Ынтызарлық оқырманға байланысты

       Аспантаулар аясындағы «Хантәңірі» газетінің әрбір саны осы өлкеден тұрақ тепкен адамның қай-қайсысына болса да сенімді серік болып келе жатқанын біздің көзіміз көріп келеді. Ауданымыздың айнасы болып табылатын бұл басылымның келер жылы 85 жылдық мерейтойын атап өтетіні түсіне білген адамға үлкен қуаныш екені айдан анық. Өмірде бір келетін осынау орны бөлек қуанышқа газет ұжымымен қатар, аудан әкімшілігінің ұтымды әрі ұйымшылдықпен қолға алып жатқан жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр деген ойдамыз.

        Осындайда газеттің санамызға сәуле болып ұялап қалған, аса қимастық сағыныштың сазымен емірене еске алатын аяулы жылдары еріксізден ойға орала береді. Аптасына үш рет шығатын, тиісті жұмыстарының бәрі қолмен атқарылатын алақандай аудандық газетке деген халықтың ынтызарлығы мен сүйіспеншілігі бөлекше еді. Оны біз жыл сайын газет тиражының 7000-ға дейін жетіп жататынынан анық аңғаратынбыз. Ең бастысы газеттің басты ұстанымы – аудандағы жан жадыратар жаңалықтарды жеріне жеткізе жарқырата жазып, халықты сол мезетте-ақ кәдімгідей желпіндіріп тастайтын. Сол сияқты орын алып жатқан олқылық атаулы сын тезіне ұшырап, оның орнына келуі мен орындалуы қатаң бақылауда тұратын. Мұны көзі ашық, көкірегі ояу оқырман қауым да қалт жібермей алаң болып жүретін.

       Газеттің артта қалған өмір өткелдеріне үңілер болсақ, халықпен етене жақындығы ерекше еді. Шаруашылықтардағы және аудан орталығындағы, ауылдардағы мекемелердегі, оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау орындарындағы халықтың ілтипатына бөленіп үлгерген, адал еңбегімен арқаланып алда жүрген ардақтыларды жаңғырта жазып, газеттің барлық сандарында жариялап отырды. Газет өнегелі жандардың өлшем деңгейін көрсететін барометріне айналғанын қалың қауым әділдік тұрғысынан бағалап, шексіз ризашылық сезімдерін білдіріп жататын. Көпшіліктің мұндай ақ тілеуі газеттегі журналистердің қаламына одан сайын жел беріп, жүрдек қаламдарын қамшы салып, алға жетелей түсетін.

       Бейнеті белден асып жататын осы газеттің негізін қалауға белсене атсалысқан, шығармашылық ізденістерін танытқан бесаспап қалам иелерін айтпай кету арға сын болатын сияқты. Осы тұрғыдан алғанда, аузымызға алдымен майдангер, журналист-жазушы, осы газеттің алғашқы редакторы, марқұм Әлнұр Мейірбековтің сіңірген еңбегі ересен-ақ. Сондай-ақ, ол кісінің серіктес әрі сенімді әріптестері болған Мұқанбек Естенов, Дәулет Желдікбаев, Еркін Ібітанов, Естеу Нүсіпбеков, Баққожа Мұқаев, Жолымбет Кейкелов, Айтақын Әбдіқалов, Алдаберген Жандаралов, Рысбек Сүгірбеков, бертінгі Әбітай Әденов, Батық Мәжитұлы, Дүйсен Досымбев, Жұмабек Тұрдиев, Қанат Біржансаловтардың сүбелі үлестері болғанын айрықша атап өткен жөн. Сол сияқты машинканы зыр қақтырып басатын Секер Мұқасалиева мен әріп қатесіне қырағылықпен қарайтын корректор Алтынкүл Ысқақованың газет мәртебесін көтерудегі қажырлары қашан да ұмытылмас.

        Менің қатарластарыммен, замандастарыммен осы газетте істеп жүрген кезімізде газет редакторы Дәулет Желдікбаев болатын. Ол кісі журналистиканың бүгесі мен шігесін «шемішкедей» шағатын нағыз бесаспаптың өзі. Тегін адам 30 жылдай осы газетті басқара ма? Дәукеңнің кезінде облыстық «Жетісу» газетінде журналистиканың ақтабаны атанған һас шебері Кәкімжан Қазыбаевтың алдында іс-тәжірибеден өтуі де жайдан-жай болмаса керек. Газет беделі мен абыройы халық алдында аспандап тұрды. Оның талапшылдығы мен тәртіпті бекем ұстайтындығы кейінгі буынға керемет сабақ болды. Біз сол Дәукеңнің мектебінен өткенімізді үлкен мақтаныш санап, дәйім тілімізге тиек етіп жүреміз.

      Әрине, өмірдегі өзгерістерге байланысты газет ұжымы мен оқырман тарапынан өкініш болмай қойған жоқ. Ауданның таратылуы, көршілес ауданға қосылуы халықтың қабырғасына қатты батты. «Басқа түскен баспақшыл» демекші, ондай ауыртпалықты халық көтерді де көндікті. Әйтеуір, үміт оты үзілмеді. Арада қаншама жылдар өтсе де аудан қайта оралды. Газет те өзінің құтты қонысын тапты. Құдайға шүкіршілік, заманауи талаптарға сәйкес көңілге жағар көркемдігімен, оқырманын баурап алар ой-толғамымен халықпен біте қайнасып кетті. Мерзімінен кешікпей шығып жатыр. Оқырман тарапынан алып жатқан бағасы да ойдағыдай.

       «Көш жүре түзеледі» деген тәмсіл бар. Бұл күні кеше ғана құрылымын тапқан осы ауданымызға қаратылып айтылған сияқты. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы көңіл көншітерліктей. Алдағы жоспарлары да аз емес екені белгілі. Осы орайда мен мына бір ойымды ортаға сала кеткім келеді. Ауданның тынысы мен тіршілігін жеткізіп отырған осы газет. Ол бір жағынан халықтың қалт жібермей қадағалап отыратын рухани қазынасы. Газеттің абыройы мен мәртебесі оқырман саны арқылы көтеріледі. Бұл баяғыдан дәлелденген анықтама. Жиырма жылдан астам уақыттан кейін қайта тұрақ тауып отырған аудан үшін де оңай шаруа емес. Аудан газеті осы аймақтағы халық үшін ауадай қажет. Сол үшін осы газетке тікелей баскөз болып отырған аудан әкімдігі басқа басылымдар емес, аудан газетінің таралымын көбейтуге халықты жұдырықтай жұмылдыра білсе, ойға алған мақсат орындалмай қоймайды. 84 жылдық тарихы бар газеттің ізденісі де ілгерілей түспек. Осы жағынан аудан әкімдігі тарапынан үлкен үміт күтеміз. Басқа аудандарда бұл маңызды мәселе ешқашан да назардан тыс қалып көрген емес. Оқырманның газетке деген ынтызарлығы мен сүйіспеншілігі сонда ғана арта түсетіні анық.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password