Мейірімді мектеп

        Таңертеңгілік. Қасымбек Мұхтарды Семейдегі 5 кластық  қалалық училищеге жетектеп алып келеді. Қаске ауық-ауық сөйлеп те қояды.

        — Ғылымның қамалы әрқашан берік, оны жеңіп игеріп алу үшін әр кезде талап, қайрат керек. Мұхтаржан, жақсы оқығайсың – дейді ол.

        Мұхтарда үн жоқ. Ойланып келеді ол. Кейде орыс балаларымен бірге оқуға жүрексінеді де. Мұны ойлап көзіне жас келейін десе, атасының Абайдың нақыл сөзі деп айтқан мына бір ескертпе сөздері ойына түсе кетеді:

        «Білім-ғылым үйренбекке, талап қылушыларға әуелі білмек керек… Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға тезірек  мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды. Екінші, ғылымды үйренгенде ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек… Үшінші, әрбір хақиқатқа тырысып, ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айырылма!..»

        Қаске анадайда Даниал Кәкітайұлының кетіп бара жатқанын көріп қалып:

        — А, а, оу Даку! – деген дауыс Мұхтардың ойын бөліп жібереді.

        — Не, Қаске?

        — Қайда барасың?

        — Оқуға.

        — Қайдағы?

        — Қаладағы. Орыс-қазақ мектебіне. Аға, мына Мұхтар да оқуға бара жатыр ма?

        — Иә, бірге оқисыңдар.

        Күйдірілген кірпіштен салынған  жалпақ үй анадайдан көз тартады.  Бұл қалалық орыс-қазақ мектебі. Бүгін бұл мектеп қазақ балаларын да жатырқамай құшақ жайып қарсы алып тұр мейірленіп. Мына келе жатқан Қаскелерді мектеп алдында егде тартқан екі кісі жылы шыраймен қарсы алды.

        — Қош, келіпсіздер, — деді әлгінің біреуі осы мектеп оқушысы Қаскенің сәлемін күтпей-ақ.

        — Сәлем, Игнат Иванович, — деді Қаске.

        — Кел, келіңіз, қайырлы қадам болсын!

        — Мына оқытушыларың, — деді Қаске әлгілерді таныстырып.  – Мынау болса Белослюдов. Өзі суретші, сызу пәнінің мұғалімі. Мына кісі болса Малахов Игнатий Иванович Семейдегі бастауыш мектептердің инспекторы.

        Бұлар әңгіме үстінде қақпаға таяна бергенде, «Қаске» деген дауыс ту сыртынан естілді. Жалт қараса, Баянауылдан Ахметолла Барлыбаев келеді екен.

        — Ел-жамағатың аман ба? – деді ол, жылы шыраймен  сәлемдескеннен кейін.

        — Тегіс аман. Өзіңізден сұрасақ? Ә, сізде де бала бар екен ғой, оқытатын.

        — Жоқ, бұл әлгі өзіміздің елдегі ағайын Саматтың баласы Хұсаин, ағасын білесің. Омбыда оқитын Мұхтар Саматов қой. Маған осы інісін училищеге алып барып тапсыр деп тағайындаған еді. Ал сенің мынауың кім?

       — Мұхтар, ағамның баласы.

       — Ә, дұрыс, әлгі Әуке ағамның немересі Мұхтар осы ма? Жігіт болып қалыпты ғой. Балалар, тек жақсы оқыңдар, — деп Ахметолла Барлыбаев Хұсаинды училищеге тапсырған соң кері қайтты.

       Алғашқы қоңырау. Бойын қуаныш пен шаттық кернеген қара домалақ қазақ балалары мектепке, класқа еркін еніп барады.

       Арадан айлар, жылдар өтті. Түсінігі о бастан кең Мұхтар кластас балаларының ішінен дараланып оқшау шықты. Мұхтар үнемі байсалды, тәртіпті әрі ұстамды. Сол үшін болса керек, үнемі сабақты жақсы оқыды. Бала Мұхтардың бойында тағы бір ерекшелігі бар. Ол – жаңалыққа құмарта,  қызыға қарайтындығы, орыс балаларының жүріс-тұрысында зер салып, үлгі ала қояды.

       Қазақ балаларын орыс әдебиеті баурап алды. Ендігі жерде сабақтан тыс орыс пәнінің мұғалімінің көмегімен әдебиетпен жете таныса бастадық. Енді Мұхтар бұрын тек атасынан ғана естіген Толстой, Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин, Крыловтардың кітаптарын алдына жайып қойып, өзі оқитын дәрежеге жетті. Класс бойынша И.С.Тургеневтың «Түс», «Сағат», Л.Н. Толстойдың «Бүркіт», «Акула» әңгімелері мен «Ғалым бала» мысалдарын қызыға оқитын. Мәселен, И.С Тургеневтың 1876 жылы жазған «Түс» әңгімесі 18 бөлімнен тұрады. Мұғалім бұл әңгіменің әрбір бөлімін әр балаға бөліп беретін. Ертеңіне түсінігімізді міндетті түрде сұрап тұрады.

