Ж А Қ С Ы   К Е Л Д І   Д Е Г Е Н Ш Е…

Облыс  әкімі  Амандық  БАТАЛОВТЫҢ  Нарынқолға  жұмыс  сапарынан

Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ, «Хантәңірі»

       Қасиетті Тәңіртау етегіндегі  ел-жұрттың  Амандық  Ғаббасұлына дегенде  көңілдері  көркем, ниеттері ақ, жүздері шат, шығарда жандары бөлек. Бұлай деуіміздің өзіндік себебі болғанымен, айтпай  кетудің  жөні  жоқ. Осыдан  төрт  жыл  уақыт  бұрын  Алматы  облысына  әкім  болып сайлана  салысымен  жұмыс  сапарларының  алғашқысын  Нарынқол  өңірінен  бастағанда бұрынғы аудан орталығының сүреңсіз түр-түсі  мен, көңілдері  құлазыған  ауыл  тұрғындарының  кейіпсіз кескіндерін өз көзімен  көріп, жанайқайын өз  құлағымен  естіп, көппен қоса  күйзелген  өңір басшысы  қалың қауымның талап-тілегін Елбасына қалайда  жеткізуге, бұрынғы  ауданды  бөлгізіп, қайта  қалпына келтіруге бар күшін салатынын айтып, тас-түйін уәдемен аттанған еді. Уәдені  Құдайдың  сөзіндей  сезінетін  аптал  азамат  дегенінде  тұрды-ау, ақыры. Мемлекет  басшысының алдына әр барған жұмыс сапары сайын Райымбек ауданын ол кісінің алдына жеріне жеткізе қоя, нақты  дәлелдерді  алдына  тарта  жүріп, ризашылығын  алды. Сөйтіп, осыдан  бір  жарым  жыл  уақыт  бұрын, наурыздың  көкекке  ұласар көгілдір күнінде шекара шегіндегі Райымбек  ауданын көрші  ауданнан  бөліп, өз  алдына  аудан  жасау  және  Нарынқол ауылына  аудан орталығы  мәртебесін  беру  жөніндегі Елбасының Жарлығы жарқ ете  түскенді. Сондағы ел-жұрттың қуанышын  айтсаңызшы, шіркін! Араға  жиырма бір жыл салып «хан тағына» қайта отырған ауданның сол сәттегі жай-күйі ешкімнің ойынан өле-өлгенше шыға қоймас. Тыныс-тіршілігін  төрт түлік малы мен егін-тегіні арқылы ажыратып отырған аспантау аясындағы бейуаз жұрттың сол бір айрықша күннен бері Амандық Ғаббасұлын өздерінің төл перзенттері санайтыны, тағы бір келуін күтіп,дидарласуға, ел тағдыры,жер тағдыры туралы ортақ ой тоғыстырып, сыр бөлісуге асығып тұратыны да сондықтан. Өз алдына аудан болғалы облыс басшысының осымен төртінші рет жалғасып отырған бұл жолғы сапарын да жақсылыққа жорып, алғыс сезімдерін арқалай алдынан шығуы-шынайы ықылас, риясыз пейіл, шексіздікпен астасқан ризашылықтың айқын көрінісі болғаны ақиқат.

     Өңір басшысы Нарынқолға аяғы тиісімен жұмысының «біссімілләсін» іргелі ауылдың шет жағын ала осы жылдың басынан қолға алынып, бүгінде құлашын кеңге жая қарқын алып келе жатқан спорттық-сауықтыру кешенінен бастады. Жоба құны 1,086 млрд. теңгеге бағаланған құрылыс жұмысымен  осыған дейін талай құрылыс орындарын кершеулеп, «тісі сарғайған» «Фуд МС» ЖШС құрылысшылары айналысып жатқан жайы бар. Құрылыс басындағы қызу қимыл қолға алынған істің белгіленген мерзімде аяқталатынан хабардар етіп тұрғандай. Нысанды алдағы жылдың 1-маусымына пайдалануға беруге міндеттенген кәнігі құрылысшылардың қимылдары ширақ. Амандық Ғаббасұлы да, ол кісімен ере келген орынбасарлары мен облыс аумағындағы айтулы мекемелердің басшылары және еңбегімен елге сыйлы, көпке белгілі бүгіндері ел ағасы атанған бірлі-жар азаматтар да жұмыс қарқынына қарап, нысанның белгіленген межеде аяқталатынына көздерін жеткізді. Құрылыс жұмысына көңілі толған өңір басшысы қарқынды одан әрі де ширата беруді іс басында жүрген басшыларға, мамандарға ыждахаттылықпен жүктеді. Және сөз бен істе алшақтық болмауын айрықша тапсырды. Спорт-сауықтыру кешенінің күн шығыс жағынан басталғанына айға жуықтаған 33 тұрғын үйдің құрылысына да назар аударды. Алдағы уақытта осы арадан барлығы 83 тұрғын үй бой көтеріп, аумағы атшаптырым ауыл пайда болатыны да еске салынды.

