ТӘҢІРТАУДЫҢ  КЕРБЕЗ  ШЫҢЫ

 Бала кезімізден Хантәңірі шыңын көріп өскендіктен  оның тарихына жете мән бермедік. Оның тарихын  мұғалімдер де  оқытпады, өзімізде ізденіп оқымадық. Оның биіктігі қанша метр, алғаш және кейін кімдер шыққанын білмедік.  Қысқасы Хантәңірінің тарихын білмей өстік. Ауданымызға алғаш келген қонақтар үшін шыңды көру  бір бақыт саналатын. Шыңды көру бақыты екінің біріне бұйыра бермейтін. Қалай десеңіз де, ел ішінде сондай наным бар. Кербез шыңның басын бұлт басып тұрған кезде, асқақ бейнесін көре алмай, өкініп арманда кеткен  қонақтардың талайымен табақтас та болғанбыз.

Бір қызығы олар шыңды көре алмаса да : «Шыңның мен танымаймын аласасын, Төбе де аласамен таласасың. Тянь-Шанның шашақтаулы найзасындай, Қайсың  Хантәңірмен  жанасасың…» деп  Мұқағалидың өлеңдерін жатқа айтатын. Кейбір қонақтар Тянь-Шань тауының тарихын да айтып отыратын. Негізінде Тянь-Шань тауы жайлы алғашқы мәлімет бұдан 1200 жыл бұрын қытай дерек көздерінде кездеседі екен. Тянь-Шань сөзі қытай тілінде  «Аспан тау» деген ұғымды білдіреді деп жазылған. Алайда  кейін  география ғылымдарының докторы Эдуард Мурзаев бұл атау түркілердің Тәңірі (Танры-Бог) және нышан (нишан-метка) сөздерінен тұратынын дәлелдеп айтқан. Тауды тұңғыш рет ғылыми түрде ашқан орыс ғалымы Семенов Тянь-Шаньский болған. Ол  Х1Х ғасырдың ортасы 1856-1857 жылдары  Тянь-Шаньға жасаған сапары кезінде бірінші болып хатқа түсірген. Зерттеуші осы хатқа түскен ғылыми мәлімет арқылы Ресей жұртшылығын  Хантәңірімен таныстырған.     Тянь-Шань тауы Азиядағы ең ірі таулардың бірі. Тұрған орнына байланысты таудың шығыс бөлігі Қытай жерінде,  Солтүстік және батыс бөлігі Қазақстан жерінде ал оңтүстік батыс бөлігі Қырғызстан жерінде орналасқан. Ең биік жері 7439 метрлік жеңіс шыңы . Ал Хантәңірі 7120 метр (бір жерде 6995 метр) Қытай, Қырғызстан және Қазақстанның шекарасында орналасқан. Бізге қараған жағы жып-жылтыр мұздан жасалған  үшкір пирамида тәрізді болып келеді. Бір кереметі бұлтсыз күндері күн ұясына батар шақта, күннің сәулесімен  шыңның  басы өзгеше алаулап, қып-қызыл қан шашып түрғандай көрінеді. Сондықтан қырғыз ағайындар  «Қантау» деп атаған. Мраморная стена шыңы Тянь-Шанның солтүстігіндегі алты мыңдыққа жатады. Хантәңірі мен Мраморная стена шыңдары әлем алпинистерін қызықтыратын орындардың бірі болып табылады. Мраморная шыңының батысынан бастау алатын Сарыжаз жотасында биіктігі 5000 метрден асатын 17 шың бар. Сондай-ақ Сарыжаз жотасының Қазақстандық бөлігінде «Қарлы тау» шыңы мен «Советтік» шыңдары  бар. Шыңға шығуға ынталанған альпинистер 1864,1876 және 1886 жылдары Хантәңіріне бірнеше мәрте экспедиция ұйымдастырған. Бірақ ХХ ғасырға дейін шыңды ешкім бағындыра алмаған. 1900 жылы италияндық географ және шың бағындырушы Ч.Боргезе мен М.Цурбригтен бірінші болып шың басына шығуға талпыныс жасаған. Алайда жолдары болмай  орта жолдан қайтып кеткен. 1902 жылы неміс географы әрі альпинист Г. Мерцбахер нарынқолдық аңшы Нобаковты  жолбасшы етіп таудың  Байынқол аңғары арқылы 5500 метр биіктігіне дейін көтерілген.  Одан әрі шыңға шығу әрекеті іске аспай  қайта қайтқан. Өзінің күнделігіне:  «Тянь-Шань–альпинистердің  әуестенушілік  әуресін көтеретін жер емес»,   деп жазып кеткен. Сол жылы  ол Хантәңірінің биіктігін 7120 метр деп белгілеп берген. Г. Мерцбахерден кейін 1929 жылы мәскеулік біртоп альпинистердің де шыңға шығу әрекеттері іске аспаған. 1931 жылы  11 қыркүйек күні украиндық саяхатшылар альпинист    Михаил Погребецкий, Борис Тюрин және Франц Зауберер  қазіргідей құрал-жабдықтың жоқтығына қарамай, барлық қиындықтарды жеңе отырып Хантәңірінің ұшар басына шыққан. Бұны альпинистердің Ұлы жеңісі деп атауға болады. М.Погребецкий бастаған топ шыңның биіктігін теңіз деңгейінен 6995 метр деп анықтаған. 