Рамазан – сабырлық айы

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын!  Қасиетті Рамазан айында ораза тұту – мұсылманның бес парызының бiрi. Оразаның сөздiк мағынасы – бiр нәрседен алыстау. Шариғат тiлiмен түсiндiрсек, ораза ұстауға ниет етiп, таңның атуынан күннiң батуына дейiн оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болып, нәпсiнi тыю.   Алла Тағала Құран Кәрімде бізге ораза тұтуды былайша бұйырған: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 185-аят). Бұл аятта оразаның мәні, негізгі сипаттары, уақыты, қазасын өтеу жайлы айтылады.  Ораза адамды барлық жамандық атаулыдан сақтайтын қорған. Ораза адамның жан дүниесін тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Алла Тағала Құранда  былай дейді: «Ей, иман келтіргендер күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді». Оразаның мақсаты – мұсылманның жанын да, тәнін де тазартып, тақуалық дәрежесіне жеткізу. Алланың әмірі екенін сезініп, ораза тұтудың сауабы мол. Ауыз бекіткен адам нәпсісін тыйып,  ақыл-ойы сергек болады. Себебі, нәпсінің барлық күш-қуаты осы ауыз арқылы беріліп отырады. Ашыққан нәпсі әлсіреп, жүректің түкпірінде жасырын қалған жақсы қасиеттер мен күллі адамгершілік сезімдерді оятып, адамды тура жолға  бастайды. Өйткені, ораза – бір Алла мен оны ұстаушы мұсылманнан басқа ешкімнің көзіне көрінбейтін жасырын ғибадат. Қасиетті (қудси) хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза — Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік кұлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», — дейді.  Рамазан айында Алла Тағаланың құлдарына деген басқа айларда нәсіп болмаған ерекше көріністері мен кеңшіліктері орындалады. Бұл кеңшіліктер құлдың Раббысына деген махаббаты мен қастерлеуін ұлғайтып, күнәлары үшін ұялуына, кешірім сұрап, тәубесін жаңартуына орасан септігін тигізеді. Тәубеге келуімен жүрегі нұрға бөленіп, Құран оқуға арналады, намаздарына ұқыпты болып, рухани дүниесі жанданады. Бір ай бойы күннің ыстығы мен суығына қарамай аш құрсақ жүрген адамның бойында сабырлық пен шыдамдылық сезімі күшейіп шыңдалады. Аштықпен нәпсісін тыйған мұсылман басқа қиыншылыққа да шыдайды. Сабырлы адам алдына биік мақсат қойып, діттеген мақсатына жете алады. Құранда жетпіске жуық аятта сабыр мадақталған. Мысалы: «Алла сабыр еткендермен бірге», — дейді. «Асыр» сүресінде де Алла Тағала: «Заманға ант етейін. Шынында адам баласы сөзсіз қасіретте. Бірақ иман етіп, ізгі іс істегендер, бір-біріне ақиқатты айқындап, сабырлықты насихаттағандарти  ондай күйге душар болмайды», — деп баян етеді. Талай жанның жүрек пердесі ашылып, иман сәулесі түскен, түндері құлшылыққа, күндізі оразаға арналған қасиетті айды әрбір мүмін сағынышпен асыға күтеді.  Алланың мейірімі төгілетін, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілетін берекелі қайырлы айда жасаған ізгі амалдарымызды Алла қабыл етсін.  Еңселі еліміздің болашағы жарқын, Тәуелсіздігіміз баянды болғай, Әмин.

                                                                                                                                              Райымбек аудандық «Әбдіғали    Жетенұлы»                                                                                                                                                                                                                                                           мешітінің бас имамы Исабол Манап

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password