Тау мінезді тарлан ақын

  «Өлеңге әркімнің де бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы»,- деп хакім Абай айтқандай, қазіргі таңдаулы қазақ ақындарының бірі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі- Сәлім Октябрұлы Жусанбай дер едім.

Көзімін артта қалған көнелердің,

Көктеген бұтағымын жыр өнердің.

Сақтаған сарқытымын сабадағы,

Еркін мен Мұқағали, Төлегеннің,- деп өзі айтпақшы тума талант Сәлім ақын да Шарғын, Көдек, Бердібек, Мұқағали мен Еркіндей жыр дүлдүлдері шыққан аспантаулар өлкесінің бір перзенті.

        Сәлім Жусанбай 1960 жылы 19-қыркүйекте қазіргі Райымбек ауданының Шалкөде ауылында дүниеге келген. Сәлім орта мектепті ойдағыдай бітіріп, Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдап, шаруашылықтарда еңбек ете жүріп, өлең өлкесіне түрен салды. Сәкеңнің таудай талабын көре біліп, бұлақ көзін ашқан ұстазы әрі анасы, тіл маманы- Раушан Ауытбаева болса, алғашқы өлеңдерінің тұсауын кесіп, өлеңмен ақ батасын берген ардагер журналист- жазушы, Мұқағали ақынның ұстазы- Әлнұр Мейірбеков ақсақал болатын. Сәлім ақын тұңғыш бала болған соң, атасы мен әжесіне табиғи болғанымен анасына тартып туған азамат. «Анаға тартқан ұл бақытты», — дейді екен атам қазақ.

Неге анама тартпаймын, тусам содан,

Асыл анам әрине бізді аңсаған.

Немересін сүйгіздім емірентіп,

Жақсылығым анама сол жасаған,- дейді ақын. Сәкең ауыл шаруашылығының белді маманы болғанымен шаруашылықтар таратылған соң өзіне тиесілі үлесін алып, жеке шаруашылығын жүргізуді ұлдарына тапсырып, өзі қасиетті қаламын қолына алып өлең өлкесіне бірден бет бұрды.

Бәрін де көрдік қысқасы,

Барлығы да қысқарды.

Ақын болдық ақыры,

Қысқармайтын штаты,- деуі де сондықтан болса керек.

        Сәлімнің осыған дейін жарық көрген, «Өткерген өмірімнің бәрі майдан», «Уақыт үні», «Қарлығаштың ұясы», «Айғайтас» атты жыр жинақтарын оқығанда, өлең шумақтарының шымырлығын, ұлттық рух пен сезімді, адамның жүрек соғысы секілді ырғақты, яғни гармонияны сезінесің.

Сен әкемсің Шалкөде,

Анамсың сен Қос-Шибұт.

Өстім жұмақ өлкеде,

Елі дархан, жері құт,-деп  туған жерін жырласа, алыстағы найзаның жебесіндей, ата- баба атамекені Айғайтас туралы:

Кеш тәңірім, басқа жұмақ жоқ десем,

Көзайым боп көрік беріп көктесем.

Айғайтасым айғайлап тұр алыстан,

Айналайын, Атамекен, ақ мекен!- деп толғанады. Қарлығаш деген кішкентай ақ бауыр адал құс бар. Ол өз ұясын, адамдар жүрген жерге жақын үй төбесіне салады. Адамнан қамқорлық, қолдау күтеді.

Құс едің қандай әсем, мамығы бауырында.

Бізді де өстіп шешем, өмірге баулыды ма?

Ұясы қарлығаштың, тілеймін құламауын,

Сенің де балапаның, тілеймін жыламауын.

