«МЫҢ АЛҒЫС!»

   Қасиетті Құрбан айт меркесінің алғашқы күні ауданымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мың алғыс!» жалпыреспубликалық акциясы өткізілді. Жүректерге жылу сыйлайтын акция індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін және алдыңғы қатарлы медицина қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсетуді көздейді. Сонымен қатар, қасиетті Құрбан айт мерекесінде халықты қайырымдылыққа шақыруға, төтенше жағдай кезіндегі көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беруге бағытталған.

        Дүниежүзін жайлаған қауіпті індетпен күресте ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға күш түсіп отырғаны белгілі.  Мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне деген жауапкершілік жүгі індет жұқтырғандар саны артқан сайын еселеп ауырлай түсуде. Медицина мамандары алғашқы науқас анықталған сәттен бастап, бірнеше апта бойы отбасыларынан тысқары жүріп, өз денсаулықтарын қатерге тігіп, дертпен күресуде. Осы орайда, Райымбек аудандық ауруханасында індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс жасайтын сегіз медицина қызметкерінің үйіне құрбандыққа шалынған мал еттері таратылып, азық-түліктей көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, әр ауылдық округтерден кәсіпкерлердің және ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен «Мың алғыс!» акциясы аясында медицина қызметкерлеріне көмектер көрсетілді.

    Сондай-ақ, жалпы аудан көлемінде шамамен 170 мал құрбандыққа шалынса, оның сегізі ірі қара. Аталған акция барысында аудан бойынша 470 көпбалалы, аз қамтылғын отбасыларға ұн, сумай, ет т.б. азық-түлік түрлерінен көмек көрсетілді. Жомарт жанды, қайырымды азаматтарымыз қиын кезде осылай жүректерге жылу сыйлады. Акция барысында жалпы сомасы бес жарым миллион теңгеге жуық көмек көрсетілді. Құрбан айт мерекесі қарсаңында игі істі ұйымдастырған аудан әкімдігіне және жомарт жанды азаматтарға көпбалалы отбасылар мен медицина қызметкерлері алғыстарын білдіріді.

Дастан ЖАНАСЫЛ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password