Жыр мен сырды жарастырған кездесу

        Бүгінгі поэзия әлеміне өзіндік ерекшелігімен үн қоса білген Мақпал Мысамен Сарыбастау ауылында өткен шығармашылық кездесу өлең атты құндылықты ізгі мұратқа балайтын жас буынға айрықша әсер қалдырды. Осы уақытқа дейін Мақпал Мыса «100 жаңа есім» жеңімпазы, көршілес Қайнар ауылының тумасы, ақын деп қана білсек бұл кездесуден кейін Мақпал апай біздің жақын әпкеміздей сезім пайда болды. Жерлесіміз, Қайнар ауылының тумасы «100 жаңа есім» атты республикалық байқаудың жүлдегері Мақпал әпкеміз сұлу сырға толы жырларын нақышына келтіре оқығанда кездесу кешіне қатысып отырған әркімнің-ақ кеудесінде поэзия атты ұлы ұғымның нұрлы шуағы ұялағаны анық. Халқымыздың тарихына терең бойлап, қатпарының құпия сырларын ашуға ден қойған ақын қыз мазмұнға толы өлеңдерімен алдына қойған мақсатынан көріне алғанына куә болдық.Сонымен қатар, түрлі тақырыптарға құрылған өлеңдерін тыңдай отырып, біз де өз өнерімізді ортаға салдық.  Жүрегімізді жарып шығып, ақ қағаздың бетіне төгілген балауса жырларымызды, ақын әпкемізге сынатып алдық. Ой-пікірін тыңдадық.

Кездесу барысында оқушылар ақын әпкелерімен поэзия жайлы, оның қыр-сыры мен қасиеті жайлы емен-жарқын әңгіме құрды. Көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап тауып, муза атты ұлы ұғымды мият тұтуға ынталанған жас қаламгерлерге деген ыстық лебізі мен ақжарма тілегін естіп, көңілдері көкке самғады. Ақын қызбен өткізілген шарапатты шара барысында кешке арнайы шақырылған ауылдың ардақты ақсақалдары ақ баталарын берді. Бұл кездесу өскелең ұрпақтың болашағы үшін игілікті істер жасап,жалпы қауымға ой салып жүрген «Ұлағатты ұрпақ» қорының жоспардағы кезекті жұмысы екенін айтқан да орынды. Сөз орайы келгенде аталған қордың басы-қасында жүрген аға-әпкелерімізге Алланың нұры жаусын деген тілегімізді біз де арнағанды жөн санаймыз.

                                                    Әмина КЕМЕЛБАЙ,

                                  «Сарыбастау тынысы» газетінің тілшісі,

                                                              Сарыбастау ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password