ХАНТӘҢІРІНІҢ  ҚЫРАНДАРЫ

      Спорт-дене мәдениетінің бір бөлігі болып саналады. Сонымен қатар материалдық және рухани құндылықтардың жиынтығы ретінде және пайдаланылатын ағза қозғалысының түрлерінің қызметін жақсарту ретінде адам организмінде алатын орны ерекше.Спорт тауарлар шығармайды, өнеркәсіппен тікелей игілік арқылы байланысы жоқ,  бірақ адамның ағзасын шынықтырып, дені сау адамдарды қоғамға дайындап сол арқылы оқу-тәрбие жүйесін дамытып,  экономикаға пайдасын келтіретіні ғылыми дәлелденген. Спорт сөзі француздың «despor»-белгілі ереже мен дәстүрге сай жарыс күйінде өтетін әрекет деген мағына береді. Қазір спортқа көңіл бөлмейтін жастар кедеспейді.  Ауданымызда спорт туралы сөз қозғалса алдымен мектептегі 1960—1980 жылғы дене шынықтыру пәнінің ұстаздары еске түседі. Шалкөделік Айдаров Асқарбек, сүмбелік Айсаев Зкрия, нарынқолдық Сауранбаев Марат, сарыбастаулық Қожакелдиев Төленді, қақпақтық Жұмабеков Алиакпар мен Батырханов Сарқытбек және  текестік Еңсебаев Сайлаубек еске түседі. Осы ұстаздардан тәлім алған кейінгі жас ұстаздар мектеп оқушыларына жүйелі түрде сабақ беріп келеді. Солардан тәлім алған аудан спортшылары арасынан соңғы жылдары ауданымыздан көптеген  әлем, республика, халықаралық және облыс жеңімпаздары шығуда. Атап айтсақ ережесіз жекпе-жек спортынан қақпақтық әлем чемпионы Назаров Ардақ пен Бейбіт, осы спорттан әлемнің екі дүркін чемпионы  таластық Әшімов Қазбек, Қажымұқаннан кейін 400 килограмдық түйені  30 метр жерге көтеріп барған және төрт атты екі минутқа жуық қозғалтпай ұстап тұрған әлемнің екі дүркін рекордшысы сарыжаздық Спатаев Тимур, белбеу күресінен кеше ғана әлем чемпионы болып келген  сарыжаздық Нұрсейіт Нұрсұлтан , панкратион спортынан әлем чемпионы болған қызылшекаралық Бектұрсынов Сырым, джиу -джитсу спортынан әлем чемпионы болған сарыбастаулық Қымбат Ахмет Елеусізқызы және боксшы  қарасаздық қызымыз Ермекбай Гаухар мен зіл темір көтеруден Қыдырбаев Жасұлан  еліміздің әнұранын әлем сахнасында шырқатып, көк туын әлемге танытқан атақты спортшыларымыз. Спорт ардагерлері арасында 2019 жылы әлем чемпионы болған нарынқолдық Ержікенов Қайрат та осы спортшылардың қатарында. Әлемдік спорт жарыстары сөз болғанда үстіміздегі жылы қараша айында еркін күрестен жамбылдық Асыл Айтақын және нарынқолдық Асқарбаев Арай джиу -джитсу спортынан әлемнің қола жүлдегері болып келгенін айтпай кету орынсыз болар. Сондай-ақ әлемдік жарыстың күміс жүдегерлері Нұрқабеков Медғат пен Сайдақов Еркінді аудан халқы  толық біледі. Ал ТМД және халықаралық жарыстардың сегіз дүркін чемпионы болған қақпақтық Телақынов  Еркіннің де спорттан алатын орны ерекше. Аты аталған жеңімпаз спортшыларымыздың  көпшілігі спорт жолын өз ауданымыздан бастаған. Қақпақтық спортшылардың бапкерлері Алиакпар мен Сарқытбек, сарыжаздықтардың тәлімгерлері Мұхи Жантелі мен Бозбашаев Дүйсен және аудандық спорт мектебінің жаттықтырушылары болған Бірбаев Бекболат, Жылкелдиев Кемелхан, сарыбастаулық Талипов Қанат  тағы басқа кейінгі жас бапкерлер. Қазақша айтқанда еңбектері жанған жаттықтырушылар. Ауданымыздан чемпиондардың шығуына аудандық спорт комитеті, аудандық білім басқармасы мен  спорт мектебінің алатын орындары ерекше.  Чемпиондарымыздың жеңістерінде олардың да белгілі дәрежеде үлестері бар екені түсінікті. Небір үлкен өзендер де бастауын бұлақтан алады.

