Халыққа қызмет — абройлы міндет

«Хантәңірінің» көшпелі  редакциясы  Тегістік  ауылдық  округінде

    1975  жылдың  қараша  айында  КСРО  орталық  комитетінің  қаулысымен ауылшаруашылығын  одан  әрі  дамыту  мақсатында  Қазақстанның  кейбір  өңірлерінде   қой өсіру мен  сүт  өндіру, картоп  өсіру  бағытындағы  шаруашылықтар  құрылды. Солардың  бірі  «Тегістік» қой  совхозы  еді. Текестегі  «Карл  Маркс»,Нарынқолдағы «Октябрьдің 40  жылдығы» атындағы  колхоздар  картоп  совхозына  айналдырылған  соң,сол  шаруашылықтардың    ақтылы  қойларын  өзіне  енші  алып  бөлініп  шыққан  жаңа  шаруашылық  бір  кездері  өз  алдына  жеке  колхоз  болып,кейіннен  ірілендіру  пәрменімен  тұрғындары  көрші  ауылдарға   көшіріліп, ауылдың  орны  қу  далаға  айналған  аймаққа  араға ғасырға  жуық  уақыт  салып  барып қосын  қайта  тікті.Жаңа  құрылған  шаруашылықтың  орталығынан  мемлекеттің  тікелей  қолдауымен    бір-екі  қабатты  тұрғын  үйлер, қызметтік  кеңселер,басқа  да  мемлекеттік  маңызы  бар  нысандар ірге  көтеріп, көше  бойлап  сап  түзеді. Сөйтіп, бұрын  төрт  түлік  малдың ішіп-жемін  айырып  келген  аумағы атшаптырым  алқап аз  ғана  уақыт  ішінде  көркі  көз  тартатын  ауылға  айналған  болатын. Жаңа  шаруашылыққа  мүше  болып  қабылданған  еңбек  адамдары  жаңа  жобалы  тұрғын  үйлерге  қоныстанып, совхоздың  экономикасын  дамытуға, тыныс-тіршілігін  жақсартуға, ақтылы  қойды  көбейтіп, молшылық  негізін  қалауға  білек  сыбана  кірісті. Нәтижесінде,айналасы  5-6  жылдың  ішінде  «Тегістік»  қой  совхозы  аудандағы  табысы  тасқындап,шаруасы  шалқыған  шаруашылықтардың  қатарынан  көрінді. Әрине, ауыз  толтырып  айтар  жетістік  өзінен-өзі  келе  салған  жоқ. Тәжірибелі  басшылар  мен  мамандардың  ұтқыр  ұйымдастырушылығы, қарапайым  еңбек  адамдарының  ортақ  іске  жұмыла  білгені  арқылы  келгені  ақиқат. Бұл  орайда, совхоздың  тұңғыш  директоры, марқұм  Төлеген  Жұманов, парторгі  Тілепберген  Ақаев, агроном  Мақсат  Әшімбаев, зоотехник  Құдайберген  Тегінбаев  пен  Тілепберген  Әлдибеков, бас  мал  дәрігері  Мұрат  Мышбаев, бас  инженер  Манап  Себдайыров, бас  есепші  Абайбек  Исабаев  пен  экономист  Кәдірбек  Ақылбаевтарды, Исақын  Молдақыметов, Әлғожа  Алмабаев, Оралқан  Таңатаров, тағы  басқа  да  механизаторларды, сол  тұста  аудандық  партия  комитетінің  пленум  мүшесі  болған  Байсерке  Жүнісбаев  пен  аудандық  советтің  депутаты  болған  Бөлтен  Белбейісова,Тұрапбай  Абықанов  сияқты  ақтылы  қойды  өз  төлі  есебінен  көбейте  білген  шопандарды  тілге  тиек  етіп, кейінгі  ұрпақтың  есіне  салып  қойғанның  артықтығы  жоқ. Сондай-ақ, осы  ауылда  туып,осы  жерде  білім  нәрімен  сусындап, халқымыздың  айтыс  өнерін абыройлы  биікке  асқақтатқан  Оразалы  Досбосынов  пен  оның  алғашқы  ұстазы  саналған  саңлақ  айтыс  ақыны  Қасен  Саматыровтың,  басқа  да  өнер  абамдарының  есімдерін  осы  ауылдың  жеткен  жетістігі, жақсылық-қуанышымен  байланыстыра  айтқан  орынды.