        Әлі есімде, Мұхтардың үлесіне «Түс» әңгімесінің 16-шы тарауы түсті. Арадан бір күн өткен соң Мұхтар әлгі әңгімені класта мұғалім алдында әңгімелеп берді. Мұхтар орыс тілінде жатық сөйлейтін. Орыс тілінде жатық, сенімді сөйлейтініне оқытушы да дән риза болған еді.

       — Міне, Мұхтар Әуезовичтей оқып түсініңдер, — дегені бар.

       Мұхтар С.П. Аксаковтың «Орынбордағы мылтықшы-аңшының жазбалары» әңгімелерін сүйіп оқитын, қолынан тастамайтын. Мұхтар бір күні бізге Аксаковтың «Тазы ит» әңгімесін қазақша сөзбе-сөз аударып, айтып бергені бар. Ауылда алғаш эстетикалық талғамын оятқан Мұхтар енді көп оқиды, көп ізденеді, көп тоқиды. Бұл кезде Семей оқытушыла семинариясында орыс  тілі мен әдебиетіне жігерлі талаппен араласуына көп көмек береді. Семей дәуірінде Мұхтардың оқығаны да, көкірегіне тоқығаны да ұшан-теңіз.

       Василий Иванович Попов Мұхтардың білімпаздық жолындағы ұстазы. Василий Иванович сол кезде-ақ, бала Мұхтардың әр алуан өнер саласында алғыр қабілетінің бар екенін байқаған.

       «1916 жылдың авгусында мен Семейдегі мұғалімдер семинариясына орыс тілі мен әдебиеттен сабақ беретін оқытушы болып келдім, — дейді Василий Иванович Попов, — Мұхтар ол уақытта семинарияның бірінші курсында оқитын. Әлі есімде: үлкен класс бөлмесі, үш қатар қойылған парта. Оң жақтан санағанда ортадағы қатардың алдыңғы қатарында он сегіз жасар шамасындағы бойшаң, әрі сұлу қазақ жігіті отырған-ды. Сыртынан қарағанда ерекше ұқыпты киінген, озіне жарасымды қою қара шашы бар, бет бейнесі сәл сарғыштау келген, қалың ерінді, қыр мұрынды, ойлы қара көзді және биік маңдайлы бұл жігіт –Мұхтар Әуезов еді. Ол әрқашан байсалды, әдепті, мінезінің ұстамдылығымен оқытушылары алдында да, жолдастары алдында да қадірлі саналатын, тіпті өз класында ерекше көзге түсетін, бір курстағы оқушылар арасында аса беделді болатын. Орыс тілін өте жақсы игергені үстіне, сол тілдің жай-жапсары жайындағы білімінің кеңдігіне бізді таң қалдыратын еді».

 

Тағы да ауылда

        1907 жыл. Қақаған қыс. Аралтөбе қыстауындағы Әйгерім апам ұстаған Самарбай молданың хұзырынан босап, үйде жүрмін. Атам мен кәрі апамның ертелі-кеш ойлағаны, екі сөзінің  бірі Мұхтар. Әсіресе, атамның әзірлігі күшті.  Қыс айының басынан бері қос атты жолға жараулы болсын деп тұяғын қимылдатпай, жемдетіп бақтыруда. Кәрі апамның да сақтаған жал-жаясы, қазы-қартасы және бар немересіне.

        Ескіше 16 декабрь. Атам мен кәрі апам Омарханға келді.

        — Ау, Омархан, үйдемісің. Разақ қайда?

        — Үйде.

        — Қаске мен Мұхтардың оқудан босайтын күні келіп қалды. Ауылды сағынған шығар шырақтарым. Міне, ат дайын, Разақты жөнелтсең.

        — Жарайды,  ата.  Бүгін жүрсін бе?

        — Ия, бүгін жүргені мақұл. Бүрсігүні олар оқудан босасымен тез алып қайтқаны мақұл ғой. Әрі аттар да Семейге бір күн ерте барып, тыныққаны мақұл.

        Атам мен кәрі апам Мұхтарым жаурап қалмасын деп шананы өздері әзірлеп жүр. Ең алдымен  шана ішіне бөстек салып, айналасына киіз тұтты. Кисін деп сеңсең тымақ пен тон берді Разаққа. Ал сапарың сәтті болсын деп, жолға шығарып салды.

       18 декабрь. Атам түс қайтқаннан бері үй алдындағы Күлтөбе басына ауық-ауық өзі шығып, Семей жаққа ұзақ қарайды. Бірақ ештеңе көзге ілінбейді. Ақ ұлпа қар көмкерген дала жатыр керіліп.

        — Ау, Ахмет, ау Біләл! Тамның төбесіне шығып қараңдаршы,- дейді кәрі апам да, — қара көріне ме?

