ПАРАСАТ ҚАЙДА БОЛСА, ҰЛЫЛЫҚ СОНДА

Беташар

       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген тақырыппен танымал журналист Жанарбек Әшімжанға арнайы сұхбат берген еді. Қазақстан президентінің арнайы берген сұхбатында пандемия, ел тағдыры, қазақ тілі, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтар, мемлекетті көркейту, зиялы қауымның рөлі, экономика, әлем елдерімен болған дипломатиялық қарым-қатынас т.б. қазақ халқының тағдырына қатысты өзекті мәселелер ортаға қойылған.

       Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұхбаты жарияланғаннан кейін қалың халықтың, зиялы қауымның, ғалымдардың, саясаттанушылардың, үлкенді-кішілі билік басындағы қоғам қайраткерлерінің назарын қатты аударып, қазақ қоғамында, тіпті шетелдерде үлкен аңыс қозғады. Әсіресе бұл сұхбат «Ана тілі» газетінің сайтынан бірден-бірге көшіріліп әлемнің БАҚ-ында, радио-телевидениясында, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды. Мен мемлекет басшысының берген сұхбатын қытайдың әлеуметтік желілері мен сайттарында қызу талқыланып жатқанын оқып қайран қалдым. Содан бұл сұхбатты қатардағы оқырман ретінде оқып шығып, «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген сөз туралы терең ойға баттым. Көз алдыма сонау 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды», онан кейінгі 1916 жылғы «Қарқара көтерілісі», 1932 жылдардағы қуғын-сүргін кезіндегі қолдан жасалған ашаршылықтан да әлде қиын көзбен көруге, қолмен ұстауға болмайтын тұтас әлемді жаулаған тілсіз атажау елестеді. Ол атын атауға жиіркенетін коронавирус деген тажал еді.

        Ел тізгінін қолына алған бір жылдан астам уақыттан бері Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы үшін аянбай қызмет көрсеткені барша оқырманға белгілі. Бұған басқа емес, «Ана тілі» газетінде жарияланған «Түркістан жолы», «Ұлттық құндылықтарға құрмет», «Бір жыл» сияқты мақалалардың өзі куә.

        Мемлекет басшысы болу аса ауыр машақатты жұмыс. Шашетектен көп жұмысын қайырып қойып «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға сұхбат беруі Тоқаевтай мемлекет басшысының ұлтқа деген, Қазақстан топырағында жасап жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың ұлы өркениетіне деген шексіз құрметі болса керек.

     Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Құдай – жалғыз, жүретін жолымыз – әр түрлі», – деп айтқанында терең мән жатыр. Тоқаев – Елбасы Назарбаев салған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан ауытқымады. Оған тың көзқарас сіңіріп, жаңа реформалар жүргізіп кемелдендірді әрі мұрагерлік етті. Мейлі хан болсын, қара болсын кім әділ пікір айтса, ақиқатты жақтаса халық сол адамға жүгінеді әрі қолдайды. Тоқаев әне сондай ел тізгінін ұстаған бір жылдан бері халқына адал болып, өз берген уәдесін орындап отырды.

         Тоқаев – ат үстінен гүл көретін адам емес, іс тындыратын жаңашыл басшы

       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы берген сұхбатында қазақ елінде шешім табуға тиісті алуан түрлі қоғамдық мәселелерге жанжақтылы жауап береді. Соның ішінде әлемді жаулап алған індеттің Қазақстанға таралуы, ұлтымыздың ең қымбат байлығы болған ана тіл мәртебесін көтеру, той тойлап, әндетіп, ақша шашатын ұлтымыздың жағымсыз қылықтары т.б. мені қатты толғандырды.