                                                           х        х        х

                                                    Керек  дерек

     Уақыттың  ыңғайымен  бір  кездегі  қой  совхозы  деген  атағы  жойылып, қазіргі  таңда  Тегістік  ауылдық  округі  атқа  ие  болған  елді  мекендегі   207  отбасында  1518  адам  бақуатты тірлік  кешіп,заман  талабын  жаңаша  тұрпаттағы  еселі  еңбектерімен  қанағаттандырып  жатқан  жайлары  бар. Ауылдағы  1  орта  мектеп, дәрігерлік  емхана, мәдениет  үйі, байланыс  бөлімшесі, мешіт  үйі  тұрғындардың  талап-тілегіне  қарай  қызмет  етуде.

     Ауылдық  округтегі  барлығы  21188  га  жер  көлемінің 1619  га-сы  округ  әкімдігінің  аумағы  саналса, 18350 га  жер  ауылшаруашылығының  еншісінде. Оның  4366  га-сы  айдалмалы  егістік, 13719  га  жері  жайылымдық, 1265  га-сы  суармалы  жер  ретінде  қарастырылған. Ауылшаруашылығының  еншісіндегі  осынау  жер  аумағында  құрылған 147  шаруа  қожалығы  жыл  бойғы тыныс-тіршіліктерін  төрт  түлік  малының  басын  көбейтіп, қара  жердің  төсін  иіте  білу  арқылы  жақсартумен  келеді. Ауылдың  дәл  қазіргі  ішкі-сыртқы  көрінісі  сол  жайттардың  куәсі  болары  анық.

х         х         х 

     Райымбек  ауданы  араға  21  жыл  салып  барып, қайта  шаңырақ  көтерді. Сөйтіп, о  бастағы  жақсылыққа  бет  алған  сүрлеу  соқпағын  қайта  жалғады. Әрине, аудан  халқы  ақ  түйенің  қарны  жарылған  осынау  жақсылыққа  бөріктерін  аспанға  ата  қуанғаны  белгілі. Бір  кездегі  сөнуге  айналған  үміт  оты  қайта  жанып, үзілуге  айналған  сенім  жібінің  қайта  ширағаны  көңілге  серпін  бергенін  немен  салыстыруға  болады. Өмірде  сирек  кездесетін  мұндай  қуанышты  сәттің  куәсі  болу  Тегістік  ауылынының  тұрғындарына  да  ортақ  екені  талас  тудырмайды. Осынау  қуаныш  биыл  ауыз  толырып  айтар  тағы  бір  жаңалыққа  жалғасты. Атап  айтқанда  ағымдағы  жылдың  көктемінде  Тегістік  ауылдық  оккругі  әкімінің  кезекті  сайлауы  өткізілді.Тұрғындардың  қалауы  мен  сенімі, аудандағы  халық  қалаулыларының  бірауызды  ұйғарымымен  ауыл  әкімі  болып  осы  ауылдың  төл  перзенті,жас  болса  да бұған  дейін    бірнеше  қызметтің  басын  шалып  үлгерген  жоғары  білімді  азамат  Бауыржан СЕБДАЙЫРОВ сайланды. Газеттің  көшпелі  редакциясы мақсатты жұмысының  «биссімілләсін» ауыл  әкімімен  сұхбаттасудан  бастаған  болатын.

-Бауыржан  Маратұлы! Өзіңізді  редакция  ұжымы  атынан  жаңа  қызметіңізбен  шын  жүректен  құттықтаймын!

-Рахмет!