       Жараулы ат жеккен шана сырғып келеді. Мұхтар жан-жағына жалтақтай қарап, шанадан қарғып түсіп, жүгіріп кеткісі кеп келе жатыр. Иә, алда сағынған дала, жолды күтіп сарғайған ата мен ана, ақ шашты қариялар тағы бар. Күшікбай кезеңіне келіп қалды олар.

        — Разақ аға, — дейді Қаске. – Кеше Күшікбайдың бауыры бұрқырап тұр ма еді?

       — Айта көрме, қалқам, қаһарына мініп, жая боран болып жатыр еді.

        — Қаске аға, — деді Мұхтар. – Осы Күшікбай кезеңі деп неліктен атанған?

       — Ол былай, — деп, Қаске әңгімесін бастады,- бұл таудың сілемін Арқалық деп атайды. Мына оң жақтағы биіктіктегі оба сияқты тас мола Күшікбай деген кісінің моласы. Ол кезінде батыр болған кісі екен. Ел қорғап, жауға жалғыз шапқан адам болған. Өз мекені осы, мынау ой болған екен. Жасы ұлғайған кезде Күшікбай ауырып, әл үстінде жатады. Сол сәтте дұшпандары мұның жүре алмайтынын білген соң, жасақтанып келіп, ауылын шауып, малын айдап кетеді. Жауға қарсы тұрарлық адам шықпайды. Сонда әл үстінде жатқан Күшікбай белдеудегі атына мініп, қару-жарағын асынып, жау соңына түскен екен. Осыдан 12-13 шақырым жерде Қанай деген жерде жауды қуып жетіп, ұрыс жасап, жауын жеңіп, қолды болған малдарды айдап кері қайтқан екен. Мына ойдағы үйіне жете алмай, мола тұрған төбе басына ат үстінде найзаға сүйеніп, қаза болған, жан тапсырған екен. Міне, ағайындары батыр Күшікбайды сол жерге жерлеген.  Содан былай қарай бұрынғы Арқалық кезеңі Күшікбай кезеңі деп аталған. Көрдің бе, анау ойдағы қыстау сол Күшікбайдың қыстауы. Қазір ол қыстауда Қаптағай апам отыр ғой. Оған қайтарда кіріп амандасамыз. Қазір барсақ кешігіп қаламыз, бөгелеміз, атам мен кәрі апамды зарықтырып қоярмыз.

       Әңгіме осы жерге келгенде шана кезеңге өрлей шығып келеді екен. Манадан бері сырғып келе жатқан шана теңселе бастады. Күшікбай кезеңі. Дүние астан-кестен. Азынаған боран, жел ұлиды. Ышқына кеп соғады долданып.Ұлпа қар ұйтқи  соғып, аттарды да кібіртіктеп жүргізбей келеді.

       Шана өр басына әрең шығып, кең жазыққа сырғып түсті. Ауа райы күлімдеп, өзгеріп сала берді. Ыз еткен жел де жоқ. Сақылдаған аяз да, құтырынған боран да жоқ. Дала тып-тыныш. Кешқұрым. Жолаушылар Итжонға ілікті.

       — Шүйінші, ата, кәрі апа, қара көрінді. Мұхтар келеді.

       — Қалағандарың болсын, кәне?

       — Әне, Итжоннан асты.

       Жетпістен асқан адам Күлтөбенің басында дегбірсіздене отыр. Мұхтарларды көрген біз –Ағзам ағам, Біләл үшеуіміз атқа шана қостық. Алдарынан шықпақ болдық.

       — Бөгде кісі ме өздері, — дейді атам, — сонша неге жай жүреді.

       Ау Ағзам, олардың алдарынан шықпай-ақ қойыңдар. Бөгейсіңдер.

       — Бармаңдар, алдандырасыңдар, — дейді кәрі апам дамыл таппай.

       Мен көнбедім. Шанаға қарғып міндім, атқа қамшы бастым.

       — Тай-құлындай тебіскен немелер бірін-бірі сағынған ғой, барсын, — деді Омархан ағам мен Нұржамал.

      Мұхтар өзін айналдыра ораған киізін тастап, жүресінен отыр шана үстінде. Аяққарағанда оларға қарсы ұшырадық. Мұхтар шанадан қарғып түсті, құшақтай алды.

      — Балалар жетеді енді! – дейді Қаске.  – Атам мен кәрі апам күтіп отыр-ау. Кәне, кеттік.

      Шана қораның алдына келіп тоқтады. Мұхтар көптен сағынған аяулы жан атасының құшағына молынан енді де кетті. Маңдайынан иіскейді… Кәрі апамның мейірманды жүрегі елжіреп, толғанып жатыр. Сол уақытта әдеп сақтап, құлынын құшағына алуға бата алмай тұрған Омархан ағамның көзінде, Нұржамалдың кірпіктерінде қуаныш жас бар еді.

 «Жас Мұхтар» кітабынан. 1977 жыл.

( Жалғасы бар).

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password