«Табиғатты қорғау – ортақ міндетіміз!» Эксклюзивті сұхбат

          Айнала қоршаған ортадағы ұшқан құс, жүгірген аң, жыбырлаған жәндік, тау мен даланы, өзен-көлді көмкерген жасыл желекке дейін табиғат – ананың төл перзенті, баға жетпес байлығы саналатыны анық. Және бәрі де адамның пайдасына қызмет ететіні айтпаса да түсінікті. Олай болса,көркемдігімен көз қарықтырып, саф ауасымен тіршілік-тынысымызды кеңейтетін табиғат байлығын қорғау, күтіп-баптап, аялай білу, орынсыз шығынға ұшырауына жол бермеу көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір азаматтың ортақ міндеті болуы шарт. Осынау ортақ міндетті орындауда орман қорғаушыларынан басқа құзырлы орындарға да артылатын жауапкершілік жүгі салмақты. Осы орайда ортақ істің орынды жүзеге асуы мен заң аясында қорғалуына қоғамдық тәртіп сақшылары да белсене атсалысып, қырағылық танытып келе жатқанын айтқан орынды. Жуырда газет тілшісі аудандық Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Нұрғайыпұлы НҰРДӘУЛЕТОВКЕ жолығып, тұздықты тақырыпқа байланысты бірнеше сұрақтар қойған еді.

        — Мұрат Нұрғайыпұлы! Таулы өңіріміздің сұлу табиғатына, байлығына көзінің сұғын қадап, қызығушылық танытпайтындар кемде-кем. Басқа өңірлерде кездесе бермейтін көркемдіктің біздің маңдайымызға бұйырғаны мақтанышымыз деп білгеніміз жөн. Ал, оған қамқорлық танытып, көздің қарашығындай сақтау әрқайсымызға үлкен міндет жүктейді. Тіпті, табиғат байлығын қорғауға байланысты мемлекетіміз өткен жылдың басында арнайы Заң да қабылдағаны белгілі. Осынау ортақ мақсатқа қол жеткізуге өзіңіз басшылық жасап отырған аудандық полиция бөлімі қаншалықты үлес қосып отыр? Қабылданған Заңның орындалу барысы қалай? Сөзіңізді осы мәселеден бастасаңыз?

       — Өте орынды сұрақ. Орынды сұраққа орынды жауап қайтарылғаны абзал. Аудандық полиция бөлімінің 2021 жылға арналған табиғатты қорғауға байланысты жоспарына сәйкес жұмыстар белгіленген талаптарға сай атқарылуда. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректерін, биологиялық ресурстар нысандары мен өнімдердің заңсыз айналымын анықтап жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу– қашанда өзектілігін жоғалтпайтыны анық. Осы мақсатта аудан аумағында республикалық «Браконьер», «Нерест», «Табиғат» жедел алдын алу шаралары өткізілуде. Сонымен қатар, ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген өсімдіктер мен аң-құстарды қырғынға ұшыратып, заңсыздыққа жол берушілерді анықтап, тиісті шара қолдану мақсатында «Флора» жедел іс-шарасын өткізуді де жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа жұмылдырылған жеке құрам қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылыққа жол бермеуіне байланысты шаралар қабылданып, бірқатар жұмыстар атқарылуда.

       — Өзіңіз айтып отырған атқарылған жұмыстарға нақтылай тоқталып өтсеңіз?

       — Райымбек ауданы Қытай халық республикасы және Қырғыз республикасымен шекаралас орналасқан аймаққа жатады. Осыны ескере отырып, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі дериваттарын, атап айтқанда еті мен терісін, өсімдіктердің бөлшектерін заңсыз сату орындары мен арналарын анықтауға айрықша назар аударылуда. Сондай-ақ, олардың заңсыз айналымы мен елімізден тыс жерлерге алып шығуды кәсіпке айналдырған адамдарды анықтаудың да маңызы арта түсіп отырған жайы бар. Биоресурстар нысандарын айналымға түсірумен заңсыз айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға және жолын кесу бойынша жедел іздестіру арнайы іс-шараларын өткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмыс үздіксіз жалғастырыла беретін болады.

       — Полковник мырза! Табиғатты қорғауға байланысты өткен жылдың басында арнайы Заң қабылданғанын сөзіміздің басында айтып кеттік. Осы Заңда аң аулауға байланысты айрықша бап қарастырылғаны анық. Заңда көрсетілген бап аудандық полиция тарапынан қалай орындалып жатыр? Нәтижесі қандай?

