. Мемлекет басшысы өз сөзінде індет жұқтырғандардың барынша нақты есебін алу вируспен күрестің басты талабы екенін айтты. – Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Əңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай жəне басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ, бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай əлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, медициналық статистиканы бағалау жəне талдау жөнінде кешенді жоспар əзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл əскери медицинаға да тікелей қатысты. Себебі олар індетпен күресу үшін шұғыл күш жұмылдыруға жəне құралдармен жабдықтауға дайын болуы тиіс. – Медициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейі -нің əлі де төмен екенін көрсетті. Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан астамында заң бұзушылықтар анықталған. Ауруханалар аймақтарға толық бөлінбеген. Нəтижесінде, емделушілер мен аурухана қызметкерлерінің індет жұқтыру қаупі сақталып отыр. Шын мəнінде, барлық өңірлерде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені көрінді. Атап айтқанда, коронавирус індетімен қатты ауырған науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дəрі-дəрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дəрі-дəрмектерді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда, – деді Президент.

       Қасым-Жомарт Тоқаев дəрі-дəрмектермен қамтамасыз ету мəселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол медициналық ұйымдардың, дəріханалардың не сатып алғанын, жалпы бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы дəрі-дəрмек қорын анықтауды талап етті. Үкімет əкімдермен бірлесіп, бекітілген емдеу нормалары мен хаттамасына сəйкес келетін дəрі-дəрмектер мен медициналық бұйымдардың сатып алынуын қамтамасыз етуі керек. – Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дəрі-дəрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Бəсекелестікті қорғау жəне дамыту агенттігіне Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мəселені қарастыруды тапсырамын. Жалпы, Агенттік дəрі-дəрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу ісіне атсалысып, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді əшкерелеуі керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы санитарлық талаптар мен шектеу шараларының сақталуына компания басшыларының жəне бизнес иелерінің жауапты екенін еске салды. Соңғы уақытта ірі кəсіпорындардағы еңбек ұжым — дарында вирус жұқтырғандардың саны арта бастады. Қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдай жəне азаматтар көп шоғырланатын орындар да əлеуметтік қашықтықтың сақталмауы алаңдаушылық тудыруда. – Ата-аналар шыдамдылық танытып, қазіргі ахуалға түсіністікпен қарауы керек. Осындай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл əлемде қалыптасып отыр. Біз білім сапасының төмендеуіне жол бермеуіміз қажет. Оқыту нəтиже- сіне мониторинг жүргізіп, білім саласындағы олқылықтарды жою үшін уақытылы шаралар қабылдау керек. Үкіметке өңір əкімдерімен бірлесіп, шектеу шараларына қарамастан, білім сапасын бақылауды күшейтуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін қажетті көлемдегі қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл үшін Үкімет отандық бетперделер мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндірушілерді кепілді көлемдегі шикізатпен қамтамасыз етудің тетігін əзірлеуі тиіс. Пандемияға қарсы барлық шаралар мейлінше ашық болуы қажет. – Үкімет жемқорлыққа жол берілуі мүмкін барлық учаскелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Бұл – медициналық бетперделер мен дəрі-дəрмек бағасын арттыру, бақылау-өткізу пункттеріндегі құқықбұзушылықтар, медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау кезіндегі жемқорлық. Бақылаушы органдардың, яғни полиция қызметкерлерінің, əкімдіктер мен мониторинг өткізетін топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аудару қажет. Пандемия кезінде оларға бизнес пен азаматтарды тексеруге зор, яғни төтенше өкілеттіктер берілді деуге болады. Бұл өзін-өзі ақтады. Мұндай өкілеттіктерді дұрыс қолданған жөн, оны асыра пайдалануға болмайды. «Кімді жəне қашан тексеретінімді өзім білемін» деген қағидаға жол берілмесін, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген қиындықтар мен дағдарыстар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын тағы да атап өтті. Айтарлықтай жетістіктеріміз де бар. Мəселен, екі бірдей отандық вакцина келешегі зор əлемдік биоқұралдардың қатарына енгізіліп, қазіргі уақытта оларға клиникалық зерттеулер жүргізілуде. – Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тəртібін жеңілдетіп, вакцинаның тəжірибелік-өнеркəсіп жəне өнеркəсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей Президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бəрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қара уына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек, – деді Мемлекет басшысы. Сөз соңында Президент барша азаматтарды тəртіпті қатаң сақтауға, уақытша шектеу шараларына түсіністік танытуға шақырды. Ең алдымен, бұл барша қазақстандықтардың денсаулығы үшін қажет. Мемлекет басшысы дəрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, əскери қызметшілерге жəне пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген барша азаматтарға ризашылығын білдірді . Сондай-ақ, кеңесте Премьер Министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья, Шығыс Қазақстан облысының əкімі Даниал Ахметов, Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетов жəне Павлодар облысының əкімі Əбілқайыр Ысқақов сөз сөйледі.

Президенттің баспасөз қызметі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password