ИГІЛІККЕ АЙНАЛҒАН СУ БӨГЕТІ

   Осы аптаның сәрсенбісі сәтті оқиғасына, жағымды жақсылығына толы болды. Атап айтқанда, қастерлі де қасиетті мемлекеттік шекарамыздың шетіне қоныстанған Райымбек ауданы аумағында есте қаларлықтай игі шара өрнектелді. Екі ел шекарасының аралығындағы Сүмбе өзеніндегі Қазақстан мен Қытайдың бірлескен су торабы құрылысын қайта жаңарту жұмыстарының аяқталу салтанаты болып өтті. Аталған игілікті шаруаны Іле Хуачың барлау-жобалау, зерттеу жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалаған еді. Құрылыс жұмыстарын Шыңжаң хоңиюан құрылыс тобы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

-Осыдан бір жыл бұрын біз қайта жаңартуды бастау рәсімін өткізген едік. Осы қысқа мерзім ішінде екі жақтың мамандары, жобалаушылары және құрылысшылары осы нысанды іске асыру үшін үлкен күш-жігер жұмсады. Су торабын қаржыландыруды тараптар тепе-тең негізде жүзеге асырды. Бұдан әрі осы жаңартылған құрылысты басқару бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл бізге Сүмбе өзенінің су ресурстарын 50-ге тең үлеспен тең құқықты негізде пайдалануға мүмкіндік береді. Біз тату көршілік, сенім және өзара тиімділік негізіндегі ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниеттіміз,- деді су торабы құрылысын қайта жаңғырту салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы вице-министрі, трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының тең төрағасы Ерлан Нысанбаев.

   Салтанатты рәсімде Қытай Халық Республикасы су шаруашылығы министрінің орынбасары Тянь Сюэбинь сөз алып, екі ел арасындағы ел игілігіне арналған дәл осындай байланыс, қарым-қатынас алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табатынына үлкен сенім білдіретінін айтты. Басқосуда Қазақстан Республикасы жағынан Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров, Сүмбе ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Елжан Бестібаев сөз алып, ел мен жерге үлкен шапағатын тигізетін құрылыс нысанын пайдалануға берген құрыш қолды құрылысшылардың атына ризашылықтарын білдіріп, игілікті іс екі жақтың диқандарының жұмыстарына оң ықпалын тигізетінін жэне екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық арта беретінін алға тартты. Салтанатты шараға қатысқан Шыңжаң Ұйғыр автономиялы аймағы саяси партиясы төрағасының орынбасары Кун Синлун жүрекжарды тілегін жеткізді.

     Аталған су бөгетінің барлық жұмыстары компьютер арқылы басқарылады. Судың жартысын Райымбек ауданындағы Сүмбе ауылдық округінің тұрғындары пайдаланып, игіліктерін құрайды. Округте 5215 халық тұрады. 318 шаруа қожалығы еңбек етуде. Қасиетті қара жермен айналысатын диқандардың сурамалы егістік жерлері негізінен дәл осы мемлекеттік шекараның аумағында орналасқан. Сүмбе өзенінен келетін су арқылы өңірдегі 1018 гектар егістік жер суарылуда. Екі ел арасындағы бірлескен жоба бойынша жасалған су бөгетіне өңір тұрғындарының айтар алғысы бөлек. Ризашылықтары шексіз.

                                                         Қанат Біржансал,

                                                   Сүмбе ауылдық округі,

                                                        Райымбек ауданы.

Суретте: Сүмбе өзені бойындағы екі ел арасындағы бірлескен су торабы құрылысын қайта жаңғыртуды аяқтау салтанатынан көрініс.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password