Менің әкем мен үшін дара тұлға!

       Ана тәрбиесін сегіз жасыма дейін көрсем дағы, әке тәрбиесі өміріме жетерлік, баға жетпес қазына кілті дерлік. Көп баланың ортасында өскендіктен бе, ағаның мейірімі,әпкенің қамқорлығы, қарындастың ілтипаты, әкенің шапағатынан болар, бойымдағы адамгершілік қасиетінің қалыптасуына көп ықпал болды. Жеке дараланбай өмірдің ащы-тұщысына қара нардай қыңқ етпей, қандай қиын еңбек болсын бәрін бірге атқарып, ауыртпалықты тең бөлісіп, қиналған кезде ақыл қосып, әкеміздің салып берген дара жолында жаңылмай, адаспай, бір-біріміздің соңымыздан еріп келеміз. Осындай сәттерде бауырға бауырдай жәрдем жасау – біздің бұзылмас қағидамыз болды. Әлі күнге дейін бұл үрдіс үзілген жоқ. Мен кейде осыны мақтаныш етемін. Жанашыр, бауырмал, сенімді қорғанындай, нағыз азамат қып өсірген жан әкемнің еткен еңбегі, еккен жемісі деп түсінем.

        Анам фәнилік болған жылдары мен небәрі сегізде едім. Артымнан ерген сүт кенжеміз жеті жаста. Ойын баласы едік. Кім білген күндердің бір күні он бала ананың аялы алақанынан айырылып қалатынын… әпке-ағаларымыз Алланың рахымына бөленіп, аналарының келмеске кеткеніне жүректері қан жылап, етектері жасқа толып, ендігі «жаным, ботам» деген нәзік үнді даусын естімейтіндеріне қамығып, «қызығымызды көрмедің-ау» деген іштегі бір үннің тұншығып жатқанына налып жылағанда, қарындасым екеуіміз доп теуіп, көршінің үйінде қуаласпақ ойнап жүріптік. Іштей ендігі анамды көрмейтінімді ала-құла түсінгенмен, болған жағдайды болжап білмей екі ұдай күйге түстім. Әлі есімде «өз үйіме бармай, мұнда неге жүрмін» дейтінмін. Үй балаларының аналары жаны ашып, аяп қарағаны көз алдымнан кетер емес. Ол кезде ешбір бауыр ешбір пенде аналарың келмеске кетті деп айта алмай қанжылып жүргенде, жас бүлдіршін біздер күн атқызып, кеш батырып, анам неге келмей жатыр деген ойға оранып, сансыз сұраққа қамалатынмын. Екі көзіміз төрт болып, есік ашылып анам кіріп келетіндей, алаңдаумен балалық шағымызды өткізген екенбіз ғой. Бауырларымның үлкені ана қадірін сезінгенмен, ананың мейірім, шапағатын, аялы алақанын сезінуді Аллам нәсіп етпеген болуы керекті.

        Әкем Әбдіқадіров Санақ Әбдіқадірұлы 1939 жылы дүниеге келген. Әкем көп сөздің адамы емес еді. Ұзақ ойланып, бір кесіп айтатын бір беткей болатын. Жолында кездескен талай мен-менсіңгендердің мысын басатын. Бәлкім, сол қаталдығы шығар басқа түскен ауыртпалықтан еңсесін түсірмей, басын тік ұстап, жолында кездескен қиындықтардан мойымады.

