Тамызықты қажет етпейтін көмір

      Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылдық округі аумағындағы, Қытаймен шекаралас, теңіз деңгейінен 3500 метр бииіктікте орналасқан «Бүркіт отын энергетикалық компаниясы» ЖШС өңір тұрғындарын 20 жылдан бері көмірмен қамтамасыз етіп келеді. Өткен ғасырдың 30-жылдарында геологтар бұл жерден алтын іздейміз деп барлап, қоңыр көмірге тап болған. Бұл кеніште көмір қабатының ұзындығы 8 шақырым болса, ені 2-3 шақырымды құрайды. Аталған кеніштен өндіріліп жатқан «Б» маркалы (3Б топты) қоңыр көмірдің күлділігі төмен, қызуы жоғары. Жалпы көмір қабатының қоры 80 миллион тонна болса, оның 41 миллион тоннасы ашық өндіруге қолайлы. Қысымыз алты айға созылатындығы барлығымызға белгілі. Қазан айынан бастап от жаға бастаймыз. Сәуірге дейін күн жылына қоймайды. Расында да бізді жылытып отырған Ойқарағайдың көмірі. Жылулық шаңырақтың берекесі екені анық.

       «Бүркіт ОЭК» ЖШС директорының орынбасары Олжас Ботабековтың айтуынша биылғы жылы 30000 тонна көмір өндіріпті.  Жылдан-жылға көмір қабаты төмендеп барады. Жер астындағы көмір кенін қазып алу үшін 50-60 метр тереңдіккке дейінгі жер бетінің топырақ қабаты тазартылып, тығыздығы жоғары, сапалы көмір өндіріледі. Жыл сайын «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ  Қарағанды филиалы Б маркалы (3Б топты) қоңыр көміріне сәйкестік сертификатын береді. Көмірдің тоннасы биыл 7500 теңге. Көмір кенішінде 40 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың барлығы арнайы киім, аяқкиіммен қамтамасыз етілген. Еңбек ақысына да реніштері жоқ. Бұдан бөлек, жүк көлігі бар ағайындар халыққа көмір тасып табыс табуда. Сонымен қатар Райымбек және Кеген аудандарындағы жағдайы төмен отбасыларға жыл сайын 200 тонна көмір тегін түсіріп беру дәстүрге айналған. Көмірдің құрамында зиянды заттар болмағандықтан қатты отын кәуап әзірлеушілердің де кәдесіне жарап жатыр. Бұған дәлел еліміздің оңтүстігінен жылда арнайы келіп, осы көмірді алып кететін көрінеді.

        Білікті кадрларға деген қажеттілікті шешу үшін серіктестік мектеп бітіруші жас түлектерді Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіндегі қажетті мамандықтарға оқытуды өз мойындарына алған. Сондықтан, оқуын аяқтаған маман өндіріс орнына келіп, алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырып, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

        Жергілікті тұрғындар бұл көмірді «күзде жақса, көктемде әрең өшетін көмір» деп атап кеткен. Халық асырып айтса да оның белгілі мөлшерде шындығы бар. Себебі, Ойқарағай кенішінен өндірілген көмір ұзақ жанады. Кеште салған көмір таңда қып-қызыл шоқ болып жатады. Демек, қыс бойы кез келген отбасы шоқты үзіліссіз сақтай отырып, еш ағаш отынсыз көктемге дейін жеткізе алады.

 Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Елдос АХМЕТЖАНОВ

«Ойқарағай»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password