«Халықтың алғысынан асқан атақ та, абырой да жоқ» – дейді балалар дәрігері Назипа Қасымбаева

       Бүгінгі әңгімемізді Қызылшекара дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Назипа Қасымбаеваға арнаймыз. Зипа бойына қарапайымдылық пен жауапкершілікті тең жарастырған жан өзі жайлы әңгімені әріден бастады. Қарасаздағы Етікші Нәкен қария мен Тоқан апамыз Назипадан бөлек он қыз, екі ұл тәрбиелеп жеткізген екен. Қоңыр тірлік иелері ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында қолдан келгенді қам етіп, тіршілікте тартынбапты.

        Әр баланың өз несібесі бар демекші ұлды ұяға, қызды қияға қондырған әке мен ананың арманын ұрпақтары бүгінде ақтады десек артық айтқандық емес. Бұл жайында… иә, бұл жайында Назипа Қасымбаеваның өмір өткелдеріне үңілгенде анық аңғарғандаймыз.

       Рахымбай мен Қасымбай ақсақалдың ағайын-туыстығын татулықпен тұтастырған Нәкен қария мен Тоқан апамыздың ұрпақтары бір-бір үйдің берекесін кіргізген жандар. Бір құрсаққа сыйған он үш баланың сыйластығы, кешегі әке мен ананың көргенді тәрбиесі ауызбіршіліктің алауын лаулатпаса сөндірген жоқ.

        Бауырмал әрі қамқор қанға сіңді қасиеттің арқасында Назипаның өмірде тергені, көңілге түйгені көп. Кішкентайынан «Кім болам?» деген сұраққа жауап іздеп, сол жолдан бір айнымай келеді.

       – Кішкентай кезімде Қарасазда Күләш деген фельдшер болған. Үлкен апам ауырғанда зыр жүгіріп, Күләш тәтені іздейтінмін. Жалғыз фельдшер бір ауыл үшін қызмет көрсетті. Күнмен, түнмен таласқан жоқ. Әр қыстауды адақтап, малшы қауымның амандығын, саулығын бақты. Сондайда, дәрігерді зарыға күтуші едік. Ғайыптан тайып дәрігер болсам, апамды аяққа тұрғызам деген іштей арман тілек те жылт ететін,– дейді Назипа өткенді еске алып.

       Міне, осындай аққанат арман жетегі Назипаның мақсатын мейілінше айқындай түскендей. 4-5 жастағы қызға апасына күн ара келіп ем-дом жасайтын фельдшердің жұмысы қызықты әрі, тылсым болып көрінетін. Негізінен Күләш балалар дәрігері. Маман тапшылығын сездірмей кімді болса да басы ауырып, балтыры сыздаса емдеп-жазып алғыс арқалайтын. Сондықтан, қобдиша толы дәрісін көтеріп, керек болса Қарасазды қара жаяу аралап кетеді екен.

        Баланың ұшталып, жетілуіне мектептің үлесі зор. Сол мектепте жүргенде «Кім болам? деген сұраққа құйма құлақ қыз толық жауап тапты. Ұстаз жазғызған шығармаға бірден дәрігер болам деуі пісіп-жетілген парасаттылықтың белгісі деуден әріге аспаймыз.

       Он жылдықты тәмамдаған Нәкен қария мен Тоқан апамыздың егізі Назипа мен Анар жарады. Анар алтын медальды мойнына тақты. Назипа орыс тілінен ғана төрт деген баға алды. Бұл төрттік баға мақсаты айқын, арманы асқақ Назипаға еш кедергі етпеді. Керісінше өзінөзі қамшылауға таптырмас себеп болды. Әйгілі жазушы Луис Борхестің «Жаратушы үшін медальдың екі жағы да әлбетте бірдей болмақ» деген керемет философиясы қай кезеңде болсын құнын жоғалтпайтынын Назипаның балалық шағына саяхат жасағанда сезіндік. Сондайақ, «Әр индивидумның бойында көзге көрінбейтін, естілмейтін, сезілмейтін күш бар. Ол – өзге адамдарға өз өмірімен әсер ету. Адам қанша біреуге ұқсап баққысы келсе де, әрқашан өз болмысын жасыра алмайды», – деген Уильям Джорданның сөзінің өміршеңдігін тағы мойындаймыз. Осы екі ойшылдың даналығын бір бойында тоғыстырған Назипаның келбетін келесі өмір сатысынан аша түскендейміз.