   Ауданымыздың спортына демеушілік жасау мақсатында өткен жылы  «Хантәңірінің қырандары» атты топ құрылған. Топты құрушылар ауданымыздан шыққан Берік Байынтоқаұлы бастаған спортшы жігіттер. Олар Сайдақов Еркін, Керімбаев Талғат, Қыдырбаев Жасұлан, Құлбаев Айбол, Қатаубаев Азат, Үшқұлақов Қайрат пен Маратов Ерлік. Топтың мақсаты; ауданнан шыққан үлкен спорттағы спортшы жерлестерімізге демеушілік көрсету. Олардың жол қаражатына болысу, ағзаға қажетті дәрумендер алып беру, қажет болған кезде азық-түлікпен көмектесу,жарақат алып қалған жағдайда дәрі-дәрмек алуына көмек жасау, оқу-жаттығу жиындарына баруына көмек жасау және дәрігерлік бақылаудан өткізу. Осы жұмыстарды іске асыру мақсатында өз еріктерімен қорға қаржылай көмек жасап отыру.Топтың көмегі тек қана өз ауданымыздың спортшыларына жасалады.  Топ жұмыс істегеніне бір жыл ішінде айтарлықтай жұмыстар жүргізді. Спортшы жігіттерге моральдық қолдау көрсетіп,финанс жағынан көмектер беріп келеді. Биыл осы топтың құрылғанына  бір жыл   толуына байланысты 27 қарашада Талғар қаласында үлкен жиын өткізіп,  кіші футболдан жарыс өткізген. Жарыстың шарты бойынша жарысқа ауданымыздың спортшылары ғана қатысып, 40 жасқа дейін және 40 жастан асқандар арасында  өткізілген.  Жарысқа ауданнан 24 команда қатысқан. Олардың 40 жасқа дейінгі командалар саны 16, ал 40 жастан асқандардан  9 команда келген.  Жарыс өте әсерлі әрі шиеленісті жағдайда болып 40 жасқа дейінгі ойыншылардан 1-ші орынды Сарыжаз командасы капитаны Тағаев Алмас, мүшелері Совет Мақсат, Ақай Самат, Игенов Алмас, Бексерік Бекдәулет, Үсенов Самат, Бекбатыров  Ерлік, Серік Ринат, Ринат Жұмаділов және Қадыржан Абылахандар алған. Осы топта 2-ші орынды Сарыбастау ауылы, 3-ші орында Нарынқол ауылы командалары алған. Сондай-ақ, 40 жастан асқан ойыншылар  арасынан 1-ші орынды Нарынқол командасы жеңіп алған. Команда  капитаны Әкімқожаев Ғалымжан, ойыншылары Құныпияев Жанболат, Асқарбаев Арай, Әбіләшімов Ербол, Солтанқұлов Амангелді, Қожабасшаев Ұлан, Молдабеков Бақытжан, Арзымбетов Ержан, Месебай Қайрат, Ержікенов Қайрат, Мұхаметкерім Ернат, Жақыпберді Асқар және  Шойбеков Жасұлан. Жарыста  2-ші орынды Сарыбастау командасы,3-ші орынды Сарыжаз командасы иеленген.  Жарыс соңында жүлдегер командалар кубоктармен, алған  орындарына сай төс белгілерімен  және  заттай сыйлықтармен марапатталған. Жарысты өткізуге жерлестеріміз басқаратын Талғар қаласындағы медициналық колледжі мен қалалық  спорт мектебі жағдай жасап берген. «Хантәңірі қырандары» атты спортшыларға көмек беру мақсатында құрылған топтың алда атқарар жұмыстары мол. Ауданымыздың әрбір азаматы осы топқа мүше болып, спортшыларымызға қол ұшын берейік, ағайын! Оқушы кездерінде  спортпен айналысып,  кезінде ірі жарыстардың жеңімпаздары болған жерлестеріміз қазір түрлі салада қызмет жасауда. Олардың қатарында  КСРО ның және Азияның бірнеше мәрте чемпионы болған Мамыров Мәулен облыстық  «Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының» директоры,спорттың үш түрінен спорт шебері болған Жантелі Мұхи көп жыл ауыл әкімі болып істеген.Бокстан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы және КСРО құрама командасының көп жыл мүшесі  болған Мұқашов Берік Алтайұлы қазір кедендік бақылау саласында басшылық қызмет атқаруда. 1993-1994 жылдары Қазақстанның  чемпионы және еліміздің спартакиадасының күміс жүлдегері  Жанат Асқарбекұлы аудандық спорт мектебінде директордың орынбасары қызметін атқаруда. Хантәңірі шыңының баурайында, Шалкөде мен Көккемер сияқты жайлаудың ауасын жұтқан, теңіз деңгейінен 1800-2000 метр биік жерде  өскен ауданымыздың спортшы жігіттері келешекте ауданымыз ғана емес еліміздің даңқын арттыра беретініне сенеміз.

                          Беркін ӘКЕБАЕВ,   

  Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password