-Әрине, қызметке  жаңа  кірісіп  жатырсыз  ғой. Ауылдың  жай-жапсарын  келе  салысымен  жан-жақты  біліп  алды  десек  артық  болар. Солай  дегенмен  де, әкімнің  міндеті  саналған  соң,  округтің  өзіңіз  біліп  үлгерген  тыныс-тіршілігімен  таныстыра  отырсаңыз?

       -Осы  өңірден  бой  көтерген  Тегістік  ауылының  жер  жағдайы  ауылшаруашылығына  қолайлы  саналады. Мемлекеттің  бір  кездегі  жоспары  да  осы  мәселеге  қатысты  туындаған  болуы  керек. Қой  шаруашылығын  өркендетуде  осыдан  30-40  жыл  шамасы  бұрын  бұл  жерде  маңызды шаралар  қолға  алынған. Нәтижесінде  ақтылы  қойды  өз  төлі  есебінен  көбейтуде  айтарлықтай  табыстарға  қол  жетті. Сол  тұстарда  осы  шаруашылықтың  өзінен  ғана  100  мыңға  тарта  қой  өрістепті. Сонымен  қатар  астық  өндіруде  де  диқандар  қауымының  жетістігі  аудандағы  көшбастаушылардың  қатарында  болған  екен.  Қайсыбіреулердің  айтуынша  мұндай  табыс  бүгінгі  күн  талабына  жауап  бере  алмайды  деу  қате  түсінік. Өйткені,бүгін  өз  алдына  шаруашылық  құрып, тіршілігін  жасап  отырған  адамдардың  қолындағы  байлығы, сол  тұстағы  табыстың  нәтижесі. Ауыл  адамдарының  бүгінгі  тыныс-тіршілігі  де  сол  өткен  шақпен  тікелей  байланысты. Тәуба, округ  тұрғындары  заман  ыңғайына  қарай  еңбек  етіп,  көшін  түзеп  алды. Қазір  жаңдайлары  ешкімге  ауыз  ашпайтын  дәрежеде  десем  қателесе  қоймаспын.

     -Жаңа айтып  кеттіңіз, жер  жағдайы  ауылшаруашылығына  ыңғайлы  деп. Ал,сол  ыңғайлы  жер  қаншалықты  пайдасын  беруде?

—    Нақтылыққа  жүгінсек, 18350  га  ауылшаруашылық  бағытындағы  жер  147  шаруа  қожалығының  еншісінде. Оның  13719  га жері  төрт  түлік  малдың  жаздық-қыстық  жайылымы  саналады. 4366  гектары  айдалмалы  егістік  болса, 1265  гектары  суармалы  жер  ретінде  қарастырылған. Астық  та, картоп  пен  көкөніс  те  мал  азығы  да  осы  жерлерден  алынады. Жермен  айналысып  келе  жатқан  шаруа  қожалықтарының  еселі  еңбек  еткенің  ақысын  жер-ана  жемейтініне  көздері  жеткен. Әр  жылғы  жерден  алынған  өнім  мен  табыс  көлемі  соның  айқын  дәлелі. Мәселен, өтткен  жылы  150  арпадан  405  тонна  түсім  түсті. 520  га  картоп  алқабынан  10395 тонна,15 га  көкөністен  360  тонна  өнім  алынды. Сондай-ақ,6625  тонна  шөп  дайындалды. Мал  басын  көбейтуде  нәрлі  нәтижелер  жоқ  емес. 2019  жылдың 1 қаңтарына  2215  бас  ірі  қара, 10900  бас қой-ешкі, 1370  жылқы  биылғы  жылдың есебіне  алынған.

     -Ауылда  еңселі  орта  мектеп, сәулетті  мәдениет  үйі  бар. Біріншісінің  салынғанына  40  жылға  таяу  уақыт  болса  да  әлі  күрделі  жүндеу  көрмепті. Екіншісінің  де  жөнеу  жұмысын  күтіп  есігі  жабық  тұрғаны  белгілі. Ауыз  суда  да  шешімін  күткен  істер  көп. Осылардың  жайы  не  болмақ. Қызметіңізге  кіріскелі  бұл  мәселеге  бас  ауыртып  жүрсіз  бе?