       Әлемді жаулап алған індет Қазақстанға келіп жетті, қазір дүниенің түпкір-түпкіріне тараған коронавирус күннен-күнге өршіп барады. Ал Қазақстанға да бұл індет қорқынышты үрей әкелді. Осы індет кесірінен халық өз табысынан айырылып, жұмыссыздық көбейді, шағын және орта бизнес, ірі кәсіпорындар жұмысын тоқтатты, еліміз бойынша төрт жарым айдан астам уақыттан бері елдімекендер мен қалаларда карантиндік шектеу шаралары әлі жалғасуда, халықтың тіршілігі күннен-күнге төмендеп мемлекет экономикалық дағдарысқа ұшырады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы реткі сұхбатында қазіргі кездегі халыққа қиындық көрсетіп отырған індеттен аман-сау өту, Қазақстандағы әрбір отбасын сабырлыққа шақырып, карантин қағидаларын қатаң сақтауға, тазалыққа мән беруге, тәртіпке бойұсынуға жол көрсетіп берді.

        Мемлекет басшысы Тоқаев осы реткі сұхбатында ел басына түскен ауыр тағдырдың шындығын жасырмай айтты. Ол ел иесі ретінде жар құлағы жастыққа тимей індетке қарсы әдіс-шара қарастырды, халыққа шынайы пайдалы шешімдер қабылдады. Аласапыранға салған індет себебінен табысынан айрылған әр адам басына 42 500 теңге жәрдемақы бергізіп отырды. Талай рет өзі тіке ақпарат құралдары арқылы халыққа індеттен сақтану туралы насихат жүргізіп отырды. Міне бұны Президент Тоқаевтың еңбегінен бөле қарауға болмайды.

       Мемлекет басшысы берген сұхбатында ана тіліміз туралы тереңірек толғанады. Бұнда ана тілі туралы өзекті мәселе төрт түйінге жинақталып баяндалған. Аса көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафин «Адамның адамдық, ұлттың ұлттық ең жоғары қасиеті – тіл өткірлігі мойымасын, тіл сұлулығы кемімесін!», – дейді. Қазақстан Республикасы азаматтарының тең құқықтылығы көрсетілген, Негізгі Заңда адам және оның өміріне байланысты мәселелерге баса назар аударылған. Елдегі атқарылатын істердің бәрі Заңға сәйкес азаматтар мен қоғамның мүдделеріне сай жүргізіледі деп белгіленген. Осылайша Ата Заңда тіл мәселесі құқықтық шешімін тапты. Ата Заң бойынша «Республикадағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі» деп ашық жарияланған.

        Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға берген сұхбатында қазақ тілі мәртебесін көтеру туралы тақырыпқа тоқталып, «Ана тілі» газетінің отыз жыл ішіндегі қазақ тілін дамытуға қосқан табысын, туған тіліміздің қолдану аясын кеңейтудегі еңбектерін, журналист, жазушы, ғалымдардың тіл мәртебесін көтерудегі елеулі ізденістеріне ерекше ризашылығын білдірді.

       Тәуелсіздік алған отыз жылдан бері өз мемлекетінің тілін білмеу Қазақстан халқы үшін үлкен сын. Өзі қазақ бола тұрып ана тілін білмеуден өтер ұят, білімсіздік жоқ шығар. Мемлекет тілінің қолданыс аясын кеңейту, өркендетіп дамыту, тіл мәртебесін көтеру Қазақстанда жасап жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асырудағы ортақ борышы екенін естен шығармауымыз керек.

       Тоқаев қазақ тілі мәселесі туралы кеңінен толғана келіп «Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдылық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс», – деп кесіп айтты. Президенттің сөзінен қазақ тілін білетін адамдарды мемлекеттік қызметке қою көзқарасы тіл мәртебесін шынайы жоғары өреге көтерудің айқын дәлелі.

        Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!», – десе, ұлтымыздан шыққан тұлғалардың бірі Жүсіпбек Аймауытов «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», – дегені бізге терең ой салады.

        2018 жылы мамырда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Қытай кадрлар аз ұлт тілінде сөйлеуге тырысуы керек» деген арнаулы сөз сөйлеген еді. Онда «Ұлттық районда кадрлар міндет атқарған кезде, аз ұлт кадрлары қытай тілін сөйлей білуі, қытай кадрлары аз ұлт тілін сөйлеуге тырысуы керек. Бұны талап ретінде қарастыру тиіс» делінген. Міне осыдан кейін қытай кадрлары аз ұлт тілін үйрене бастаған. Өзге ұлт өкілдері біздің ана тілімізді үйреніп мәртебесін арттырып отырғанда, біздің өз ана тілімізді білмеу қандай намыс, тоқышарлық десеңші!

