ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПЛЭНЕР ҚАРАСАЗДАН БАСТАЛДЫ

        Жуырда қасиетті Қарасаз ауылында халықаралық «ТҮРІКСОЙ» ұйымының бастамасымен «Туған жерім – тұғырым» жобасы аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған кәсіпқой суретшілердің халықаралық плэнері болды. Плэнер – айнала қоршаған атмосфера мен күн сәулесі әсеріне байланысты картинадағы барлық бояу түсінің өзгеруін білдіретін кескіндеме деген ұғым береді.

        Аталған шара табиғаты көркем туған жерімізден бастау алуының себебі де сондықтан. Төрт мезгілде төрт түрлі күйге енетін ақын ауылының бүгінгі келбеті нағыз картинаға сұранып тұрғандай. Ал қоңыр тірлігінен – қаймағы бұзылмаған қазақтың иісі аңқитындай. Қылқалам шеберлерінен құралған делегацияның көзінен де, сөзінен де біз осыны ұқтық. Ұзын басы сонау Өзбекстан мен Қырғызстаннан, қала берді Қытай Халық Республикасынан және еліміздің түкпір-түкпірінен қоғамдасқан шығармашылық топты қарасаздықтар жылы қарсы алды. Аттан да, салттан да аумаған әжелеріміз көпшілікке арнап шашу шашты.

        Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов бастаған аппарат мүшелері, жергілікті ауыл әкімі өкілдері, мәдениет, кітапхана қызметкерлері, өнерпаздар алдымен саулық сұрасты. Бұдан кейін поэзияның патшасына айналған Мұқағали Мақатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Естелікке суретке түсті. Сонсоң, ақынның өмір-өлеңін дәріптейтін мемориалды мұражайға бас сұқты. Сен тұр мен атайын деген жалынды жастар жырдан дауыл тұрғызды. Ақынның тоқсан жылдығына орай жаңа безендірілген мұражай көз тартар кейіпке еніпті. Қабырғаны қаптай жапқан суретшілердің картиналары бәрі дерлік ақынға арналған. Бала шағы мен болашағы, даналығы мен даралығы дәл кескінделген дара шығармаларды кәсіпқой суретшілер жоғары бағалады.

        Кездесуде 90 жылдық мерейтойға арналған игі-істер сөз болды. Қазақ әдебиетінің Хантәңірі – Мұқағалидың құрметіне республиканың түкпір-түкпірінде шаралар өтуде. Соның ішінде, өзі туған ауданда үлкен жұмыстар жасалуда.

        – Ақиық ақынның тоқсан жылдығын атап өтуге Алматы облысы әкімі Амандық Ғаббасұлы үлкен мән беріп отыр. Сондай-ақ, өз дәрежесінде насихаттауға облыстық мәдениет басқармасымен бірлесе біршама жұмыстар істедік. Атап ай- тар болсақ, өткен жылы ақын атындағы мұражай жөндеу көрді. Сонымен қатар, аудан орталығы Нарынқолдан қазан айында Мұқағали Мақатаевқа арналған ескерткіш ашылады,–деді аудан әкімі.

        Жиырмаға жуық кәсіпқой суретшілер делегациясын бастап келген Алматы облысының көркемөнер галереясының директоры Қайрат Қаблисанов Қарасазға келгендегі әсерімен бөлісті. Қайда көзіңді салма табиғаты суретке сұранған мекенге ие – ел-жұртқа шексіз алғысын білдірді. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы, академик, облыстық мәслихат депутаты Ермұхан Жүніс Райымбек ауданы – үйсіндердің қорған, қалашықтары сақталған тарихи орын екенін мақтанышпен айтты.

        Мұнымен қонақтар, мұражайды аралап қана қоймай, ақын қолданған заттарынан, сүйіп оқыған кітаптарынан, киген киімдерінен, сарғайған қолжазбаларынан шығармашылық шабыт алды, тағдыркешті өмірімен бір сәт тыныстады.

Серікжан МУРАСИЛОВ,

Қарасаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password