Мәдениет саңлақтары  ұлықталды

   Аспантаулар аясын мекен еткен таулы өңір жұртының қай сала болмасын атқарған еңбегі өлшеусіз екендігі  мәлім. Таулы өңірден  түлеп ұшқан,  өнер мен мәдениеттің қазанында қайнаған талантты дарабоздар мен көмейіне бұлбұл ұя  салған күміскөмей жез-таңдай әншілерімізді айтпай кетпесек болмас. Осыған орай, елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың шешімімен, мәдениет саласында 40 жылға жуық еңбек етіп, ауыл өнерінің өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған  Қайнар ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Советхан  Мекебаева мен Қақпақ ауылындағы Жәмеңке орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлнұр Тоқтарбекова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал, ардагер ұстаз, ауданымыздың Құрметті азаматы Союзхан Исенбаева Ұлы Даланың  дара ойшылы, данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – 175» мерекелік төсбелгісін кеудесіне тақты.

    Аталмыш ведмостваның  ыстық сәлемі мен жіберген   аманатын  арқа төсінен таулы өлкеге  мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаевтың өзі әкеліп, салтанатты түрде табыстады. Аталған саланың өкілі  Е.Жұрынбаев мәдениет саласына үлес қосқан нәзік жандыларымызға арнайы төсбелгілерін табыстады.

  Мәдениет саңлақтарын марапаттау салтанатына аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов қатысып, ақжарма тілегін арнады.  Елімізді ғана емес, әлем халқын әбігерге салған қауіпті дерттің өрши түсуіне байланысты мерекелік іс-шарамыз осындай  жағдайда өтуінің өзі көңілімізге қаяу салады. Карантин жағдайындағы  ережені бұзбай, келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған өңір басшысы мәдениет тарландарына өзінің лебізін білдіріп, осы салаға қатысты азды-көпті мәселелерді тілге тиек етті. «Ауданымыздың мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосып, оның әрі қарай қарқынды дамуына сүбелі үлестерін қосқан аталған маман иелеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, аудан мәдениетінің ары қарай ілгері жылжуына себепкер бола берсін»,-  деді аудан әкімі өз сөзінде.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»  демекші, осы игі істің басты себепшісі болған, жоғарыда аталған аяулы жандардың еңбектері бағаланып, сый-құрметке бөленуіне ықпалын тигізген аспантау аясының төл перзенті, бүгінгі таңда өнер атты майданның қазанында қайнап жүрген театр және кино актеры Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаевтың да үлесі барын баса айтқанымыз жөн.

Елдос Ахметжан

«Хантәңірі»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password