Халқына сүйеу, жұртына қамқор

        Халықаралық қарттар күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы желтоқсандағы қарары негізінде жыл сайын 1-қазанда аталып өтеді.

       ҚР Ата заңында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген.

        Ауылымызда 848 қарттарымыз жасы бойынша бейнетінің зейнетін көріп отыр. Олардың 591-і әйел аналар, 257-сі аталар болып, немерелерін тәрбиелеп, балаларына қамқоршы қазына болуда.

       Аудан орталығы болған ауылымызда зәулім, көрікті ғимараттар, жастарға арналған тұрғын үйлер бой көтеріп, көшелерде жаяу адамдарға арналған жолдар, жарық бағаналар, жол белгілері орнатылуда. Интернет желісі тартылып, Жағатал өзеніне 2 көпір салынып, өзен жағасын абаттандыруда.

       Ел тілеуін естен шығармайтын қарттарымыз барымызға қуанып, жоғымызға күйініп отырады. Жиырма бір жылдан кейін аудан болған Нарынқолдың осынау көз тартар көркіне әр кез ризашылықтарын білдіріп, баталарын беруде. Қарттарға құрмет көрсету, сыйлау – ұлттық құндылығымыз, ата салтымыз. Ата-әжелеріміздің өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңесі, көрсететін тәрбие-тәлімі жастар үшін қашанда қажет. Сондай-ақ, Нарынқол өңірінің аудан мәртебесін алуы бағытындағы Сіздердің табанды, қажырлы еңбектеріңіз ерен деп білемін.

       Жайнаған, жарқыраған, жаңарған Нарынқолмен марқайыңыздар, қуаныңыздар. Дендеріңіз сау болып, әр күндеріңіз қуанышта өтуіне тілектеспіз! «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Жастарымыз ата-анасының қадірін кеш болмай түсінсе екен. Қарттары бар ел-бақытты ел. Сондықтан ел басына күн туған, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман сау болсын!

Қанат Ахметов,

Нарынқол ауылдық

ақсақалдар алқасы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password