Менің де балапаным, тілеймін жыламауын,- деп жырласа, қазіргі кейбір замандастардың ішмерездігі мен арамдығына, жағымпаз, жантықтығына, қайырымсыз, қатыгездігіне, арсыз, абыройсыздығына қапаланған сәттерінде, жамандыққа жаны қас ақынның:

Сөзіңнің атасын өлтіріп,

Сөйлейтін жерлерде шет қалсаң,

Ақын боп туғаның өтірік,

Шындықты шыңғыртып айтпасаң,-деп замана шындығын, айтатын жерде айта білуі де екінің бірінің қолынан келмесе керек. Ақын «Дүние-ай» атты өлеңінде:

Абайдың ақиқат қып бар өлеңін,

Қасымдай хан майданға барар едім.

Нарында туған нардай Махамбетті,

Есіне талай ездің салар едім.

Мұзбалақ Мұқағали туған жұрттың,

Қыраны болып, бүріп алар едім, — деп жәдігөй жантықтар мен тойымсыз жемқорларды, парақор сатқындарды, жыр жебесімен түйрейді. Әр ақынның өлеңі өз мінезінің көрсеткіші. Сәлім Жусанбайдың бірде жауындатқан, бірде дауылдатқан, бірде лүп еткен желі жоқ шайдай ашық тау табиғаты сияқты өлеңдері де оның тау мінезді тарлан ақын екенін аңғартады. «Ақындық ардың ісі» өлеңінде:

Тайға таңба басқандай оттан қарып,

Шындықты айтар шыңғыртып, шоқпар алып.

Жыр тудырар тулатып, жоқтан бар қып,

Ақын деген осындай сотқар халық,- десе де, Сәлім сотқар ақын емес, Даубай ақын айтқандай «Сойқан ақын».

Жемірлер бәрібір тоймайды,

Өңештен қылтамақ болмаса.

Немесе:

Олар әлі оқыған жоқ Абайды,

 Атақ үшін құшақтап жүр кітабын,-дегендей, ел мен жер, ұлт пен тіл қамын ойлаған ақынның, шындықты шыжғырып айтқан өлеңдерінен оның адуынды асау мінезін байқауға болады.

Шен шекпенді мықтыны жырламай-ақ,

Сынса сынсын, тағы да сынған аяқ.

Жорғаламай жүріп те жер басатын,

Атағы жоқ ақынбыз жалаң аяқ, — деген сөзі де рас. Ақын «Мұқағалиға шағыну» атты өлеңінде:

Басты кессе, тілім сөйлеп тұрады,

Тілді кессе бар арманым құлады.

Шақса мені жемірлердің жыланы,

Бір Алланың болар оған сұрағы.

Осы менің осы аға бар шыным,

Жалғандыққа, жауыздыққа қарсымын,-деуі, Сәлімнің өзіндік ақындық кредосы. Оның әділетті, шындықты сүюі, өлеңінен философиялық ой түюі заңды құбылыс. «Түлкі өмір» өлеңінде:

Аяқ асты көлгірсу қиын маған,

Ондай тағдыр басыма бұйырмаған.

Нөсерім тұр көгімде құйылмаған.

Жемісім тұр бағымда жиылмаған,

Қажетіңде сыр болып ағытылар,

Жыр көрігін қыздырар шабытым бар.

Сыбағасын сылдырға ілдірмеген,

Қыран қиял, қырағы намысым бар, — деп шабыты тау суындай тасыған шақта, Сәлімді тоқтату оңай емес. Ондай сәтке ауылда жүргенде бір – екі рет өзім де куә болғанмын. Мұндай ақындарды қазақтар «Арқасы бар, аруақты ақын» дейді. Қырғыздар түнді таңға қосып ырлайтын, арқалы ақындарының арқасына су сеуіп тоқтататын көрінеді.

        Басқа ақындар сияқты Сәкең де серіліктен құр алақан емес. Егде тартқан шағында ай десе аузы, күн десе көзі бар жас сұлуға ғашық болып:

 Сормай-ақ, сорым қайнап ерідім мен,

Балбырап бал татыған ерініңнен.

