Қадамы құтты болсын!

       Біз мектепте оқыған алпысыншы жылдары жаңылмасам 1962 жылдар шамасы болу керек Еркін Ібітанов ағамыздың «Қойшылар» поэмасы жарық көрген. Ол кезде жаңа шыққан өлеңдерді және өзімізге ұнаған поэмалардың кейбір шумақтарын жаттап алатынбыз.Поэманың ұнағаны сондай оның біраз тарауларын жаттап алып едім. Поэманың «Әкем» атты тарауындағы:

        …Дүниеге келсе де жаралып кім,

Ол әйгілі жайы ғой балалықтың.

Орден алып Мәскеуден келгенде әкем,

Мен де орден боп төсіне қадалыппын- деп, әкесіне арнап жазса,

…Ех, Гитлер, тірліктің оқ жыланы,

Қандай жанды қылығың оңдырады.

Неге сенің қанқұмар құзғындарың,

Менің сәби ұйқымды бомбылады – деп, соғыс жылдардағы фашистердің қанқұмарлығын жазған еді. Ерекең өзі жайлы жазылған бөлімінде:

…Бақыт пенен байлықты жыр қылып тек,

Бір жылдан соң бір жылға ырғыдық кеп.

Кеше ғана сәби ем, міне, бүгін.

Шыға келдім бақандай бір жігіт боп -деп жазған. Иә, бәріміз де уақыттың Сарыарқаның самалындай сырғып өте шығатынын байқамай қаламыз… Еркін Жұмәділұлы 1935 жылы 4 сәуірде Қарасаз ауылында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, 1956 жылы Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Оқуын бітіріп аудандық мәдениет бөлімінде қызмет істеген. Сол жылдары аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысына белсене араласып, өзі сол үйірменің мүшесі болған. Үйірме жұмысын жандандырып, аудандағы алғаш ашылған «Халық театрын» құрушыларының бірі болған.Театрдың жұмысына режиссер болып сарыбастаулық Мақай Нұрқасов бекітіліп, мүшелері Ертіс Мұсақұлов, Тұрақан Сыдықова және Жанұзақ Тұманшиевтер ұйымшылдық танытып, Халық театрын құрған болатын. Сол жылдары ауыл еңбеккерлеріне барып концерт қойғанда Ерекең өлең оқитын. Ерекеңнің өлең оқу мәнері керемет болатын. Ерекең шыққанда көрермендер ду қол соғып, сахнаға қайтадан шақырып өлең оқытатын. Осы Халық театрында кейін Наймантаев Әбдіғалым, Атакелдиев Бақытжан, Ниязбеков Ибрагим режиссер болған. Наймантаев Асқар театрдың көркемдік жағын басқарып, театр жұмысын жандандырған. Сол жылдары Қалиева Клара, Райжанова Рәпия, Бектемірова Несіпхан, Базарбаева Света,Әбділдаев Екен, Қорабаева Союзхан, Жыланкөзов Әбілбай және Әбілдаев Ерлан тағы басқа өнерпаздар қызмет істеген. 1976 жылы театр «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоздың қарауында болған. Сол жылы колхоз таратылып, совхозға ауысқанда, театр Қайнар ауылындағы Крупская атындағы колхоз қарамағына берілген болатын. 1991 жылы еліміз жекешелендіру бағытына ауысқанда, театр тарқатылған. Жақында 2020 жылы осы театрдың бұрынғы көркемдік басшысы, ҚР «Еңбек сіңірген қайраткері» Асқар Наймантаевтың басшылығымен «Хантәңірі» атындағы халық театры болып қайта ашылыпты. Кезінде Ерекең басшылық жасап,ашылуына атсалысқан театрдың бүгінде қайта ашылып, өз жұмысын бастаған «Хантәңірі» халық театрының өнерпаздарына сәт сапар тілеймін.

       Ерекең 1966 жылдан бастап 1995 жылға дейін аудандық бұрынғы «Советтік шекара» қазіргі «Хантәңірі» газетінде бөлім бастығы, жауапты хатшы және редактордың орынбасары қызметтерін атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Ерекеңнің өлеңдеріне туған жер, ауылымыздың жайлаулары мен ауылдары арқау болған. Мысалы Шалкөде атты өлеңінде:

… Шалкөденің жайлауы жасыл белең,

Кермиық кербез таулар қасын керген.

