Киелі жолдың иесі

    Райымбек бабамыздың күреске толы өмірінің 33 жылын соғысқа арнап, 77 жерден ауыр дене жарақатын алып,  атақты Ойрантөбе шайқасында қалмақтың  17 батырының басын алған баһадүр. Бабамыз көз жұмар шағында ұрпақтарына былай деп өсиет айтыпты. Денемді түйеге артып басын бос жіберіңдер, түйе қай жерге шөгеді мені сол жерге қойыңдар депті. Сол өсиеті бойынша жерленген бабамыз алып шахар  Алматының ортасында тоғыз жолдың торабында жатыр. Қазақ елінің азаттығы жолында күресіп,  көзі тірісінде қол бастаған батыр ғана емес көріпкел әулие атанған Райымбек бабамыздың азан шақырып қойған аты Рахымбек болған екен. Ал Рахым Алланың көркем есімдерінің бірі болса, бабамыз жауға өзінің емес Алланың есімін атап шапқан. Райымбек бабамыздың есімінен бастап, жатқан жеріне дейін киелі саналатыны сондықтан.

    Баһадүр бабамыз жайлы аңыз әңгімелерін тізбектеп айтсақ бүгін бітпеспіз. Дегенмен, ел құлағына әлі жете қоймаған бір-екі оқиғасын айта отырайын. Оның бірі Райымбек бабамыздың жұбайына қатысты болмақ. Бұл оқиға Сөгеті ауылының тұрғыны Республикалық Жетіқазына құсбегілер музейінің жетекшісі, кеудесі қазынаға толы Мұхамедқали Исабеков ағамның айтуынша Сөгетідегі Алмалы тауында Райымбек бабамыздың жұбайының жерленген бейіті бар. Бейіт маңында сары және қарадолана өсіп тұр. Сары  долана кез-келген тауда өскенмен, Қара  долана бұл тауда өспейді екен. Құдайдың құдіреті ма, әлде адам қолымен егілген ба қара түстегі долана осы қорымның қасында өсіп шығыпты. Бабамыздың жұбайының бейітін қытайдан Сөгетіге көшіп келген бір қазақ ішінде қазына бар деп ойлап  қорымды қазыпты. Бұл оқиғаның соңы үлкен дауға ұласып, Сөгеті ауылының тұрғындары әлгі қазақты жазалаймыз деп жатқанда, тылсым құдіреттің күші ма әлде кездейсоқтық па зиратты қазғанда кенеттен тракторымен қоса өртеніп, өз жазасын тартыпты.

    Тағы бір дерек ертеректе қазіргі болып жатқан коронавирус сияқты бір кесел елге жаппай тарап сол ауру белгісіз себептермен осы бабамыздың жұбайының бейітінің қасына келгенде тоқтапты. Бейіттің қасында орыстардың қойған тақтайшасы тұр, сол тақтайшада «бұл тараған ауру осы жерге келгенде тоқтады, оны біз тоқтаттық» деген орыстардың жазуы бар. Ал, елде ауру шыққалы Сөгеті ауылының тұрғындары осы бейіттің басына келіп құран бағыштап, құрбандық шалып, Құдайдан елдің амандығын үздіксіз тілеп отырған. Тылсым құдіреттің күшімен бұл ауру осылай тоқтаған. Ал, екінші оқиға қазақ қалмақ соғысы бітіп Райымбек бабамыз егде тартқан шағында көршілес қырғыздар қазақ жеріне көзаларта бастапты. Сонда Райымбек бабамыздың алдына жаушылыққа келген қырғыздарға айтқан сөзі екен. Егер бізбен соғысуға бел байлап жауласуға келсеңдер мен жиырма бестемін, ал татулық пен достасуға келсеңдер мен сексен бестемін деген екен. Бабамыздың сөзін естіген қырғыз басшысы біз Райымбек батыр тұрғанда қазақтарды шауып абырой таппаспыз, оданда әулие батырдың батасын алайық деп атшапан айыбын тартып татуласып қайтқан екен. Бұл оқиғадан бабаның әулие,  қол бастаған батыр ғана емес, екі ауыз сөзбен ел тағдырын шеше алатын шешендігін де байқауға болады.

    Бабамыздың зиратының күмбезі елуінші жылдарға дейін сақталған. Кейіннен бұзылып жетпісінші жылдарға дейін төмпешік күйінде тұрады. Кеңес заманындағы Құдайға сенбейтін инженерлер жол салу барысында, бабамыздың бейітін сүріп тастамақ болады. Бір орыс шынжыртабан Д.Т. тракторымен бейіттің үстіне шыға бергенде маторы сөніп қала береді. Ызаланған орыс гүжілдеткен қалпында алға ұмтылады. Бірақ кілт тоқтайды. Трактор қозғалыссыз қалады. Маңындағылар бұл неге тұр деп түсінбей кабинаға үңіліп қараса, тракторшы бір жағына жантайған қалпы арғы өмірге аттанып кетіпті. Одан кейінде күтпеген тосын жағдайлар кезігеді. Жұмыс тоқтайды. Осы кезде ұлтымыздың ардақты азаматы, қоғам қайраткері, республика басшысы Дінмұхамед Қонаев сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кеңес Аухадиевті шақырып алып, ол жерде әулие батыр Райымбек бабаң жерленген. Оны құрметтеп басына белгітас қойыңдар, жол салу жобасын өзгертіңдер, қажетті көлемде жер бөліңдер деген екен. Сөйтіп баба бейіті 1975 жылы темір қоршаумен қоршалып, 1981жылы қабір басына сәулетші Т.Мағзумов жасаған ескерткіш құлпытас қойылып, 1991 жылы өзі жатқан көшеге Райымбек даңғылы атауы берілсе, 1994 жылы Райымбек тарихи-этнографиялық бірлестігінің бастамасымен үлкен мавзалей тұрғызылды. Ал 2018 жылдан бастап бұл жер мемлекет қарамағына өтіп, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы музейлер бірлестігіне еніп, Райымбек батыр музей кешені атауына ие болды.

    Алматы қаласы Мәдениет басқармасы Музейлер бірлестігіне аты аңызға айналған Д.Қонаев , С.Мұқанов,  Ғ.Мүсірепов,  Н.Тілендиев, Ықылас атындағы һәм Алматы музейі сынды бірқатар мәдениет ошақтары қарайды. Солардың бірегейі осы Райымбек батыр музей кешені болып табылады.

    Райымбек батыр музей кешені болғалы бері бабаның жүріп өткен жолын зерттеп, жәдігерлерін іздестіріп, музейге керекті құндылықтарды жиыстырып жатырмыз. Мемлекетке өткеннің арқасында баба басы қайта жаңғырып кесене ішінде жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта Райымбек батыр музей кешені деп атауы айтып тұрғандай, бабаға арнап арнайы музей кешені мен адамдар қонатын жайлар, түнеу орындары және намазхана салу жоспарда тұр. Мемлекеттің қолдауының арқасында бабамыздың ерлігі мен әулиелігін алты Алашқа ғана емес, алты құрлыққа танытатын кез жетті деп ойлаймын. Киелі жолдың иесі атанған бабамыздың мәңгілік тұрақ тапқан мекені, енді мәдениет пен өр рухтың алтын бесігіне айналады.

Ержан Тоқтар,

Райымбек музей кешенінің директоры,

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password