Медицина қызметкерлерінің мерекесі аталынып өтті

 Елімізде адам мен аурудың арасына араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандар аз емес.  «Еңбек — адамның көркі, адам — заманының көркі» дегендей бар өмірін денсаулық сақтау саласына арнап, адам жанының арашасы болып ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, халықтың жылы ықыласы мен алғысына бөленіп, заманының көркі болып жүрген дәрігерлер баршылық.

Адам ағзасындағы ауруды тауып, денсаулығының түзеліп кетуіне атсалысу – еңбек. Бүгінгі таңда ақ халаттылардың арасынан талай жыл еңбек етіп, қиыншылығына мойымай, әр ісіне ұқыптылық танытып жүргендерге сүйсініп қарайсың. Адам жанының арашашысы болып жүрген, ауруын дәл тауып, емін нақ жүргізген ақ халатты абзал жандардың еңбегі қай уақытта болмасын бағалауға лайықты.

Біздің әрқайсымыз өмір мен денсаулықтан, жақын туғандарымыздың өмірі мен денсаулығынан артық құндылық жоқ екенін түсінеміз. Дәл осы баға жетпес құндылықты сақтап қалуға негізделетін аса жоғары жауапкершілік медицина қызметкерлеріне арттырылады. Сондықтан да, құрметті де қадірлі мамандық иесі болып табылатын, адам жанының арашашысы деп аталатын бұл сала қызметкерлерінің қоғамымыздың дамуындағы үлесі орасан зор. Халық денсаулығы – қоғамымыздың ұлттық байлығы. Сондықтан адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі – жалпыхалықтық мереке болып табылады.

Айтулы мереке аудан орталығының мәдениет үйінде салтанатты түрде аталынып өтті. Аудан әкімі Жолан Омаров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, осы салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар дәрігерлерді  құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапаттады.

Сондай-ақ, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Дина Молдағожаева мен аудандық аурухананың жалпы тәжірибелік бөлімінің дәрігері, жас маман Ернат Әуелхан сөз алып ақ желеңді абзал жандарды құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының ұйымдастырған концерттік бағдарламасына ұласты.

Жауапкершілігі мол медицина саласының қыр-сырын меңгеру, адам жанын түсіну, ауруына ем табу оңай дүние емес екендігі белгілі. Ендеше қиындығы мол бұл салаға жан тәнмен берілу әркімнің қолынан келе бермесі де анық. Денсаулық саласының қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Айнаш Әлдибекова,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password