       Бойжеткен, бозбала, жетім қалған он балаға, әйелінен 57 жасында ерте айырылған әкеміз бір өзі басымызға пана, қамқоршы, қолдаушы болды. Бауыр болған соң, туыстуған, көрші-қолаң, дос-жарандар әкемізге қолқа салып, «өстіп жүресіз бе, ұл-қыздарыңызға ана мейірімін төгер, бір жартыңызды тауып, шаңырағыңызды биіктетсеңізші»–дегенде, әкем: «Алланың берген он қара домалақ, қара көздерімді ендігі жылатпайын, орталарын ыдыратпайын, аналарының орнын ешбір жанмен алмастырмай, өзім ана орнына ана болып, барымды өзгенің текпісіне, басқа жанның тәрбиесіне бермеймін. Балаларымның көңіл-күйін, ішкі сырын, мен түсінбегенде кім түсінеді? Сырттан келген бір шүйкебас балапандарыма ана орнына ана болса жақсы ғой, бір құрсақты паналаған он балам, мына өмірге сыймай, жан-жаққа ынтымақтары ыдырап, тағдырлары тарам-таразға түсіп кетпеуіне кім кепіл? Жаным қиналса қиналсын, әйелсіз өмірді кешіп кетсем де, Гүлзипамнан қалған моншақтарымды өзім бағып-қағып өсірем. Оданда тәрбиелерін нығайтып, ауызбіршіліктерін күшейтіп, балаларыма өзім ана, өзім әке болғаным жақсы»- деп үзілді-кесілді бас тартыпты. Содан бері әкеміз екінші мәрте үйленбеген. Расымен оқимын дегенді оқытты, үйленем дегенді үйлендірді кәсіп ашам дегенге кәсіп ашып берді. Аллаға сансыз шүкір, білімсіз демейміз, алды педагогика ғылымдарының кандидаты, жоғарғы категориялы шебер біліктілік санатты мұғалімдер, египет шаһарында білімін шыңдаған бауырым бар. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы үздік институттар мен универлерін тәмамдап, ұлағатты ұзтаздардың біздерге берген білімін, әкеміздің тәрбиесімен боймызға үйлестіре білдік. Әрқайсымыздың басымызда бір бір пана, отбасымыз бар. Шүкір жаныма демеу, кәсібімді дөңгелетіп жүргенімде, шаңырағымның түтінін түтетіп, ұйытқысын ұйытып отырған жолдасым, тірлігіме көмекші өсіп келе жатқан ұлдарым бар. Он баланың бүгінгі таңда Алланың берген аманаттары бар. Әр бауырым жан-жақта тұрсақтағы, қазіргі заман дамыған заман қалта телефонымен хал сұрасып, амандығымызды біліп жатамыз. Білесіз бе, қазір әрқайсымыздың жанұямыз, тірлігіміз болсадағы кейде бір үйде әлі күнге бірге күн кешіп жатқандай боламыз. Ешкім еш жаққа кетпегендей. Бәлкім бұның өзі ынтымағымыздың беріктігінен шығар.

       Шешем 1946 жылы Гүлзипа Естемесова дүниеге келген. Өте момын, ақкөңіл, ақжарқын, елге сыйлы, балаларының ардақты анасы еді. Анам «Бала бойға біткеннен бастап, тәрбие жұмысымен айналыса бастау керек» – деген екен. Сондықтанда болар сұм ажал анамызды 49 жасында балаларының көз жасына қарамастан, жұлып алып кеткенде, ес біліп, етек жинаған балаларының алды келін атанып, қарашаңырағының түтінін түтетіп отырсадағы, артындағы студент, оқушы бауырларына қарайласып, «қыздың тілеуі жақсы» демекші, тілеуімізді тілеп, ана орнына аналық ақылын жеткізе білген Ғазиза әпкеме мың алғыс. Анамызды жоқтатпай, тамақ ішті ме, киімі таза ма деп үнемі кірімізді жуып, жұмысымен бірге үйдің де тірлігін қатар алып жүріп, уақыттың қалай өтіп жатқанын өзге тұрмақ өзі аңғармай қалған Ғалия тәтем біздерге жалтақтап жүріп, кештеу тұрмысқа шығып қалды. Қазіргі таңда Райымбек аудан орталығындағы Т.Жанұзақов орта мектебінде оқу тәрбие орынбасары, ең жоғарғы шебер біліктілік санатты, химия пәнінің мұғалімі. Аллаға шүкір екі баланың анасы.

