Туған жерге туыңды тік

 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Рухани жаңғыру бағдарламасында «Әрбір өлкенің есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»- деп атап айтқан еді. Осы мақсатта, өскелең ұрпақтың есінде ерекше сақаталатын  біртуар азамат жерлесіміз,  бар саналы ғұмырын ағарту саласына арнаған, елеулі еңбек иесі, білім саласының бірегей үздігі Нұрәділ ҚАЛИМОЛДАЕВ аты айшықты аталады. Осыған орай, Нұрәділ Әшімбайұлының атынан ауданымыздың орталығындағы ғасырдан көп тарихы бар Т. Жанұзақов атындағы білім ошағында  информатика кабинеті ашылды.

  Аталған білім ошағында бұл күнде Білім беру ісінің үздігі Нұрәділ Әшімбайұлының туған туыстары, ұрпақтары, көз көрген жақындары  арнайы келді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, лентасын қиды.

    Аталған кабинет түгелдей заманауи техникалық тұрғыда жабдықталған. Оқушыларға арналған парталар, орындықтар,  жазу тақтасы мен соңғы үлгідегі  компютерлер  қойылған.  Жалпы алғанда оқушылар үшін толыққанды білімін жетілдіруге керекті құрылғылар қарастырылған.

     Кештің көрікті қонақтары Нұрәділ Қалимолдаев пен  ардақты әжеміз БисараТұрғынбекова  көпшіліктің қошеметімен сахна төріне көтерілді. Құрмет құшағына бөлеген халайық, қос мерей иесіне ризашылық танытты. Аудан басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан  білім беру саласына қатысты сөз сөйледі. «Білім беру сапасын жақсарту үшін мектептерді сапалы оқулықтар мен заманауи үлгіде жабдықталған оқу кабинеттерімен қамтамасыз ету керек, –  деген жолдарын тілге тиек етіп, қос құрмет иесіне алғысын арнады.  Сонымен қатар, туған жерге туын тігіп, демеушілік жасап жүрген азаматтарға халық атынан рахметін айтты.

    Қонағын төрге оздырған аспантау елінің қонақ жайлығын танытқан ұйымдастырушылар  Нұрәділ атамыздың иығына  шапан жапса,  апамызға зерлі комзол кигізіп, құрмет танытты.

     Өз кезегінде  Нұрәділ қария   ұстаздар мен қонақтарға алғыс айтып, ақсақалдық батасын берді. Қарияның  сыныптасы дуалы ауыз, ардагер ақсақал Таутай Естеусізов  құрдасын қуанышты күнімен құттықтады. Өткен-кеткен өмір өткелдері жайлы сөз қозғады.  Сондай-ақ, атамыздың ұлы  Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі Ғылым комитеті Информатика және басқару мәселелері институтының директоры, профессор  Мақсат Нұрәділұлы сөз алды. Шараның өтуіне атсалысып  отырған аудандық білім бөліміне,  Т. Жанұзақов атындағы мектептің ұстаздарына ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұлағатты істеріне  табыс тіледі.  

     Шарада  математика, информатика пәндерінен олимпиада ұйымдастырып, оқушылардың білім сапасын көтеруге бір кісідей атсалысып жүрген Мақсат Нұрәділұлына мектеп ұстаздары мен оқушылары алғыс білдірді. Кішкентай жүрегінен тілегін білдірген 10-сынып оқушысы Абзал Сламқожа мектеп үшін көрсетіп отырған игілікті істеріне оқушылар атынан  рахмет айтты.

Келген қонақтар тарихы терең  мектептің өлкетану мұражайын тамашалады.  Атамызға арнайы жасалған  бұрыштың ашылу рәсіміне куә болды. Бұл  мезетте, спорттық жарыстардың – шахматтан, волейболдан, шағын футболдан жарыстар ұйымдастырылды. Аталған спорттық мерекеде  төменгі сынып оқушылары «Мектебім – мақтанышым» атты тәрбие сағатын ұйымдастырса, жоғары сынып  оқушылары  концерт  қойды.

  Шағын футболға ауылдық округтерден  7 команда қатысып, тартысқа толы ойын болды. Намысты қолдан бермеген  Нарынқол ауылының қос командасы жүлделі екі орынды өзара бөлісті. Ал  волейболға қатысқан 12 команда ішінде Текестіктерге тең келер ешкім табылмады. Тартысты ойынның жүлделі екінші, үшінші орны Тұзкөл  мен Нарынқол ауылына бұйырды.   Өре ойыны саналған шахматтың шаршы алаңында  ой жарыстырған 12 спортшы ішінде  жамбылдық  Шапағат Әділбеков  қарсылас шақ келтірмесе, екінші орынды Алматы қаласының шахматшысы  Нұрдәулет Исимов місе тұтты.

Барлық қатысушылар   мараппатталып, ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password