        1978 жылы Назипа арман қала Алматыға келеді. Құдайдың қалауымен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне педиатр мамандығы бойынша оқуға түседі. Бір қызығы мектепте төртке оқыған, орыс тілін университетте беске сөйлейді. Өйткені сабақ та, ұстаздар да орыс тілінде жүреді. Осынау қиындықта талапшыл қыз тасырқай жүріп тіл сындырып, тастай маман болып шығады. Қаланың “мен” деген емханаларында алған білімін практикада көрсетіп, ұстаздарына сақа маман екенін дәлелдейді.

       Университеттегі жеті жылдық біліммен жерде қалмасын Назипа о бастан-ақ білген. Бірақ, адамның емес, Алланың дегені болады екен. Арманға толы жүрегін құшақтап, қуанышта шалқыған оны тағы да бір өмір белесі қол бұлғап шақырып тұрған еді.

        – Оқу бітірген жылы өмірлік жарымды кезіктірдім. Ол да жоғары білім иесі – мал дәрігері мамандығын оқыған. Есімі Сағындық Сыдықов. Осылай екеуіміз 1984 жылы бас құрап, үлкен өмір жолына бастадық. Қос маман иесіне қайда болса да сұраныс бар еді. Дегенмен, оқу орнының нұсқауымен туған ауданымызға жұмысқа келдік. Біз келген жылы аудандық аурухананы Болат Әлдибеков басқарып тұрған. Бірден басшымыз сенім білдіріп, жаңадан ашылған Қызылшекара ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жіберді, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

        Қызылшекара қой совхозы сол кезде 68 мыңға жуық қойы бар дүрілдеген ауыл болатын. Мұнға да халық көптеп келіп, еңбектің дүбіріне дүбір қосты. Қайнаған тіршілік еңбеккер халықты мидай араластырып, туыс-тамыр, ағақарындас етіп жібереді. Осынау берекелі ортаға Назипа мен Сағындық та жатсынбай сіңіп кетті.

        Жаңа ашылған амбулаторияның меңгерушісі мықты тіс дәрігері Секен Лешовтай білімді азамат болатын. Талапшыл әрі ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы ұжымды ұйыған берекеге жұмылдыра білді. Көргенді кісінің көрегендігін Назипа әлі күнге ұмытпайды. Секен Лешовтың Назипаға баласынбай, емхана меңгерушілігін сеніп тапсырғаны жас маманға жаңалық болады. Аса жауапты ұсынысты кейіпкеріміз алғаш қорқынышпен әрі толқыныспен қабыл алды.

        Осыдан бастап Назипа 1984 жылдан сексен тоғызға дейін бес жыл еңбек етеді. Ал 1989 жылы жолдасы оқу бітіріп келіп, Сарыбастауға көшеді. Себебі, жолдасы Сағындық әжесіне табиғи ұл болды. Сондықтан үлкен кісінің қамқорлығы өз қолдарына өтті.

       Өз ісінің білгірі Назипа Сарыбастауда да табысты еңбек етті. Ауылдық емханада 1990 жылдан 2000 жылға дейін балалар дәрігері болды. Әр басшының басқару жүйесін көрді, әр емхананың жұмыс жобасымен танысты. Үлкен тәжірбиеге құрылған өмір баспалдақтарында алдына келген науқасты дәрімен ғана емес, бір ауыз жылы сөзбен емдеуге болатынын үйренді. Тән саулығы жан саулығы екеніне көз жеткізді. Дәрігер маман үлкен психолог болу керектігін түсінді. Міне, осының барлығын Назипа К.Жазықбаев, О.Өтемісов сынды Сарыбастаудағы сақа мамандардан меңгереді.

       Өтпелі кезеңнің кесірі көпке тиген заманда жұмыс жайы қиындайды. Жалақы жоқ. Дәрігер мамандар 0,25 айлыққа жан бағады. Осындайда бас дәрігер болған Есжан Жанботаев ағамыз Назипаға қолқа салады. Сөйтіп, Назипа алғаш еңбек жолын бастаған Қызылшекараға қайта оралады.

       – 2000 жылы Қызылшекараға келгенде өз көзіме өзім сенбедім. Қирап тұрған емхананың шатыры жоқ, әбден тозған. Керегелер арса-арса сөгілген. Бір фельдшер, бір мейірбике суықтан аядай бөлмеде тығылып отыр. Бірден бұлай болмайды дедім. Халыққа денсаулық сыйлайтын орынның мұншалық мүсәпір күй кешуі жарамас деп, бар шаруаны қолыма алдым, – дейді Назипа.