  -Мынандай тау етегінен салынатын үйлер бүгінгі заман талабына сай сол таудың сұлу да көркем табиғатымен үндесе білуі керек қой. Көшелері мен ернеуіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жол асфальттеліп, электр қуатымен, көше шамдарымен толық қамтылсын. Жаңа үйлердің тұрғындары осынау баспаналарда алаңсыз тұрмыс кешулерін басты назарда ұстаңдар,-деген облыс әкімі, құрылысшыларға жұмыста сәттілік тіледі.

     Аудан бөліне салысымен қолға алынған аудандық  әкімдіктің бұрынғы ғимараты  мен бұрын аудандық прокуратураға, сонымен қатар ауылдық әкімдікке қызмет орны болып келген, билік орындары басқа жаққа қоныс аударған соң бұл нысандардың азып-тозып, мүшәпір халге түскені белгілі еді. Айналасы бір жарым жылдың ішінде қайта күрделі жөндеуден өткен бұл ғимараттар қазір инеден жаңа шыққан киімдей, көргеннің көзін қарықтырар түрге енген. Амандық Ғаббасұлы осы  орындарға атбасын тірегенде күтіп тұрған көпшілік,үлкен-кіші,кәрі-жасы болып«қош келіпсіз» деген ыстық ықыласпен құшақ жая, жамыраса қарсы алды. Қанат Ахметов, Нүсіп  Сүйіндіков, Нұрлан Әкімбайұлы сияқты қазыналы қариялар көптің алғысы мен ризашылығын жеткізіп, деніне саулық, қызметіне асқақ абырой тілесті. Жақында ғана жаңа қонысқа көшкен аудандық кірістер басқармасы  мен қаржы бөлімінің, статистика басқармасының жұмыс орындарына кіріп, әр бөлмелерге көз жүгірткен әкім, жаңа кеңсенің ішкі бөлмелерінің сәні  мен сапасын да назардан тыс қалдырған жоқ. Міндетті істің мінсіз атқарылғанына қанағаттанғандығын білдірді. Ондағы қызметкерлермен тілдесіп, ой-пікірлерімен бөлісті. Өңір басшысы бұдан кейін «сервистік орталық» аталған «П» харпі үлгісімен қайта ірге көтерген нысанға да  бас сұғып, бірнеше мекеме қоныстанған орынның жай-күйімен танысты.Әсіресе, бұрындары ата-аналары осы жерде ғұмыр кешіп, кейін жанбағыс қамымен Алматы жаққа қоныс аударған жастардың  ауданға өз жүрек қалауларымен келіп, қызмет істеп жатқандарына айрықша ықылас танытты. Тіпті олардың бір-екеуін сөзге тартып, ой-ниеттерін білуді де естен шығарған жоқ. Сөз арасында ауданға сырттан мыңнан аса жас келіп еңбек дүбіріне қосылғаны да айтылмай қалмады. Жастарға қолдау көрсету  қажеттігін айта келе, ендігі жерде олардың осында тұрақтап қалуына барынша жағдай жасау жөнінде аудан басшыларына тапсырмалар берді.

    Облыс әкімі Амандық Баталовтың бұл күнгі жұмыс сапарындағы табан тіреген жері аудан әкімдігінің күрделі жөндеуден өткізіліп, көркімен көз тартқан аудан әкімшілігінің ғимараты болды. Әкім бұл  жерде де әр бөлмеге кіріп, біткен істің сапасымен танысты. Қызметкерлердің жұмыстарына табыс тілеп, аудан экономикасын көтеруге тиісінше үлес қосуға шақырды. Құрылыс мекемесі басшысының міндетін уақытша атқарып отырған Думан  Төлегеновтей жас жігітпен танысып, қайдан келгенін, отбасылық жағдайына дейін тәптіштеп сұрағап, жастар-ел болашағы екенін, сондықтан оларға артылар міндет жүгінің де жеңіл емес екенін ерекше бір түйсікпен айтып, ауылға атбасын бұрып отырған оған ризашылығын білдірді. Қызметіне зор жетістік тіледі.

   Тағы бір жайт, осы жылдың желтоқсан айында «Алматытелеком» ӨТД  Балқаш және Райымбек аудандарында оптика құрылысын аяқтап, аталған екі ауданның тұрғындарын заманауи телекоммуникация қызметтерімен және жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бергендігі. Бұрын бұл екі ауданда телекоммуникациялық қызметтер мыс технологиясын қолдана отырып, сондай-ақ, 128 Кбит\с-тен 4 Мбит\с. дейінгі шектеулі деректерді беру жылдамдығымен Интернет қызметіне қосылуға мүмкіндік беретін радиоредейлік байланыс желісін пайдалану арқылы ұсынылған болатын. Міне, енді жүргізілген жұмыстың нәтижесінде біздің ауданымызда 66 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылып отыр. Демек, аудан тұрғындары бұдан кейін заманауи кондырғы интернет желісін қажетіне қарай пайдалана алатын болады. Алматыдан арнайы келген аталған сала басшылары  мен мамандары облыс әкімін жаңа интернеттің жұмысымен таныстырды. Тіпті, интернет желісін біздің ауданмен қатар пайдалануға мүмкіндік алып отырған Балқаш ауданымен телекөпір арқылы байланысқа шығарды.