  —  Сұрағыңыз  орынды. Бұл  мәселе  маған  дейін  де  сан  рет таразы талқысына  түскені  белгілі. Бүгінгі  таңда  толықтай  шешімін  тапты. Атап  айтқан  да  білім  ошағы  да, мәдениет  үйі  де  күрделі  жөндеудің  жоспарына  енгізілді. Соған  бөркімізді  аспанға  ата  қуанып  отырған  жайымыз  бар. Бұл  үшін  аудан  әкімі  Жолан  Омаровқа, аудандағы  ел  тізгінін  ұстап  жүрген  басқа  да  азаматтарға  рахмет. Ендігі  мақсат- сол күрделі  жөндеуге  кіргізілген  нысандардың  басы-қасынан  табылып, істің  нәтижелі  аяқталуына  барынша  мүдделі  болу. Сонымен  қатар  ауыз  судың  да  жыры  оңай  болып  тұрған  жоқ. Бірақ,бұл  іс  те  тиісті  шешімін  табады  деген  ойдамын.

       -Ауыл  мәдениетін  көтеруде  алдағы  уақытта  қандай  жұмыстар  атқарылмақ. Қандай  жоспар  белгіледіңіз.?

   — Ауыл  мәдениетін  көтеру  бірінші  кезектегі  басты  мәселе  саналатыны  анық. Бұл  орайда  тазалық, реттілік,  көгалдандыру  жұмыстары  күн  тәртібінен  түспетіні  белгілі. Сонымен  қатар  тұрғындардың  әлеуметтік  жағдайының  да  орны  бөлек. Осыған  қатысты  көктемнен  бері  тазалық, көгаландыру  жұмыстарында  біршама  игі  істер  атқарылды. Ауылдағы  мәдени-көпшілік  орындарының  да  ауыл  мәдениетін  көтеруге  тигізіп  отырған  үлестері  ауыз  толтырып  айтарлық. Тағы  бір  мәселе, осы  ауылда  туып-өскен, бүгінде  ауылдан  сырт  жерде  тірлік  кешіп  жатқан  жастардың  өз  ауылдарының  мәдениетіне  ат  басын  бұрулары  болып  отыр. Жастар  бірігіп, ауыл  сыртынан  адамдар  бірауық  демалатын, көңіл  көтеретін  орын  жасап  берді. Сондай-ақ, жаңа  жобалы  тойхана  да  жақын  күндері  пайдалануға  беріліп, тұрғындар  қажетін  өтейтін  болады.

     —Бауыржан, орынсыз  сұрақ  қойғаныма  ренжімессіз.Ауылға  әкім  болып  сайландыңыз. Жаспын,қолымнан  келе  ме, келмей  ме  деп, жүрексінген  жоқсыз  ба? Алдағы  уақытта  Тегістік  ауылы  экономикасы  дамыған, тұрғындарының  әл-ауқаты  жақсарған  үстіне  жақсарған  ауыл  болатынына  сеніміңіз сергек  пе? Қызмет  қиындықсыз  болмайды.Сол  қиындықты сезінген  күні «бүйтіп  әкім  болғаны  құрысын»  деп  тастай  қашып  жүрмейсіз  бе?

   — Менің  кіндік  қаным  тамып, алғаш  табаным  тигені  осы  жердің  топырағы. Атам  Манап  совхоздың  алғашқы  бас  инженері  болса,әжем  Цеткін жаңадан  ашылған  мектептің  тұңғыш  директоры  болып, осы  ауылдың  іргесін  қаласқан, отымен  кіріп, күлімен  шыққан  адамдар.Осы ауылдың  әрбір  жетістігінде  сол  кісілердің  үлестері мен қолтаңбалары  бар. Оның  бер  жағында  әкем  мен  анам  да  күні  бүгінге  дейін  осы  жерде  тіршілік  кешіп, қоғамға  лайықты  үлестерін  қосуда.  Ауылдың  ішкі-сыртқы  жағдайы, тағдыр-талайы  маған  етене  ыстық, жаныма  жақын. Сондықтан  туған  жерім  үшін  тер  төгіп,қиындығынан қаймықпай, ауыртпалығын  арқалай  білуді  азаматтық  парызым  санаймын.