        — Заңның орындалуында жетістіктер жоқ емес. Атап айтар болсам, аудан аумағында заңсыз аңшылықпен айналысу, сондай-ақ, аңшылыққа қатысты қаралған ережелерді бұзу, яғни жарылғыш құрылғыларды немесе жабайы жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдарды қолданып заңсыз аң аулаған тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Нарынқол орман шаруашылығына қарасты «Текес бойы» учаскесінің аумағында осы ауданның тұрғыны бір бас жабайы текені атып алған жерінен ұсталды. Аталған оқиға бойынша жиналған құжаттар ПБ-нің кезекші бөлімшесіне тіркеліп, ҚР ҚКнің 337-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.

        — «Нерест» ұғымы нені білдіреді? Осы ұғым бойынша жедел алдын алу іс-шарасының мақсат-міндеті жөнінде және аталған іс-шара негізінде атқарылған жұмыстар барысын тілге тиек жасасаңыз?

        — «Нерест» деген сөз өзен-көлдер мен онда тіршілік ететін жануарларға қатысты негізделген ұғым. Аудан аумағында орналасқан өзен,көлдермен өзге де су қоймаларынан балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу жедел іс-шарасы осыны білдіреді. «Нерест» жедел алдын алу іс шарасын басшылыққа ала отырып, жарылғыш немесе химиялық заттар, электр тоғы не балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін жаппай жоюдың өзге де тәсілдерін қолданумен жасалған әрекеттерді, сол сияқты балық аулау, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу деректерін анықтау жұмыстары жүргізілгенін айтқан орынды.

        — Бәрекелді! Айтқаныңызға қарап табиғат байлығын қорғауға байланысты аудандық Полиция бөлімінде жанды жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын аңғардық. Ендігі сөзіңізді табиғаттың көркі саналатын орман алқабына, түрлі өсімдіктерге байланысты жүргізіліп жатқан іс-шараларға жалғасаңыз?

        — Отанымыздың байлығы саналатын-орманды, жасыл желекті қорғауға арналған жедел алдын алу іс-шарасы- «Табиғат» деп аталатыны әңгіме басында айтылды. Бұл іс-шара бойынша да біршама жұмыстар атқарылды. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау, яғни үй маңындағы, саяжай мен бау-бақшалардағы ағаштар мен бұталардан басқа орман қорына кірмейтін және кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу мен зақымдау, орман қорына кіретін осындай дүниелерді отты немесе қауіптілігі жоғары көздерді ұқыпсыз қолдану салдарынан жою немесе зақымдау деректері бойынша жедел алдын алу шараларының нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасының бұзылу деректері анықталды. Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-тің 382-бабы 1-бөлігімен 18 хаттама толтырылып, ескертулер берілді. ҚР ӘҚБтК-тің 381- бабы 2-бөлігімен 2 материал аудандық сотқа жолданды.

        — Заңсыз қару ұстаушыларды тексеріп, оларға қолданып жатқан қандай шараларыңыз бар? Сонымен қатар, рұқсат етілмеген аймақтарды орынсыз бүлдіру деректері де кездесіп жатады. Осы мәселелер аудандық полиция бөлімінің назарына алынып отыр ма?

       – Аудан аумағында аң аулау, сол сияқты аң аулау талаптарын бұзған тұлғалардан анықталған заңсыз немесе тіркелген тегіс ұңғылы немесе сайлы ұңғылы аңшы мылтықтарын, өзге де қару-жарақтарын, сондай-ақ, олардың оқ-дәрілерін тәркілеу жұмыстары ұйымдастырылды.Нәтижесінде, азаматтық-қызметтік қару айналымын бақылау тобымен 2021 жылдың басынан ҚР ӘҚБтК-і бойынша барлығы 5 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Сонымен қатар, табиғатты қорғау шаралары бойынша Райымбек АПБ-не 2019-2020 жылдары Текес ауылдық округіне қарасты «Қызыл-ұш» аумағынан «Гун Строй Сервис» ЖШСне тиесілі автокөліктер құм, тас тиегендері бойынша және «Асан М Компании» ЖШС-ке Сарыбастау ауылдық округі аумағынан заңсыз құм-тас алатын орын (карьер) ашып, құрылыстарына құм-тас қазып алғандары бойынша материалдар жиналып, Алматы облыстық Экология департаментіне жолданды. Осы орайда Райымбек АПБ жергілікті полиция бөлімшесінің табиғатты қорғау инспекторы болып тағайындалған полиция аға лейтенанты Мәжен Әліби Бекасылұлы жұмыс атқарып жатқанын айта кеткен жөн.

       Бір сөзбен айтқанда табиғатты қорғау, оның байлығын көздің қарашығындай сақтау әрбір азаматтың төл міндеті. Аудандық полиция бөлімі де осынау өзекті мәселеге қатысты нақты іс-шараларды жүзеге асыра отырып жұмыс жасауда.

        –Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password