ЖОҢҒАРЛАРДЫҢ АТЫМЕН АТАЛҒАН ЖЕР-СУ АТТАРЫН ТҮЗЕТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

     Көптен ойда жүрген ойымды сіздермен бөлісуді жөн көріп, осы мақаланы жазып отырмын. Ауданымыздағы кейбір жер аттары кезінде қазақтарды қырған жоңғарлардың (қалмақтар) атымен аталып келеді. Атап айтқанда Үкірші, Шәкірамбал сондай-ақ Нарынқол, Байынқол. Олардың аттарын өзгерту туралы  Рауан Әріповтың тұсында да қозғалған.  Кейін Әкімбаев Нұрлан да осы жайлы мәселе көтерген.  Алайда бұл мәселе өз уақытысында нақты шешімін таппай қалды. Ал осы жеріміз бұрыннан бабаларымыз иелік еткен ата-баба қонысы екеніне ешкім дау айта алмас.      «Кеңес өкіметі орнағанға дейін Нарынқол өңіріндегі бабаларымыз болыстық бірлестікте болған. Албандар Тұзкөл болысы-Ұзақ Саурықұлы, Баянқол болысы-Қазыбек Шорманұлы, Иванов болысы-Мәмбетұлы Жәменке және Айт болысы-Тұрлықожа Жансеркеұлы болып біріккен.  Оның сыртында әр рудың старшындары болған. Түрлі жағдайларға байланысты Албан баба ұрпақтары қоныстарын өзгертіп отырған. Ауданның қазіргі тұрып жатқан негізгі тұрғындары  осы баба қоныстарын негізге ала орналасқан». (ҚР.ОММ.427-қор,1-тізбе-154-іс.) «Қытайдың тарихи жазбаларында біздің заманымыздан бұрынғы 1-11-ғасырлар төңірегінде Үйсін ұлысының территориясы батысы-Шу, Талас, Шығыста-Тәңірі (Тянь-Шань) тауларының шығыс баурайы, солтүстігі-Балқаш, оңтүстігі–Қашқардың теріскейіне дейін жайылып жатқаны айтылады». (Қазақ шежіресі.,Алматы 1994 жыл,.21 бет.)  Бұл тарихи құжаттар сөзімді қуаттай түседі.

           «Шекарада орналасқан Нарынқол аумағында қалмақтармен қақтығыс үнемі болып тұрды. Алғашқы кезде жоңғарлар тыныш жатқан Албан елінің малын айдап кетуден бастаған. Кейін ауылды шауып қыз-келіншектерін алып кету, жігіттерін қылышпен шауып кетуді әдетке айналдырған. «Осындай кездерде басқа тайпалар сияқты батысқа қоныс аударған жоқ. Олар атамекенін орманы мен тауларын қорған етіп, қарсыласу шайқастарын жүргізген. Әлмерек бабаның  елді азат ету үшін қолбасшылық танытқан» — деген тарихшы Талас Омарбеков. Албанның үлкендері 1676 жылдары Қарқараға жиналып мәжіліс өткізген. Мәжілісте әр ауыл жасаққа жігіттерін жіберетін болып  және Сырымбет пен Төлесті қолбасы және жасақ тәрбиешілігіне бекітіп тарқасады. Осыдан кейін бір жарым жылда қару-жарақ жасатып, жасақ саны біржарым мың адамға жеткен. Уақыт өте келе 1680 жылдары Сүйіндік би бастаған елбасылары мен жасы келіп қалған Төлес пен Сырымбеттің орнына қазақ жасағының қолбасылығына  Әлмеректі сайлаған.Бұл кезде жастары 16-17-ге ілінген Сырымбет батырдың ұлы Ханкелді, Төлес батырдың ұлы Биеке, Әлмеректің інісі Олжай сынды ержігіттер де соғыс өнерін үйреніп алған азаматтар болған. Албандардың жасақ саны үш мыңнан асқан еді. Осы жылы Төлестің ауылына өздері жоқ кезде ойрат жасақтары келіп ойрандап, бар малдарын айдап кеткен. Баймен жігіттері аз қолмен келіп жоңғарлармен соғысқан. Саны көп жоңғарлар Байменді жаралап қашып кеткен. Бұл хабарды естіп жүз жасағымен келген Биеке соғысқа араласады. Жоңғардың аты шыққан Бадым батырымен жекпе-жекке шыққан Биеке ағасы Байменнің өшін алып, Бадымның басын алған.  1729 жылы жоңғардың аты шыққан батыры  Шамалғанды Наурызбай батыр, Бат деген ноянын Тайлақ батыр жеңген. Сондай соғыстарда Ханкелді батыр, Байсейіт батыр, Райымбек батырлардың еңбектері бір төбе. Райымбектің Аңырақай шайқасында Шамалғанның баласы Серінді жеңуі, және  1726 жылы  батырдың Көкпектегі «Қалмақ қырған» деген атпен қалған жеріндегі ерлігі тарихта қалды.Сол жақтағы Райымбек бастауы күні бүгінге дейін бар».  Ал осы тарихи құжаттар бабаларымыздың ата-баба жерлері үшін жан аямай соғысқанын дәлелдейді. Өздеріңіз көріп отырғандай ата-бабаларымыздың қанын төккен  қалмақтардың  атымен жер-су аттарын атау  меніңше ешқандай ақылға симайды. Бұл атауларды тездетіп өзгерту қажет. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Егер,құдай оның бетін ары қылсын кейін жер дауы туа қалса осы атаулар бізге қарсы куәлік береді.  Кезінде жерімізге басып кірген орекеңдер 1911 жылы Сарыжазды -Таврический, 1918 жылы Қақпақты-Мещанский, Текесті-Красонярский, 1872 жылы Нарынқолды -Охотничий -деп аталғанын тарихтан білесіздер. 1931 жылы орекеңдердің билігі жүріп тұрған жылдары ауданда  қызмет істеген ағаларымыздың талап етуімен осы елді мекендер қазіргі  аттарын қайтып алған. Қазір егеменді ел болған кезімізде жасқанудың орны бола қоймас.  Меніңше Үкіршіні –Қысаң деп атау орынды сияқты. Нарынқолды Райымбек ауданының орталығы -Райымбек ауылы- деп атасақ қате бола қоймас деп ойлаймын.  Ал Шәкірамбалды қалай атау керек екенін жергілікті ауыл ақсақалдары мен округ басшыларының шешкені дұрыс болар еді.  Бізде аты ел-жұртқа кеңінен  таныс бабаларымыз бар ғой. Мәселен, Шәкірамбалды-Беснайза сайы-  деп атасақ деген ұсынысымды айта кетейін. Меніңше депутаттар, ауыл ақсақалдары мен ел ағалары ауданда бас қосып  ортақ шешімге келулеріне болар еді.Уақытты өткізіп алмайық,ағайын!

ӘКЕБАЕВ  БЕРКІН.

 республикалық «Алтын қалам»

әдеби байқауының жүлдегері,

  тарихшы-өлкетанушы

(Суреттің материалға қатысы жоқ).

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password