Облыс бойынша 447 650 азамат сақтандырылмаған

       Жаңа тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру іске қосылған еді. Бұқараның пайдасына тиген бұл жобаның елге берері мол болғаны ақиқат. Әуелі, тұрғындар МӘМС арқылы Қазақстан аумағында өзі таңдаған таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек алуға қол жеткізді. Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатылған болатын. Қош, жаңа енгізілген жүйе сыннан сүрінбеді. Олай болса алғашқы жылдағы қорытындыға көз жүгіртсек.
Алматы облысы бойынша 2020 жылға анықталған бюджет сомасы – 136,4 млрд. теңгені құраған-тын. Оның ішінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі аясында – 94,0 млрд. теңгені, МӘМС аясында – 42,4 млрд. теңгені құрады.
Қазіргі таңда облыс аясында 76 медициналық мекемемен келісім шарттар жасалды, оның ішінде мемлекеттік меншіктегі – 44, яғни 58%, жеке меншіктегі — 32 мекеме демек 42%-дық көрсеткішті көрсетуде.
COVID-19 таралуын алдын-алу мақсатында іс-шараларды қаржыландыруға 2020 жылы Алматы облысы бойынша 16,8 млрд. теңге игерілді.
Соның ішінде:
— Медициналық қызметкерлерді ынталандыруға — 7,8 млрд. теңге;
— Стационарлық көмекке — 5,3 млрд. теңге;
— ПТР зерттеуге — 2,7 млрд. теңге;
– Мобильді бригадалар жұмысына — 981 млн.теңге қарастырлған.

«МӘМС енгізілуіне байланысты азаматтар үшін бірқатар қызметтер тегін қолжетімді болды. Ағымдағы жылы медициналық оңалту қызметтері, қымбат консультативтік-диагностикалық қызметтер (КДҚ) және жоғары технологиялық медициналық көмек бойынша өсім байқалады. Мысалы, медициналық оңалту бойынша биыл 9 671 пациент қызмет алды, ал 2019 жылы 7 150 пациент (24,8% – ға өсті); жоғары технологиялық медициналық көмек бойынша 2020 жылы 140 пациент қызмет алды, ал 2019 жылы 110, яғни 27% – ға өсті. Консультативті-диагностикалық қызмет бойынша: КТ 2019 жылы – 9156 және 2020 жылы – 22177 қызмет 2,4 есеге артса, МРТ 2019 жылы-1228 және 2020 ж. – 11169 қызмет 9 есе өскен»,-дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев.
Азаматтардың сақтандыру мәртебесін өзектендіру бойынша жұмыстың нәтижесі бойынша, сақтандырылған халықтың саны артты. Қазіргі таңда облыс бойынша сақтандырылмаған азаматтардың саны 447 650 адамды құрауда.
МӘМС үшін мемлекет тарапынан қаржыландырылатын адам саны жеңілдігі бар азаматтар санаты – 56,2%, жалдамалы қызметкерлер – 19,4%, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық – құқықтық сипаттағы шарттар бойынша қызметкерлер – 5,7%, дербес төлеушілер – 1,4% және БЖТ төлеушілер – 17,3%.
Үсітіміздегі жылы, Нұрлан Таңжарықұлының айтуынша, дәрігерлердің жалақысын 30% дейін және орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20% дейін арттыруға қаражат жоспарланған.Сондай-ақ, Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша қаржыландыру көлемі 20%-ға өседі деп күтілуде.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша экстракорпоралды ұрықтау қызметтерінің саны жеті есеге артқанын атап өткен жөн. Егер 2020 жылы 1000-нан астам отбасыға ана мен әке болу қуанышын сезіну мүмкіндігі туса, 2021 жылы олардың саны 7 мыңға дейін артады»,- деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев.
Халыққа ыңғайлы болу үшін Қор кері байланыстың түрлі арналарын ұсыну бойынша жұмыс жүргізуде. Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, SaqtandyryBot телеграм арнасы, fms.kz және egov.kz сайттары арқылы сақтандыру мәртебесін анықтап, кеңес алуға болады. Қордың тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 колл-орталығы қызмет атқарады.
«Біздің мақсатымыз — денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмектің сапасын артрыруда және медициналық қызметтерді ұсынатын мекемелердің бәсекеге қабілеттігін арттыру. Біз адал бәсекелестік деген ұстанымға берік боламыз, бұл сапалы медицинаға апаратын жол деп сенеміз»,-деп сөзін түйіндеді Нұрлан Таңжарықұлы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password