     -Әңгімеңізге  рахмет!

 

   Бір  кездері «Тегістік»  қой  совхозы  болып  ірге  көтерген  шаруашылық  қоғамдық  мал  санын  өз  төлі  есебінен  көбейтуде  айтарлықтай  табысқа  қол  жеткізгенін  жоғарыда  тілге  тиек  еттік. Сол  толайым  табыс  өздігінен  келмегені  көпшілікке  аян. Сол  көл-көсір  молшылыққа  шаруашылық  шопандарының  қосқан  үлестері  ұшан-теңіз  екенін  ешкім  жоққа  шығармайды. Сондай  табысты  тасқындатушылардың  қатарында  төл  алу  мен  жүн  қырқуда  белгіленген  жоспарды  артығымен  орындап, жарыстың  көшін  бастаған,сөйтіп  саңлақ  шопан  атанған  Тұрапбай  АБЫХАНОВ  та  бар  болатын. Малсақ  жан  отарындағы  саулықтың  әр  жүзінен  150-170-тің  арасында  қозы  алып, отардан  отар  бөлгенін, мал  басын  аман  сақтап, әр  қойдан 3,5 кг  жүн  қырыққанын  ауыл  тұрғындары, түкеңнің  үзеңгілес  жолдастары  ұмыта  қойған  жоқ.

     Тұрапбай  Абыханов  бүгінде  өз  алдына  жеке  шаруа  қожалығын  құрып, үйреншікті  кәсібі – төрт  түлік  малды  өсірумен  шұғылдануда. Төрт  түліктің  қадір-қасиетін  жақсы  білетін  ол бұл  салада жинақтаған  тәжірибесін  өз  балаларына  да, осы  салаға  ден  қойған  жастарға  да  үйретуден, ақыл-кеңесін  беруден  жалыққан  емес. Қой  бағуды  атакәсібі  санайтын  Тұрапбай  өткен  қыстан  да  мал  басын  аман  сақтап, қоңдылығын  басты  назарда  ұстады. Ендігі  мақсаты – қой  қырқу  науқанын  да  жетістікпен  аяқтап, жаз  жайлауын  тиімді  пайдалану.

     Суретте:  Тұрапбай  АБЫХАНОВ  немересі  Бағдатты  мал  жайылымының  жайымен  таныстыруда.

        Рухани  байлықтың  қоғамдағы  алатын  орны  қашанда  бөлек. Бұл  орайда  Тегістік  ауылындағы  кітапхананың  да  жұмысын  айтқан  орынды. 6700  кітап  қоры  бар  рухани  байлық  орталығының  оқырмандары  да  мол. Кітапхана  меңгерушісі  Зағира  ҮМБЕТБАЕВА  әрдайым  оқырмандармен  тығыз  байланыс  орнатып,олардың рухани  азықпен  сусындауына  жол  ашып  отырады.

   Суретте: Зағира  ҮМБЕТБАЕВА  оқырмандарды  кітапханаға келген  жаңа  кітаптармен  таныстыруда.

 

 

 

 