       Әпкелерімнің ыстық махаббаттарына бөленіп өстім. Анам болмаса да барынша анамды жоқтатпады… Сонымен қатар, Ғалымжан, Жасұлан, Біржан, Фарида, Досжан, Бақытжан, Майра есімді әпке-ағаларым мен қарындасым бар. Осы кісілердің кенже інілері болғандықтан ба еркелетіп, бетімнен қақпай, дегенімді істеп, «сенікі дұрыс емес» деп көрмепті, жаманымды жасырып, жақсымды асырып, алақандарына салып, барынша қамқорлықтарымен өсірді, ержеткізді.

       Әкеміз сол заманда дүкен ұстап, біраз уақыт осы қызметте істеді. Кейіндеу тау мен тастың арасына қойларын жаюға қара шайын құйып алып, азаннан кеткеннен, күн батқанда келетін. Түскі асқа келмей, «балаларымның аузындағы асқа ортақтаспайын, осылар тойсын, осылар жесін» – деп келмейді екен ғой. Кейін мен өсіп, мектеп қабырғасының түлегі болған кезімде әкем ара тұра айтатын, «аналарыңның жоқтығы қабырғамды майыстырып, еңсемді түсіріп жіберетін. Әйелімнің алдына ертеңгі күні не деп барам деген оймен өмір сүрдім. Содан болуы керек қанша қиналсам да, қынжылсам да мойымадым. Кейде көзіме ыстық жас келіп, ат үстінде қойды өрісте бағып жүріп жасымды сығып алушы едім. Ол жас мына көңілдегі, ойымдағы жас еді. Не ішіп, не жегенімді сендер өз алдыларыңа келгенше, өз астарыңды тауып жегенше білмей келдім» – дейтін. Әкеміздің қилы тағдырын, мойындағы ауыртпалығын, жүрегіндегі қимастығын апамыз Молдағұлова Балапан анасы екі көзі көрмесе де шамасы жеткенше бөлісе білді. Жанына демеу болып, қолдап, біздерге қарайласып, төріміздің қазынасы болды. Марқұм апамның ертегілері әлі есімде, даналығымен сусындап өстік қой. Айтуынша байдың қызы болған екен. Тоқпақтай тасы болыпты. Сол тасымен үй ішін жарқыратып отырады екен. Әкемнің әкесі Қалқабекұлы Әбдіқадір атамыз өте білімді, шежіреші, жыр дастанды мертікпей жатқа айтатын, сол заманның көзі ашық адамы болған деседі. Содан болуы керек әке менен ананың осынша баға жетпес тәрбиесінен, мықтылығынан болар әкем жанып тұрған нар тұлға болатын. Сөзі өткір, сондай батыл жан еді. Үйге танымайтын құдай қонақ келсе ақкөңіл әкем біздерге самаурынды қайнатып, қорадағы қойды сойдыртып, асылған етпенен, жайылған дастархан басында мәре-сәре болып, жөн сұрасып, бәз баяғы кезден танитындай жақын араласып, өлеңін айтып, арқа-жарқа болып отыратын. Әкем өлеңді айтқанда денең шымырлап, жаның жай тауып, әннің ырғағымен бойыңа әуенді сіңіре бергің келетін. Артынан ерген қарындасы Несіпгүл, жездеміз Имантай Сарыжаз ауылының наубайханасында наубайшы болып жұмыс істеген. Әкем қойын бағып жүргенде тәтем мен жездем бар жақсысын арқалап үйге келгенде, ұсақты-ірілі бәріміз ағалап-тәтелеп шұрқырап алдынан шығатынбыз. Жездем марқұм әкемнің қырқына санаулы күні қалғанда қайтыс болды. Күйеубала емес туған бауырындай көруші еді. Сырласы, мұңдасы болған. Күні бүгінге дейін жездемнің аруағына тағзым етемін. Үнемі алдынан шыққан біздерге «Айналайын» деп маңдайымыздан иіскей сүйіп, арқамыздан қағып, басымыздан сипап, арқалап келген базарлықтарын таратып беретін. Тәтем болса марқұм апамның сол жылдары шығып жатқан «Салем» атты тәтті сусынын әкеліп, дәмді тоқаш-нандарын, кәмпит, ұны мен шайын алып келіп баланың парызын, қарындастың қамқорлығын білдіріп, үнемі бізге қарайласып келді. Күні бүгінге дейін тілеуімізді тілеп отырған менің өмірдегі екінші анама айналды. Көңілі бос Несия тәтем кейде біздің осыншалықты ержетіп, қуаныштарымызды бөлісіп, сүйіншілетіп атшаптыртып келсек көңілі босап, көзіне жас үйіріліп, бір жылап алады. Ол жас тек қуаныштың көз жасы. Ол кісіге деген ризашылығым шексіз, Аллам екі дүниенің бақытын нәсіп етсін.