       Әкімнің ауданға сапары келесі кезекте аудан әкімінің мәжіліс залындағы жұртшылықпен кездесіп, әңгіме-дүкен құруына ұласты. Алған сөз тізгінін ұстаған аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов ауданның осыған дейінгі экономикалық-әлеуметтік саладағы қол жеткен сүбелі табыстарды тілге тиек жасады. Алдағы жылға белгілегніп отырған міндетті іс-шаралардың жоспарымен таныстырды. Райымбек ауданына айрықша көңіл бөліп, оның экономикалық тұрғыда дамуына тиісті қамқорлық жасап келе жатқан Елбасына, сондай-ақ, ауданның өсіп-өркендеуіне шынайы ықылас білдірумен келе жатқан Амандық Ғаббасұлына  аудан тұрғындары атынан алғыс айтты. Сөз кезегін алған облыс әкімі, көпшілікті жаңа ауданның жаңаша жетістіктерімен құттықтады. Бүгінгі табыстың қуандыратынымен қоса алда әлі де атқарылатын жұмыстардың жеткілікті екенін, оған ауызбірлік, татулық, жақсы ниет, ұтымды ұйымдастырушылық арқылы қол жететінін айтып, аудан халқын жаңа белестерді ала білуге, кездескен қиындықтарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жеңуге шақырды.Және таулы өңірдің халқын батыр баба атындағы ауданға лайық дәрежеден көріне біліңіздер деген ниетін білдірді. Өзінің кезекті сапарын келесі жылға қалдырмай-ақ, жыл аяғы болса да осы жолы жалғастырып, осы жылы біткен істі дер кезінде көруге, жаңа жылға жаңа міндеттер тапсыруға келгендігін жеткізді. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының алғысты бірінші облыс басшысына емес, Елбасына айтуды естен шығармауларын өтінді. Сөз арасында облыстың хал-ахуалынан да хабардар етіп, жан сүйсінтер жағымды жаңалықтардан да құлағдар етті.

  Облыс әкімінің сөзін жалғаған ауданның қадірлі  ақсақалдары Медетқан  Абиыров пен Нұрлан Әкімбайұлы ыстық лебіздерін арнады. Жастар атынан сөз тізгінін ұстаған Қадіржан  Сабырақын өз ойын ортаға салып, тілек-ниетін жеткізді. Мінберден сөз алған Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, зейнеткер-ұстаз Балжан Омарова  облыс әкімінің ауданымызға жасаған сапары туралы айта келіп, ойын былайша түйіндеді.

   -Құрметті  Амандық  Ғаббасұлы! Сізді халық облысымызды үлкен саясаткерлікпен басқарып отырған басшы деп бағалайды. Сіздің кадр саясатына ерекше көзқараспен қарайтындығыңыз «іс тетігін – кадр шешеді» деп тура жолдан таймайтын нағыз істің адамы екеніңізді білеміз. Ауданымыз бүгінде жастармен толығуда. Біз болашақты бағдарлай алған елміз. Ел ертеңі үшін жасалып жатқан игі істеріңіз қарышты қадамдар, саналы ойлар салтанат құрып, еліміздің дамуына даңғыл жол салатынына сенімдіміз. Аудан тұрғындары атынан Сізге зор денсаулық, жұмысыңызға жетістік, отбасыңызға амандық, ал халқыма береке-бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын-деген ұлағатты ұстаздың жүрек жарды ықыласы жиында отырғандардың жүректеріне жол тапты.

     Иә, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Райымбек ауданына жасаған кезекті жұмыс сапары таулы өңір тұрғындарын бір серпілтіп тастады. Бұл күні сөз бен істің бірлігінен қылаудай кемшілік табылмаған жоқ. Осыған қарап-ақ, әркімнің болашаққа деген сенімі бұрынғыдан да нығайып, көңіл көкжиегі кеңейгенін анық  аңғаруға болғандай. Несі бар, «Жақсы келді дегенше, жарық келді десейші, Жақсылықтың нышанын, алып келді десейші» деген халықтың дуалы аузынан шыққан дұғалы сөзін облыс әкімінің осынау іс сапарымен байланыстырсақ,  артықтығы бола қоймас.

                                                          Нарынқол ауылы,

                                         суреттерді  түсірген  Дастан  ҚАСЕНҰЛЫ.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password