Ауылда тойхана болады

         Йә, қарға тамыр қазақ жәйлы сөз өрбітсе, әңгіменің бір ұшы тарқамас тойына келеді. Қазақ халқының көнеден келе жатқан сүйегіне сіңген қасиетінің бірі жақсылығымен бөлісіп жақындарға той беру. Қуаныштың ұшы көрінсе болды алты алаштың басын қоспаса да, ағайынның басын қосып, ат шаптырым жерге дастархан жайып той жасау сәнге айналып тұрған заман. Тегістік ауылының ел-жұрты осы күнге дейін тойларын көрші ауылдың тойханаларына жасауға мәжбүр еді. Тойдың азық-түлігі, жөн-жоралғы, буыншек-түйіншектерін арбалап, дорбалап басқа ауылға тасудың өзі қаншама қиындық. Енді аз уақыттан кейін ондай нәрселер өткен күннің естелігі болып қалмақ. Олай дейтін себебіміз ауыл төрінен халықтың қажеттілігін қамтамасыз ететін тойхана бой көтеруде. Осы ауылдың тумасы Тұрарқұл Әбілғазиев атты азамат үлкен ғимараттың құрылысын аяқтауға шақ қалды. Осы игі істі жасау барасында ауыл азаматтарымен қоса, іргелес жатқан ауылдардың адамдарын жұмыпен қамтыды. Тойхананың құрылысына Желеуов Дастан басшылық етуде. Бұл тойханада 500 адамдық үлкен салтанат залы мен 200 адамдық кіші салтанат залы болады. Заман талабына сай экрандар мен дыбыстық құрылғылар, жарық шамдармен әрленеді деп түсіндірді. Бәрі сәтті болса маусым айының 20 күні ашылуы болып, пайдалануға беріледі. Сол күнді ауыл тұрғындары асыға күтуде, әлі-ақ осы хан сарайындай мейрамханада қуанышпен бас қосамыз деген тілекте. Тілектері орындалып Тегістік ауылынан той тарқамасын демеске амал қалмады.

Жаңашылдық-қазіргі заман талабы

 

XXI ғасыр жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры болғандықтан, егеменді елдің ертеңі–жас ұрпақ үшін ең әуелі сапалы  білім, саналы тәрбие  қажет. Қай кезеңде болмасын жеке тұлғаның қалыптасуы  ұстаз  мектебінен бастау алады. Бүгінгі білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздар қауымынан үлкен жауапкершілікті  талап ететіні  белгілі. Осы орайда М.Мақатаев  атындағы орта мектептің  ұжымы да аянбай  еңбек  етуде. Мектебіміз бойынша 10 түлек соңғы қоңырау салтанатына қатысуда.

Олар мектепте алған білімдерімен  енді үлкен өмірге араласатын болады. ҰБТ-ға биыл  8  түлек өз білімдерін сынауға  қатыспақ.

Тұңғыш  Президент, Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаевтың

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс  сапасын арттыру »  атты  жолдауына қолдау  таныта отырып мектеп  оқушылары мен мұғалімдерінің    атқарып  жатқан  жұмыстары мен жетістіктері айтарлықтай.

Биылғы 2018-2019 оқу жылындағы оқу- тәрбие жұмыстарына тоқталып өтсек,оқу жылын 165 оқушы аяқтап  отыр.  Жыл ішінде 31 мұғалім еңбек етті. Мектепте 12 сынып жетекшісі жұмыс істейді. Сынып пен  оқушылармен жақсы қарым-қатынас жасап, сыныптарын  алға  сүйреп, жыл бойғы   сынып  шараларын жетістікпен атқарып  жүрген сынып жетекшілері:   Жазықбаева   Жанат, Апендиева Фарида, Жексенбаева Әлия, Тайрова Гүлзира, Алдибекова Ақбота, Сапақова Венераларды атап өтуге болады. Жыл ішінде  мектебімізде     аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға белсене қатысып жүлделі орындарға ие болған, жаңа  пед.технологиямен сабақ  өткізген, сабақтарында  үлкен жетістіктерге жеткен мұғалімдер бар.

Мектеп жанындағы шағын орталықта 2 топ жұмыс істеп жатыр. 40 бала тәрбиеленуде. Мұндағы оқу-тәрбие жұмыстары «Зерек бала» бағдарламасы бойынша жұмыс  істейді.

Шағын орталықта 2 аға тәрбиеші және 2 тәрбиеші жұмыс жасайды.

Биылғы оқу жылында әдістемелік кеңестің проблемасы «Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, оқу-тәрбие жұмысының  сапасын арттыру» болды. Қазақстан Республикасындағы білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы аясында  20 мұғалім білім жетілдіру курстарынан өтіп келді. Жаңартылған бағдарламамен биылғы жылы  6,8  сынып  оқушылары  білім алды. Оқушылар жаңа бағдарламаға бейімделді, сыни тұрғыда ойлауға, өз беттерімен жұмыс істеуге дағдыланды.

