Жанымыз жадыраған жыл болғай

       Міне,тағы бір жыл тарих сахнасындағы пердесін жауып, ғасыр қойнауына шегерілді. Тәуба дейік. Өткен Доңыз жылы еліміз үшін қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, берекелі де мерекелі жыл болғаны ақиқат. Осынау ауыз толтыра, көкірекке қуаныш ұялата әңгімемізге арқау ететін айрықша жылдың жанды жадыратқан жақсылығынан біздің аспантау өңірінің ақ пейіл ел-жұрты да қағыс қалған жоқ. Бас аман, бауыр бүтін. Әр шаңырақта шаттық шалқып, абырой асқақтады. Шаруа баққан қарапайым халық түлікті төлден көбейтіп, өнім берекелігін жұмыр жердің қойнауынан айырды. Толайым табыс, жеткен жетістік әр отбасына ырыс болып құйылып, тұрмыстың жақсаруына үлес болып қосылды. Ой мен қырдағы шалқыған еңбек көрігі осылайша ел мен жердің сәні мен әрін кіргізді. Береке мен бірліктің, сүттей ұйыған татулықтың бұрынғыданда нығая түсуіне жол ашты. Мемлекетімізде жүргізіліп жатқан сындарлы саясат барша халықтың көңілінен шығып, жүрек түкпірінен бекем орын алды. Тәуелсіздігіміз бұрынғыдан да тұрақтала, тұғырлана түсіп, болашаққа деген сенімді арттыра  түсті. Оны жақсылықтан үмітті халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі айқындап берді.

       Адамды адам күткенімен уақыт күтпейтіні белгілі. Доңыз жылындағы жақсылықтарды қайта бір таразы басына сала отырып,  қимастықпен шығарып салдық. Енді, міне, аңыз-әпсаналарда айтылғандай жыл басы саналатын Тышқан жылын қарсы алып отырмыз. Тышқан деген махлұхат кішкентай болғанымен жаратылыстан бері күнкөрісін адамдардың тыныс-тіршілігінен алыстатқан емес. Тілейтіні-тыныштық. Жинайтыны-ырыс-құт. Олай болса, босағамызды аттап отырған Тышқан жылы-жанымыз жадыраған, береке мен бірліктің, тыныштықты тірліктің жылы болғай, ағайын!

                                                                                                      Елжан  БЕСТІБАЕВ,

                                                                                             аудандық мәслихаттың депутаты.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password