Жаңа техникалар берілді

                 Өткен жыл Нарынқол өңірінің тұрғындары үшін қуанышты жыл болды. Аудан әкімі Жолан Омаров жыл басында өңірдегі шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесіп, теңіз деңгейінен жоғары жатқан, суы мөлдір, ауасы тұнық, топырағы құнарлы таулы өңірде картоптың берері көп жаңа сортымен жұмыс жасасақ деп бастама көтеріп, игілікті шаруаға жол ашқан еді. Соның нәтижесінде, көктемде Текес ауылдық округіне қарасты Талғат Нүсіпқожаев басқаратын «Өркен» шаруа қожалығына облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қомақты қаражат бөлініп, Голландиядан картоптың «Санта», «Агрия» сияқты элиталық тұқымы жеткізілген болатын.

Нарынқол өңірінде өскен картопқа сұраныс жоғары екенін Алматының азық-түлік базарларынан сауда жасайтын жұрт жақсы білуі тиіс. Тұтынушылардың талғамына татитын өнімнің құнары мол, дәмі ерекше бөлек, бағасы да сырттан тасымалданатын тауарға қарағанда, әжептәуір төмен болып келеді. Қазір тау үсті жылынып, жер қыза бастады. Аудан халқы осы күнде картоп егу жұмыстарына толық кірісуде.

Аудан әкімі Жолан Омаровтың айтуы бойынша, биылғы жылдың жағымды жаңалығы облыс басшысы Амандық Ғабасұлының қолдауымен бюджеттен 500 миллион қаражат бөлініп, ол қаражаттың 462 миллион теңгесіне 27 жаңа заманауи тракторлар алынған. Қалған қаржыға жаздың соңында жинау науқаны кезінде қажетті техникалар алатын болады. Былтыр 6 комбайн әкелінсе, биыл жоспар бойынша 3 комбайн алынады.  Жалпы аудан бойынша 17 картоп дайындайтын ірі шаруа қожалықтарының басын біріктіріп,  үш сервистік орталық құрылған. Бұл сервистік орталықтар науқан кезінде бірігіп жұмыс істеп, шарулардың қажеттілігін қанағаттандырады. Осы құрылған сервистік орталықтарда 120 адам  тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Былтыр 5655 гектарға тұқым себілсе, биыл 6000 гектарға көбейген. Өткен жылдан алынған өнімді тек өз ауданымыздағы шаруа қожалықтарына тұқымдық ретінде сатылымға шығарса, биылғы өнім ірі сауда орталықтарына нарыққа шығады деген үлкен мақсатты көздеп отыр.

 «Байынқол» сервистік орталығының төрағасы Бек Қойлыбаев: «Биылғы жыл нарын­қол­дықтар үшін «көктен тілеген­ді жерден беретін» жыл болайын деп тұр. Ауданның қайта ашылып, орталықтың оралуы шека­ра­лық өңірге екінші рет өмір сый­лағандай болса, осы аймаққа тән өнімді өсіруге мемлекет тарапы­нан қолдау жасалуы жергілікті шаруалардың ісін ілгерілетпек. Мәселен, бұрындары осы уақытта әлі де тұқымымызды еге алмай жүрген болсақ, биыл жаңадан алынған техникалардың арқасында егу жұмыстарын ерте аяқтадық. Жаңадан келген техникалар құрылған үш сервистік орталыққа бөлініп, одан ары жеке шаруа қожалықтарының иелігіне 10 жылға жалға беріледі, оның ішінде 2 жыл каникулы, сыртында 25% субсидиясы бар. Көп жеңілдік жасалынған, он жыл ішінде жылына бір реттен бөліп төлейді. Он жыл төлеп біткеннен кейін әр шаруа қожалықтары жекешелендіріп, бастарына аударып ала алады», — дейді.

Беларусиядан экспортталып шығарылған бұл техникалар бұрынғы тракторлердің көшірмесін өзгертіп эвро үлгіге келтіріп жанақталып жасалынған. Рөлде отырған адамға өте ыңғайлы, егіс алқабында еркін қозғала алады, алдыға да, артқа да тоғызыншы жылдамдықта (скорсть) жүретін аталмыш техникаларда 92 аттың күші бар екен.

Ауданымызға айтарлықтай көмек көрсетіліп, ел экономикасын дамытуда зор мүмкіндік барда табыстың тайқазанын тасытып, берекелі өнім алуда еңбекқор жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

Айнаш Әлдибекова, Елдос Ахметжан (фото), «Хантәңірі».

   

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password