Қос анар қол тигізбей дірілдейді,

Жігітте арман жоқ-ау сені сүйген,-деп қайта оралмас жастық шағын есіне алған екен. Ақынды ақын жоқтамаса болмайды. Жыр жампоздары Мұқағали мен Қасымның туған жерлерінде өткен мерейтойларына құрметті қонақ ретінде шақырылған Сәлім ақын, Мұқаңның 80 жылдық мерейтойында:

Уақыт шіркін тұрмайды алмастырып,

Қап түбінде жатпайды алмас қылыш,

45 те тоқтаған қыршын ғұмыр,

Ақсақал боп төрде отыр, малдас құрып,-деп жырласа, Қасым ақынның ғасырлық мерейтойында:

Қазақпыз ғой,

Тірлікте бәрі батыр,

Қайран ақын Қайтқан соң, санын соғып,

Тойын жасап, Шашылып Арғын жатыр,-деп ақындарға тіршілігінде көрсетілмеген сый- құрметтің өлген соң көрсетілетінін астарлап жеткізеді.

        «Оразәлі ақынның рухына» атты өлеңінде:

Орның қалды ойсырап қыр басында,

Жоқтауы әлі таудың тұр басылмай.

Амал бар ма, аузыңның дуасы бар,

Ақын едің бір туар, бір ғасырда,- деп мойындаса, ақын Еркін Ібітановқа арнаған «Елшенбүйрек» поэмасын ақынға өлеңмен қойылған ескерткіш десе де болғандай. Сәлімнің бірнеше өлеңіне сазгерлер ән де жазыпты. Ақын мәдени көпшілік орындарда, поэзия кештерінде жыр сүйер оқырмандармен де жиі жүздесіп отырады. Биылғы карантиндік шектеу шаралары кезінде де Райымбек аудандық кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен 9- мамыр Жеңіс күні қарсаңында жыр сүйер қауыммен Сәлім Жусанбайдың онлайн кездесу кеші болып өтті.

       Сәлім ақынның отбасы бұл күнде Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында тұрады. Сәкең аяулы жары Майгүлмен ұлдарын ұяға қондырып, немерелер сүйген ақ басты ата мен ақ жаулықты әже болып отыр.Сәлім ақын өзінің «Сүйінші» атты өлеңінде:

Жан дүнием бірде ысып,бір суып,

Ақ періштем,келді құйттай құлшынып.

Тамырымнан,өнді көктеп бір шыбық,

Тоқтамайды енді өмір тіршілік,-деп ата мен бала өмірін жалғастырар ұрпағының өмірге келуіне жүрегі жарыла қуанады.

Атам кепті соғыстан балдақ алып,

Жалындаған жастығы сонда қалып,-деп жырлаған Сәкең, Жусанбайдай текті ата мен Әзілдей мейірімді әженің көзін көріп, Октябр мен Раушандай текті әке-шеше тәрбиесін бойына сіңіріп және өз балалары мен немерелеріне ұлттық рухта тәрбие бере білген азамат.

Балаларым бақытты шам- шырағым,

Жаратқаннан жалынып шын сұрадым.

Өздеріңнің бойыңнан көрсем шіркін,

Ер Қазақтың, дархан бір тамшы қанын,- деуі де көргенділік әрі тектілік. Сәлім ақынның бар өлеңін тізіп, талдап бір мақалаға сыйғызуды мақсат тұтпадық, десек те:

Жұрттың сөзін жеткізе алсам сол арман,

Ұл боп туып, ер боп өлсем анамнан,-деп өз мұңынан ел мүддесін жоғары қоятын тарпаң мінезді тау ұлы Сәлім ақынның 60 жас мерейтойы құтты, мерейі үстем болсын демекпін! «Алпыс-тал түс» дегендей жүз шақырымдық өре бәйгеге қосылған, сәйгүліктей жараған Сәкеңнің алпыс жастан кейін екінші тынысы ашылар,бәлкім…

Елеусіз Ахметкерімұлы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password