       Сол кездегі Райымбек ауданының әкімі болған Бағжан Сабанчиевке Назипа Қызылшекараның ауыл тұрғындары мен дәрігерлер атынан өтініш жазады. Сүмбе ауылдық округінің әкімі болған Қасен Молдабаев та жағдаймен таныс болады. Алайда, ел-жұрттың қисапсыз талан-таражына түскен мекеме ғимараттарын сақтап қалуға мүмкіндік болмайды. Бірақ ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен заттармен Назипа ауылдық емхананың жыртығын жамауды ойластырады. «Көп ауған жаққа қызыр да ауады». Игілікті іске жұдырықтай жұмылған ұжым ұйымшылдықпен қатысып, емхананың шатыры, қоршауы, ішкісыртқы кем-кетігі қалпына келеді.

       Иә, өз ісіне 37 жылдан бері жауапкершілікпен қарап келетін зейнет жасындағы балалар дәрігері, жастарға көргенбілгенімен бөлісуден аянған емес. Әсіресе, қол астындағы мамандарына Гиппократ антына, ақ желеңдей арына адал болуларына үндейді. Атап айтар болсақ фельдшер Ардақ Нәдірбекова, аға мейіргер Нұрсұлтан Әбілмәжін, аға мейірбике Алмат Ашақай, күндізгі стоционар мейірбикесі Михрибан Қожа, мектеп мейірбикесі Данышпан Әден, МОП Кербез Тұрғанжан, тазалықшы Гүлім Құмғанбаева, Күлмария Баракбаева, Бану Исаева, көлік жүргізуші Алтай Байбосынов, күзетші Рысбек Базарбаев сияқты мамандар осындай озаттар қатарынан табылады.

       Құрметті оқырман! Кейіпкер келбеті бір емес бірнеше мақалаға жүк болары сөзсіз. Өмірлік жары Сағындық Сыдықовпен Зұлқарнай, Шырын, Бегландай ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ұлағатты отбасы ауылаймаққа ғана емес, ауданға үлгі десек жаңылмаймыз.

       Отағасы «Ұлағатты ұстаз», «Спортқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарының иегері. Сағындық ағамыз бұл марапаттарға әбден лайық. Өйткені, ел мақтанышына айналған ережесіз жекпе-жек спортының чемпионы Сырым Бектұрсындай азаматты тәрбиелеп шығарды. Маңдай термен келетін жеңістің салмағын жанымен, тәнімен сезінетін бапкер Қызылшекарадан әлі талай чемпиондар дайындайтынына бек сенеміз.

        «Асыл – асылға, нәсіл – нәсілге тартады», — демекші Сағындық аға мен Назипа тәтенің ұл-қыздары да жоғары білімді азаматтар. Үлкен ұлы – Зұлқарнай Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің физика-математика факультетін бітірсе, қызы – Шырын Қ.И.Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу университетін информатика мамандығы бойынша оқыған. Ал кенже ұлы – Беглан UIB Халықаралық бизнес университетінен экономика мамандығы бойынша білім алды.

        Міне, зейнет жасында болса да еңбекке құштар Назипа Қасымбаеваның жастарға үлгі жарасымды өмірі осындай. Сөз соңында, әлемдегі үш бірдей қиын мамандықтың бірі – медицина саласына жанымен де, арымен де берілген аяулы ана, білімді балалар дәрігері – Назипа Қасымбаеваның өз ісіне деген жанпоздығына, жауапкершілігіне бас иіп, табыс тілейміз.

       Р.S. Сұхбат соңында Назипа тәте бір оқиғамен бөлісті. «Жас кезім. Қабылдауыма бір науқас келді. Қан қысымын өлшеп жатқанда қор ете түсті. Клиникалық өлім болғанын түсіндім. Қорыққанымнан залға жүгіріп шығып, екі жігітті көмекке шақырдым. Олар науқасты көтеріп төсекке жатқызды. Қанша жүрексініп тұрсам да, бар білгеніммен алғашқы көмекті көрсетіп үлгердім. Бірден жүрекөкпе ранимациясын жасап, құтқарып қалдым. Одан кейін ол азамат сол жүрекпен жиырма жыл өмір сүрді. Отбасы, бала-шағасы жиырма жыл алғаусыз алғысын жаудырды. Айтпағым, халықтың алғысынан асқан атақ та, абырой да жоқ екенін сол кезде түсіндім» –дейді кейіпкеріміз.

Серікжан Мурасилов, журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password