КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ

облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары ауданымызда болды

Жуырда ауданымызға «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Әкебайұлы Жөргенбаев арнайы келіп, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымы төрағалары және партиялық топ жетекшілерімен келелі кездесу өткізді. Аталған бас қосудың басты мақсаты Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Nur Otan» партиясын қайта жаңғырту шеңберінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру. Жиынның басын аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов бастап, жүргізіп отырды. Кездесу барысына «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасы аясында алда атқарылатын жұмыстар мен міндеттерді талқылады. Өз кезегінде Ж. Жөргенбаев үстіміздегі жылдың 21 тамызында өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында және 25 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында аймақтық партия басшылары өкілдерімен өткен басқосуда көтерілген мәселелерге нақтырақ тоқталып, партия беделін көтерудің жолдары мен бағыттарын айтып өтті.
Кездесудің соңында Ж.Жөргенбаев партияластарды партияның алға қойған мақсат міндеттерін орындауда бірлесе белсене жұмыс жасауға шақырды.
Кездесуді аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Н.Құдайбергенов қорытындылай келе, аудандағы партия филиалы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта партияның қайта жаңғырту аясындағы жұмыстар аудан көлемінде өз деңгейінде ұйымдастырылатындығын атап өтті. Аудан әкімінің орынбасары С.Сатылғанов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Б. Бірбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Құдабаевтар кездесу барысындағы талқыланған мәселелерге көңілдері толғанын айтып, Ж.Жөргенбаевқа алғыстарын білдірді. Жиынның соңында Ж.Жөргенбаев партия белсенділерін марапаттау рәсімін өткізді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Құдабаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын алса, «орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Н.Әлиев төраға орынбасары С.Нұрқадіровтың Алғыс хатын иеленді.

Д. Қасенұлы

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password