Ынтық боп, ынтызар боп келген едім,

Шашу боп, әр жыраңа шашылды өлең, — десе, Сырт жайлауына:

…Асқар тау, алып кеуде мұзды қия,

Жазық жон, жалпақ жотаң-біздің ұя.

Аспанмен абысындай асуларың,

Сан сапар жортуылға ізгі дауа — деген. Ал Жабыр жоталары жайлы:

…Япыр-ау, Жабырмысың, сұлап жатқан,

Айдаһар –тау, құйрығын бұраңдатқан.

Сайма-сайлар, сағымды сайран жолдар,

Бірін-бірі қуалып тыраң қаққан –деп келтіреді. Өзі туып өскен Қарасаз ауылы жайлы көп өлеңдерінің бірінде :

Қарасаз, міне, мені тағы құштың,

Жөні бар, саған деген сағыныштың.

Сенде өстім, толқыныңмен жалақ ойнап,

Тұп-тұнық қайнарынан қанып іштім, –деп еліне деген сағынышын білдірген. Ерекең өмірінің көп бөлігін өзі қызмет істеген Нарынқол ауылында өткізген. Нарынқолым, ұлыңның еншісін бөл:

Бейнеткер ата-анамның ер күшін бер,

Тянь-Шань асқарындай абырой бер,

Мөп-мөлдір аспаныңдай ақыл-ой бер, –деп жырлаған. Ерекең кейбір өлеңдерімен қоғамдағы кемшіліктерді әзілге келтіріп өткір сынаған. Мәселен, «Бастар» деген өлеңін тыңдап көрейік:

Кей бастың қалқасында,

Кей бастар таса қалған.

Кей бастың «арқасында»,

Кей бастың ағарған шашы бар

Қорашы, қоңдысы бар,

Ожары, оңдысы бар.

Байқаңыз, кей бастардың ішінде бомбасы бар.

Бабаларымыз осындай өлеңдерді «іремей сою» деген. Ерекеңнің көпшілікке таныс бірқатар өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Сегодняшний день» атты жинаққа енгізілген. «Поэзия-адам жүрегін тербейтін, оның жан дүниесін қимылға келтіріп, сезімін оятатын, кейде мұңды ойға батыратын құдіретті күш және жан дүниеңді жарқыратып көрсететін алып айна, бірақ нәзік айна » -деп Тұманбай Молдағалиев айтқан теңеуді Ерекең бұлжытпай орындаған ақын. Өз қызметін атқара жүріп жазған «Жырға сапар», «Қойшылар», «Арман әлем», «Хантәңірі қайдасың», «Қасиетті де қасіретті ғасырым» және «Елшенбүйрек» атты өлең кітаптары жарық көрген. Ерекең ақын ғана емес, көптеген жас ақындарға 70 жылдары газетте ашылған Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби бірлестік арқылы ұстаз болған. Айтақын Әбдіқалов, Батық Мәжитұлы, Қанат Біржансалов, Алдаберген Жандаралов және Қанат Тәкебаев пен Әденов Әбітай сияқты ақындар мен журналистерге ағалық көмегін беріп отырған.Қазір Аллаға шүкір Ерекеңнің жолын қуған жастар баршылық. Жақында ақын Айтақын Әбдіқалов аудандық газет мүшелерімен ақылдаса отырып, Еркін Ібітанов атындағы «Әдеби бірлестік» ашқан екен. Бұл қуанышты хабар ауданның сыртта жүрген азаматтарының көңілдерін бір көтеріп тастады.Енді осы бірлестік елден шыққан ақын-жазушылар және көрнекті журналистермен кездесулер ұйымдастырып, оларды аудан халқымен жақын таныстыруды қолға алып отырса кейінгі жастарға үлгі болар еді. Оларға еліктеп, солардың жолын қуатын жастар шықпасына кім кепіл. Елбасы айтқан «Рухани жаңғыру» деген бастаманың бір тармағы осы екенін ұмытпайық. Болашақта осы «Әдеби бірлестіктің» мүшелері жас ақын-жазушылармен творчестволық жұмыс істесе, келешекте Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Батық пен Айтақындар сияқты көрнекті қалам шеберлерінің шығатынына бек сенімдіміз.Қайта жаңғырған «Әдеби бірлестіктің» сапарына сәттілік тілеймін!

Беркін ӘКЕБАЕВ,

Республикалық «Алтын қалам» әдеби

байқауының жүлдегері,

«Қазақстан ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл»

атты төс белгісінің иегері,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password