     Аудандық «Жыл пән мұғалімі-2019» байқауында  тарих пәні  мұғалімі Тайрова  Гүлзира мен қазақ тілі пәні мұғалімі Рахымов Ернаттар бас жүлде иеленсе «Шебер мұғалім» аталымы бойынша биология пәні мұғалімі  Өмірбаева Ақбота  мен  алғашқы әскери дайындық  пәні мұғалімі Алдибеков Марғұлан аталса, ағылшын пәні мұғалімі  Оразбек Айзада  және дене пәні мұғалімі Алмабеков  Асхат  ІІІ  орын, технология пәні мұғалімі Алдибекова Ақбота  ІІ орындармен   марапатталды.

«Жыл  психологы-2019» сайысында Өмірбаева Ақбота  ІІ орын алды.

Республикалық ғылыми-әдістемелік журналының ұйымдастыруымен өткен

«Жарық жұлдыз» атты балалар  өнер байқауында  шәкірт  дайындап, оның шығармашылық  даму жолында  өз  үлесін  қосқаны  үшін  Жүнісбаева  Майгүл, Сапақова Венера, Тобажанова Айгүл, Жазықбаева Жанат, Өмірбаева Ақбота, Сагымбеков Кемелбай, Шәмшенов Жақсылық, Тайрова Гүлзира, Апендиева Фарида, Мамышов Тұрсын, Оразбек Айзада, Ерғалиева Альбина, Қоралбай Балым, Жұмабаева Шынар, Алдибекова Ақбота, Жексенбаева Әлия, Тұрсынбай Эльмира, Рахымов Ернат, Темирова Қарлығаш, Смағұлова Нұргүлдер   дипломдармен  марапатталды.

«Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен « Бүгінгі ұрпақ-білікті маман» атты облыстық жобада Тұрсынбай Эльмира  жетекшілік еткен  «Жалынды жастар»  командасы мен   Шамшенов Жақсылық  жетекшілік еткен  «Шеберлер» командасы  Алғыс хатпен  марапатталды.

«Дарын» ғылыми жоба жарысында 5-сынып оқушысы Еркінқызы Сымбат  биомедицина саласы бойынша ІІ орын алса, Зерде -ғылыми  жоба арасында  3-сынып оқушысы  Бақытнұр Ақниет І орын, жетекшісі  Жазықбаева Жанат, дене тәрбиесінен   6-сынып оқушысы Ахмет Бота ІІІ орын, жетекшісі Алмабеков Асхат, 9-сынып оқушысы  Сәулетжан Абзал  І орын алды, жетекшісі  Сүлейменова  Данагүл.

Аудандық   «Бердібектану» оқуларынан  7-сынып оқушысы  Болатбай Балнұр ІІ  орын алды, жетекшісі  Тобажанова Айгүл.

Мектепте жыл бойы шығармашылықты тереңдету, жаңаша ұйымдастырылған инновациялық    тренинг, іскерлік ойын, дебаттар жүргізіліп отырды.

Мектебімізде  Райымбек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт  мектебі жанынан құрылған  дзюдо күресі  секциясы  жұмыс  істейді. Мектеп  оқушылары   дзюдо  күресінен  аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, көптеген жүлделі  орындардан көрініп келеді,  жаттықтырушысы Нүсіпбеков Алмас.

«Қамқор-2» кәсіподақ ұйымының  ұйымдастыруымен мұғалімдер арасында  волейболдан өткен  аймақтық  жарыста  қыздар   командасы  ІІ орын алып, Нарынқол ауылында    ақтық жарыста    ІІІ-  орынға ие болды.

Биылғы 2018-2019 оқу жылында  атқарылған  жұмыстар  нәтижелі болды.

