Темір тұлпар тізгіндеген ана

        Еңбегі ерге бергісіз К-700, ДТ-75 тракторларын тізгіндеген Гүлбара Бәшебаеваның есімін ел есіне салуды жөн көрдік. Әкесі Бәшебай Тыныбаев Ұлы Отан соғысында Сталинград үшін шайқаста қайтыс болған. Анасы Күлімхан Тыныбаева көп жыл совхозда жұмыс істеген. Анасына қамқор болған Гүлбара он жылдықты бітірген соң ойланбай еңбекке араласты.

       Әке қазасы Гүлбараның белін буып, қанатын қатайтты. Өмірді ерте ұғынуға жол ашты. Қарт анасына қарайласқан ол жанұя жағдайына байланысты оқуға бармайды. Сөйтіп, 1960 жылы поштаға газет таратушы болып уақытша жұмысқа тұрады. Трактор айдауға қызыққан қыз ақыры 1964 жылы Сарыжаздағы училищеге тракторист мамандығына қабылданады. –

       Үйде бір тал қызсың. Трактор саған қол емес деп анам қарсы болды. Оралбек Шамырхановтай азаматтың арқасында анам рұқсатын берді. Үш ай оқыдым. Көп қыз оқыды. Солардың ішінде тракторист мамандығын алып шыққан жалғыз мен болдым,–дейді Гүлбара апамыз.

       1965 жылы Гүлбара «Абай» совхозы берген су жаңа ДТ-75 тракторын 1974 жылға дейін жүргізеді. «Абай» картоп, Қызылшекара қой совхозы болып екіге бөлінген жылы Гүлбара Түрген училищесінде бір жыл білімін жетілдіреді. Сөйтіп, К-700 тракторын Қызылшекара қой совхозы тарағанша тізгіндейді. Алматы қаласындағы колхоз үйіне барған Гүлбараны инженер Уәли Мырзабаев күтіп алып, К-700-тың кілтін тапсырады. Қаршадай қызға 355 шақырым қашықтықтағы ауылға бұрын соңды айдап көрмеген К-700 тракторын жеткізу оңайға соқпайды.

         – К-700-ты Алматыдан Қызылшекараға түнгі сағат 12-де аман-сау айдап келдім. Үйге келгенде аяқ-қолымның дірілі басылды. Шешем мен енем қуанғаннан К-700-қа шашу шашты. Көптің тілеуімен айналасы 30 жылдай темір тұлпар тізгіндедім,– дейді кейіпкеріміз.

       Еңбектің майданында қапылмаған Гүлбараның еңбегі еренақ. Ауылға мектеп тұрғызу үшін Алматы қаласынан құрылыс материалдар тасыған. Калоналар, цементтер, кірпіштер тиеген сегіз К-700-тың бірін апамыз басқарған. Бұдан басқа көктемгі жер жырту, егін егу жұмыстарында, күзгі-жиын терін науқанында алғы шепте жүрді.

       Даланың тірлігі мен үй шаруасын тең ұстаған Гүлбара оныншы сыныптан кейін-ақ тұрмыс құрады. Мамандығы механизатор Ұзақ Қонаевтай азаматпен бас құрап, бес бала сүйеді. Ақ қар, көк мұз демей далада, жолда К-700-тың кісі бойындай дөңгелектерін ауыстыру, істен шыққан қозғалтқышын жасау, сынған агрегаттарын қалпына келтіруді бес саусақтай меңгереді.

       «Ой ексең – әрекет орасың, әрекет ексең – әдет орасың, әдет ексең – мінез табасың, мінез ексең – тағдырыңды табасың»- демекші әрекетінен – берекетін тауып, әдетімен мінезін қалыптастырып, тағдырын жарастырған Гүлбара анамыз бүгінде 78 жаста. Осынау ордалы еңбегінің арқасында 1967 жылы партия қатарына қабылданады. Сондай-ақ, 1974 жылы Құрмет белгісі ордені, 1980 жылы Қызыл Ту ордені, 1981 жылы Паша Ангелина жүлдегері атанып, бес жылдық жеңімпаз медальдарымен марапатталады.

  Серікжан Мурасилов,

Қызылшекара ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password