       Ұлттық тіл – мемлекетіміздің баға жетпес қымбат байлығы. Президентіміздің айтқанындай ана тіліміздің мерейін асырып, мәртебесін көтеру қазақтың тарихи отанында жасап жатқан азаматтарымыздың өтеуге тиісті ортақ парызы.

       Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман», – деген үлгілі сөзі бар. Мемлекет басшысы Тоқаев: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір — бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанына риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды.

       Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» – дейді, қазақ қоғамында сақталып отырған толғақты мәселені жасырмайды.

       Қасым-Жомарт Тоқаев күллі дүниеге ерте танылған ірі саяси тұлға һәм шебер дипломат. Көрші қытай халқы оны көне дос ретінде құрметтеп жоғары бағалап келеді. Әлемді жаулаған індет тараған кезде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинның «Басыңа іс түскенде досыңның кім екенін білесің», – деп тектен-тек айтпаған.

       Қасым-Жомарт Тоқаев – тәуелсіз Қазақстанды құру жолында көрнекті еңбек сіңірген әрі ұзақ сыннан сүрінбей өткен басшылардың бірі. Ол мемлекет басшысы болған бір жылдан астам уақыттан бері бар пейілімен халық үшін қызмет етті. Көненің көзі, тұлпардың қалған тұяғы, аты әйгілі Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Нұрсұлтан Әбішұлынан кейін ел тізгіні де лайықты тұлғаға бұйырды. Бұны – халықтың сенімі деп бағалауымыз керек… Елдің бірінші басшысы болу – үлкен мәртебе әрі салмағы зілбатпан жауапкершілік. Таным-парасаты, білім, тәжірибесі ел тізгінін ұстауға жететін азамат қой, Құдай абырой берсін!», – деген ақ тілегін білдірсе, Еуропа парламентінің танымалы депутаты Тьери Мариани «Дипломатиялық жұмыс тәжірибесі бар президенттің қай саланы болсын дөңгелетіп әкететініне күмәнім жоқ. Сенатты басқарған кезде Тоқаев мырзамен бірнеше рет кездескенмін. Сондай-ақ, ол Парижге де келген еді. Халықаралық деңгейде ол кісінің беделі жоғары. Қазақ халқы дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын», – деген жоғары бағасын берген еді.

       Тоқаев – ат үстінен гүл көретін саясаткер емес, әр істі өз ақылы мен парасатына салып істейтін ұзақ жыл сыннан өткен реформашы. Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланған кезде ҚХРның сыртқы істер министрлігінің мәлімдемешісі Гің Шуаң «Президент Тоқаев Қытай халқының сырлас көне досы. Қытай жақ Қазақстанның мемлекет құрылысы істерінде үздіксіз тың нәтижелер жаратуын үміт етеді және дос ел Қазақстанның гүлденіп-көркеюін тілейді. Біз Қытай мен Қазақстан сынды екі елдің жоғары деңгейдегі достық қарым-қатынасын сақтайтындығына сенеміз», – деп ақ тілегін айтқан еді. Ұлы ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн «Парасат қайда болса, ұлылық сонда, білім қайда болса, биіктік сонда» деген керемет сөзін айтқан еді. Тоқаев сонау 1970 жылдардың ортасынан бастап ел басқару ісіне араласқан ірі тұлғалардың бірі. Оның ел басқару өнерінен парасат, ұлылық, білімділік, биіктік мен мұндалап тұрады. Тоқаев қара ормандай халқына сенді, халық та оны қолдады. Сол әділ таразы болған халқымен бірге мемлекет басшысы Қазақстанның даңқын әлі-ақ әлем елдеріне танытатын болады.

       Сөз соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан арнайы сұхбат алып оқырмандарымен жүздестірген «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанның шығармашылығына мол табыс тілеймін!

Нұрлан Сәрсенбаев,

 Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, жазушы, этнограф.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password