1936 жылы 12 адамнан құрылған алматылық бір топ альпинистер тобы шыңға батыс жағынан өрлеген. Олардың  ішінен  Кибардин, Колоколников  және Тютенников үшеуі ғана шың басына шыққан. Алматылықтардың ізімен сол жылы аттанған мәскеулік альпнинистер шыңға шыға алмай, бір альпинист мерт болған. Басқалары үсіп жолда қалған жерінен құтқарушылар тікұшақпен құтқарып алған.  1964 жылы мәскеулік альпинистер К.Кузмин мен Б.Романов  Хантәңіріне солтүстік және оңтүстік жағынан шығып жол салған. 1970 жылы «Труд» және «Локомотив» атымен белгілі альпинистер де шыңға шыққан.  1974 жылы жазда шыңның солтүстік қабырғасынан Ж.Мысловский мен Б. Студенин шығып шыңды бағындырған. 1988  және  А.Савин мен Е.Дармин шыңның шығыс жағынан шығып, Хантәңіріне шыққан альпинистердің  қатарында болды. Альпинизм спорты-өте қауіпті спорт болып саналады. Адам түгілі құс төресі бүркіт те жетпес биікке бет қаратпас түлей боранмен қоса 60 градусқа дейінгі аязға шыдап шыңға шығу айтуға ғана оңай. Оның үстіде оттегінің жетпей қалу  салдарынан жүректің әлсізденуі, үсік шалу, тастан құлау және адасып кету –адамның опат болуына әкеліп соқтыратын түрлі жағдайлар. Кез келген альпинист өзінің қайтып оралмай қалуы мүмкін екенін біледі. Ондай жағдайлар өте көп болған.   Мәселен Эверест шыңына (биіктігі 8848 метр) шығар әр маршуруттың  бұрысы мен бұлтарыстарында бүгінде шамамен 200 дің үстінде альпинистер жатыр деседі. Мұндай жағдай Хантәңіріне де тән. Оның да сай саласында, қалың қар мен мұздың астында және шыңырауында өзіміздің де, шетелдің де біраз азаматтары мәңгі тұрақ тапқан. Шыңға өрмелеген альпинистер жіпке тізгендей шұбалып, жолында жатқан мәйіттерді аттап-бұттап өте береді екен. Мәйітті қастерлеп, жолдан бұрылып кетсе, жолынан адасып, құз–шыңға құлап кетуі әбден мүмкін. Шың-құздар еркелікті көтермейді және қателікті кешірмейді.  Жолдастарына қол созып, көмектесе алмайды. Ол мүмкін емес, өйткені өзі шыңға әрең шығып, немесе әрең түсіп келе жатқанда кем дегенде 70 киллограмдық салмағы бар жолдасына көмек бергісі келседе көмектесе алмайды. Көмектесу деген-өзі сонымен бірге сонда қалу деген сөз.                                                                                                             Біздің елде  ауыз толтырып айтататын және мақтан тұтатын альпинистер баршылық. Олардың қатарында Валерий Хрищатый, Қазбек Уәлиев және Денис Урубко мен Мақсат Жұмаевтар жатады.                                                                        Валерий Хрищатый небәрі 14 жасында Алатаудың 4 мың метрлік биігіне шыққан жап-жас өрен. Ол 41 жыл ғұмыр кешіп, 350 рет түрлі биікке шыққан. Памир мен  Тянь-Шань шыңдарына 50 жаңа маршрут салып, 33 рет жеті мыңдыққа көтерілген  және Хантәңіріне 6  рет шыққан альпинист. 1993 жылы Чапаев асуында мұз көшкінінің астында қалып мерт болған.                                                                           Қазбек Уәлиев  сегізмыңдық Эверестті, Канченджанга (биіктігі 8586 метр) мен Дхаулагириді (биіктігі 8167 метр) және 1974-1990 жылдары  КСРО териториясындағы 7 мыңдық шыңдардың бәрін бағындарған. Қазбек Уәлиев 21 мәрте биік шыңдарға шығып, «Қар барысы» құрметті атағына ие болған альпинист. Қазір «Хан –Тенгри» атты туристік фирманы басқарып келеді.                                                                                         Мақсұт Жұмаев 1977 жылы  Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген Сырым батырдың тікелей ұрпағы. Биік тауды Алматыға келгенде ғана көрген. 1998 жылы институтты бітіріп, әскер қатарында болып келген. Әскери борышын  Алматыдағы спорт батальонында  өтеген. 2000 жылы 9 тамызда Хантәңірі шыңына шыққан. Сондай-ақ әлемдегі 14 сегізмыңдықтың бәрін бағындырған. Сонымен қатар       сегізмыңдық шыңдардың басына 16 рет оттегі баллонынсыз  шыққан алғашқы альпинист. Мақсұт Жұмаев «Қар барысы» құрметті атағын алған және альпинизм спортында атқарған ардақты істері үшін еліміздің «Құрмет» орденімен марапатталған алғашқы қазақ.

Беркін  ӘКЕБАЕВ,

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password