       2018 жылы 28 мамыр, ораза айы еді, тарауық намазы біткені сол еді кенет ұялы телефоныма бауырым звандап қалды. Жайшылықпа деп ойымда ештеңе жоқ алып қалсам, әкемнің осы қазір ғана дүниеден озғанын естігенде… уақыт тоқтап қалғандай, үнсіздік жарияланғандай, көзім қарауытып, буындарым істемей қалды. Бір орында тұрып қалдым. Құлағымнан осы қаралы сөз әлі күнге кетер емес. Есеңгірегенім сонша денемнен жаным шыққандай, жүрегім шаншып, көзден жас жаңбырша жауды. Үйге қарай жүгіріп келем, әкемнің жанын ажал алып жатқанда екінші жағынан ұстап қалуға асығып келем. Мешітке жақын үйіме әлі жетер емеспін. Жанымнан ыстық от жанып, іштей өртеніп, бұлқынып келем. «Міне әкешім, шыда, мен келе жатырмын» – деп әкемнің әлі де жан тапсыра қоймағанына үміттеніп келемін… Әттең, Алланың қалауына пенденің қандай күші болады дейсіз. Үлгермедім, мен келгенде әкемнің денесі суып, төсегінде жатыр екен. Үлкейіп кеткен ағаларым, көз алдымда бір сәтке бала болып қалғандай, анадан да әкеден де айырылған он балаға ажал жетімдігін мойындатқызғандай шаншып тастады. Осы сәтте қанша жасқа келсек те бәрі бір асқар тауымсыз қорғансыз бала екенімізді түсіндім.

Жылайын жұртым сөксең де.

Әкемдей, шіркін, жан тумас,

Алтын мен күміс ексем де!

Мұңы бар адам жылап тұр,

Мұңы жоқ адам сынап тұр.

Жылады деп сөкпе, жұрт,

Тас қорғаным құлап тұр.

Бейістің төрі жапырақ,

Жапырақ түсті жалтырап.

Әкем бір, кетті келмеске,

Алдынан жансын шам-шырақ.

Меккенің тауы Медине,

Жақсы дейді, о дүние.

О Дүниеге барғанда,

Самалы тисін бетіне.

Бейіттің басы үш тасты,

Басынан сұңқар ұшпас-ты.

Кешеде жүрген әкем-ай,

Бізбенен мәңгі қоштасты.

        Міне, қасқағым сәтте өте шыққан өмірде тағдырдың қаталдығын тартып, жасы сексенді еңсеруге аяқ басқанда, балаларының жемісін жеп, өсіп келе жатқан немерелерінің ыстық махаббатына бөленер шақта ажал әкемізді алып кетті. Амал нешік тірі болғанда 2 қаңтарда 82 жасын еңсерер еді. Алланың рахымына бөленген әкемнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Кенже ұлы,

Әбдіқадіров Бауыржан Санақұлы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password