Мектеп  ұстаздары  мемлекетіміздің білім беру үрдісіне енген жаңартылған білім беру  бағдарламасы  аясында  еңбек етіп келеді.

Кемелбай   САҒЫМБЕКОВ

             М. Мақатаев атындағы орта мектептің   директоры

Жастардың жақсылығы

         Жастар жылында әр ауылдан бірігіп, жастардың атқарып жатқан жұмыстары ұшан теңіз. Өзенге-өзен қосылса дария болады, бірлігі мығым елді жау алмайтыны белгілі. Міне осылай Тегістік ауылының жастары да бірігіп Әлдибеков Марғұланның ұйымдастыруымен туған жерлерінің көркеюіне өз үлестерін қосып   ауылдың кіре берісінен халықтың игілігі үшін жаздық жаппа (беседка) салған болатын. Бұл жақсы істі атқару барысында шамамен 1 млн ақша жұмсалды. Бүгінгі таңда ауыл халқы көкке шығып, ораза кезінде ауызашар беріп, алыстан келген қонақтарды күтіп алып, кешкі уақытта жастар бас қосып табиғат аясында демалатын орынға айналды. Заман талабына сай жазғы демалыс орнында тамақ пісіруге арналған 2 ошақ, кәуап жасайтын арнайы құрылғылар, қоқыс тастайтын жәшіктер, әжетхана, 40-50 адамдық орындық столдар бар. Осындай орындар әр ауылдан салынса нұр үстіне нұр болар еді. Жанындағы аққан өзен, өскен ағаштар адамның жанын жадыратып бір сергітіп тастайды. Демалатын орын деп ауыз толтырып айтуға болатын-ақ жер.

                                Көптің көңілі толқуда

         Ауылдардағы үйлердің көбі ескі болғандықтан, бұзып жаңа үй салу немесе пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізу ауыл халқының бірінші мақсаты болып тұр. Үйге бөлмелер қосу, кеңейту сынды жұмыстарды атқару үшін құрылыс материалдары қол жетімді бағада, жақын жерден табыла қоймайды. Тегістік ауылының кәсіпкері Еркінжан Жайлаубаев «Қымбат» шаруа қожалығын басқарып отыр. Бұл шаруа қожалықтың негізгі жұмысы «Сплинтерный блок» кірпіш шығарады, сонымен қатар 4 га жерге картоп егеді. Орташа есеппен күніне 350 кі

рпіш шығарып отырады. Осы жұмымпен айналысып отырғанына биыл үшінші жыл. Аталған жерде 3 адам жұмыспен қамтылып отыр. Кірпіштің сапасы сын көтерерлік, бағасы қалта көтерерлік болғандықтан тапсырыстар үсті-үстіне түсіп жатыр. Бұл кірпіш үй, қора, монша, гараж, ошақ сынды құрылыстардың барлық түріне жарап тұр. Аудандағы ауылдардың көбі осы жердің кірпішін қажетіне жаратып жүр. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп үлкен көлемде жұмыс атқаруды бетке алып отыр.

 

                                «Мираста» мүмкіншілік мол

         Ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру мақсатында ауданымызға техникалар, картоп тұқымдары көптеп әкелінген болатын. Тегістік ауылындағы Марат Себдайыров басқарып отырған «Мирас» шаруа қожалығы да картоп егумен айналысып, өз жұмысын жасап жатыр. Бұл шаруа қожалығында былтырғы жылы 2 га алқапқа голландиялық «Санте» және «Агрия» элита тұқымды картоп сеуіп гектарына 500 центнерден өнім өнім алған болатын. Биылғы жылғы көрсеткішті оданда жоғары дәрежеге көтереміз деген мақсат қойып сол мақсатқа жету жолында тынбай жұмыс жасауда. Осыншама жерді игеру үшін картопты себуден бастап қазғанға дейінгі керекті техникалардың барлық түрлері бар. Ең бастысы артоптың сапасына көптеп көңіл бөлінуде. Жаңа келген тұқымдықты көбейтіп, осы тұқымды ауданға таратуды ойлап отыр.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password