Игі істер жалғасуда

        Ауданымыз шаңырақ көтергелі бір-екі жылдың көлемінде ауыл жастарының туған жеріне деген ыстық ықыласы оянып келетіні қуантарлық жағдай. Туған жерге туыңды тік демекші, бір кірпіш болса да туған жеріне қалағысы келетіні сөзсіз. Оның мысалын мынадай жұмыстардан көруге болады. Өткен 2019 жылы Қызылшекара ауылындағы білім ордасын 1999 жылы бітірген мектеп түлектері жиырма жылдық кездесуінде аталған ауылға Алла үйі жанынан 200 орындық қатымхана (құран оқылатын орын) салуға бастама көтеріп, өз қаражаттарымен аталмыш құрылыстың іргетасын қалады.Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Сол кезде қыз-жігіттеріміз өздерінен кейінгі 2000 жылы бітірген ұл-қыздарымызға эстафетаны тапсырған болатын. Өз кезегінде олар да бұл дәстүрді жалғамақ ниетпен ауылымызға біздің немере-шөберелеріміз үшін құны 1.5 млн теңге тұратын балбөбек балдырғандарымызға арнап ойын алаңын ашып берді. Бұл аталған игі бастаманы мамыр айында соңғы қоңырау кезінде жоспарлаған еді. Алайда, дүние жүзін дүр сілкіндірген короновирус індетінің кесірінен осы тамыз айында орындалып отыр. Бұған өкініш жоқ. «Ештен кеш жақсы»,- дейді дана халқымыз. Ауыл тұрғындарының түлектерге айтар алғысы шексіз. «Бала қуанса – әлем қуанады» демекші, балдай тәтті балапандарымыздың қуанышынан артық біздер үшін қандай бақыт бар. Қазір ойын алаңында сәбилердің сыңғырлаған үні мен шат күлкісін естисің. Балалардың қуанышына не жетсін. Аталмыш істерді атқарған ұл-қыздарымыз бүгінгі таңда отау құрып, бір шаңырақтың отағасы мен түтінін түтетіп отырған қайырымды жандар. Олардың кейбіреулері жоғарғы оқу орындарын тәмамдап, қалада қызмет атқарып жүрсе, ал қалғандары ауылда қалып шаруасын дөңгелетіп отырған жомарт жандар.

        Қызылшекара ауылы тоқырау жылдары қараусыз қалды. Көп отбасылар жан бағу үшін қаланы жағалап кеткен еді. Енді міне, ауылымызға көптен күткен ауыз су мәселесі шешіліп, құбырларын тартып, жақын арада таза сапалы су берілмекші. Мұнымен қоса,интернет жүйесі де іске қосылмақшы. Мұның бәрі біз, яғни ауылда қалған ағайын үшін үлкен қуаныш. Осылай кіндік қаны тамған таулы өңіріне қолғабыс тигізіп жүрген ұл-қыздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба берсін деген үміттеміз.

Тұрсын Әбдіқадырұлы,

Қызылшекара ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password