Халқы үшін бола білген нар тұлға

    Жыл сайын дәстүрлі түрде  өтетін  Орынбаев Нұрбатыр Жұмашұлын еске алуға арналған  спорттық шара өз мәнінде жалғасын тапты. Білім саласында 20 жылдан астам уақыт қажырлы еңбек еткен аяулы азаматтың арда ісін ұмытпау, ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа  келген ұстаздар барынша белсенділік танытты.

   Мәнді істің маңызын арттырған кездесуге «Қамқор-2» кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықпан Әбек, аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Үмбеталиев, Б.Соқпақбаев атындағы орта мектептің директоры Гүлмира Төлегенова, Нұрбатыр Жұмашұлының жары Сания Қалымова мен өмірде бірге жүрген достары ұйытқы болды.

  – Саналы ғұмырын ауданның білім саласын дамытуға арнаған азаматтың еңбегі елеуге тұрарлық. Оның кемел келбеті қандай істе болмасын айқын көрініс тапқан еді. Кісілігі мен кішілігі, адамгершіліктен айнымаған ақкөңіл адалдығы әрқашан есімізде, – деді  «Қамқор-2» кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

  Еңбек жолын 1975 жылы Қарасаздағы мектепте математика мұғалімі болып бастап, 1979-86 жылдары директордың орынбасарлығына дейін елеулі еңбек етеді. Білімі мен білігін таныта білген Нұрбатыр Жұмашұлы қалған саналы ғұмырын аудандық білім бөлімінің басшылығымен байланыстырады.

  Арда азаматты еске алуға арналған кездесу көркін тоғызыншы сыныптың оқушысы Әли Нұрсаветтің арнау өлеңі ажарландыра түсті. «Қазақстан» әнімен әр жүрекке әр берген Тоғжан Арқалыққа да ел қошеметі ерекше.

    Бұған дейін волейболдан өткен аймақтық жарыстан жеңімпаз шыққан дүлділдер бүгінгі ойында барын салады. Ерлер мен әйелдер арасындағы тартысты сайыстың тартымдылығы да осыда.

  Асқан дайындықпен даралана білген олардан күткеніміздей көрікті ойын көрдік. Командалардың осалы жоқ. Дәстүрлі жарыстың  жылдан-жылға мән, маңызы артқанын байқадық. Жинақылық пен шапшаңдыққа, жеңіске деген құштарлыққа құрылған командалар жүлдегі лайық екен. Дегенмен, сайыстың аты сайыс. Жүйріктің-жүйрігін, мықтының-мықтысын тану талас тудырмады.

  Бір күге созылған жарыс қорытындысында нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен командалар оза шауып, орын алғандар анықталды.

  Ерлер арасында  жүлделі алты орынға таласқан мықтылар ішінен ілкімді ойын көрсеткен Көксай орта мектебі, Т.Жанұзақов, Б.Соқпақбаев атындағы орта мектеп ұстаздары қол созды. Ал жүлделі екінші орынды А.А.Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназияның жігіттері жеңіп алды. Үшінші орын Т.Мұсақұлов атындағы мектепке бұйырса, бірінші орын Қ.Шорманов атындағы орта мектеп еншісіне жазылды.

  Дәл осындай мазмұнда қырмызы қыздардан, арулардан құралған командалардың да мықтысы марапаттан шет қалмады. Тағайындалған жүлделі үші орынға  Тегістік ауылы (3-орын), Қайнар ауылы (2-орын), Нарынқол ауылы (1-орын) лайық деп табылды.

   Жарыс жолында үздік ойын көрсеткен қарасаздық Д.Әлімбеков, тұзкөлдік Ж.Исаев, нарынқолдық Ғ.Игенбердиев, текестік Н.Таубалдиев, көксайлық С.Абдрахынов сынды валейболшылар қатарын толықтырған қатысушыларға да қаржылай, заттай сыйлықтар берілді.

  Қоғамға сіңірген еңбегі үшін ҚазССР Оқу Министрлігінің Құрмет грамотасымен, «ҚазССР білім беру ісінің үздігі» белгісімен, Қазақ Білім Академиясының «Жаңашыл педагог» төсбелгісімен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған аудан мақтанышы жерлесіміз облыстың, ауданның Құрметті азаматы Нұрбатыр Жұмашұлының еске алу кеші осындай жоғары деңгейде өтті. Оған өзінің шын ризашылық білдірген өмірлік жары Сания Қалымова барша ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, осындай азаматтар бар да, ер есімі – ел есінде мәңгі сақталатынын жеткізді.

С.Мурасилов,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password