Жазғандары жаныңды жадыратқан

журналист Жұмабек Тәліпұлы жайлы толғаныс

   Бір қиырда жатқан сонау аспантаулар аясында алдыңғы буын ағаларды айтпағанның өзінде, олардың заңды ізбасарлары әрі өкшебасарлары болып табылатын орта буын өкілдерінің журналистикадан және ақындықтан қара үзіп жүргендерінің өзі көп-көрім екені ел-жұртқа кеңінен аян. Олардың арасынан өз қатарынан оқ бойы озықтығымен, асығы алшысынан түсіп жүрген, бүгінгі күні 60 жастың асқарына аяқ басып отырған, қаламгерліктің қадіріне жеткен, журналистігімен жұрттың назарына ерте ілінген, арқалы ақындығымен ауызда жүрген Жұмабек Тәліпұлының өткені мен бүгінінің өмір өрімдері өзіндік өрнегімен тартпай қоймайды. Ол жайлы әріптестік тұрғыдан қалай қалам сілтесек те жымдасқан жарасымын тауып тұратын сияқты. Халық қадірлеген адамның қашан да жөні мен жосығы бөлек-ау…

         Осы таяуда ғана Қарасай аудандық тарихи өлкетану музейінде мәдениет колледжінің студенттері ауданның белгілі ардагер журналистерімен арнайы кездесу өткізгелі жатқан. Салтанатты сәттің басталуына әлі ертерек болатын. Музейдің жарқырап тұрған жап-жасыл алаңқайынан тысқары шетте өзара сыйласып жүретін қаламдастардың бастары  түйісе қалғанды. Кенет:

         – Оу, Қанат, кеше біздің редакциямызға қаламдас әріптесіміз, сенің ауылдасың Жұмабек Тәліпұлы келіп кетті. Біраз сырласып қалдық. Жазып жүргендерін жақсы білемін. Қаламына ілінгенді қатырып жазатыны ұнайды. Онымен бетпе-бет жүздесудің сәті түсті.  Жадыраған жайсаң жігіт екен, — деп Қарасай аудандық газеті редакторының орынбасары, сонда тұрғандардың бәріне замандас әрі құрдас болып келетін Берікбай Қадықов қашанғы қалыптасқан әдетімен қалжың қағытпасын араластыра әңгімесін бастап жіберді. Сол сәтте байыпты байсалдылығы мен қарапайымдылық қалпынан танбайтын Қазақстанның Құрметті журналисті Өтесін Құбиев ағамыз да қарап тұрмай:

         — Айналайындар-ау, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе. Жұмабектің жұлынып тұрған журналистігін де, арыны бөлек ақындығын да облыстық «Жетісу» газеті арқылы жақсы білемін. «Жетісу» газеті осы жылдың ішінде оның екі рет көлемді етіп топтама өлеңдерін беріп тастады ғой. Өлеңдері өте жақсы екен. Айтары бар өзіндік қолтаңбасымен жаныңа жайлы әсер қалдырады. Әлі көресіңдер, ол өзі күткен биіктен көрінетін ақын болады, — деп тұшымды да тұжырымды ойының түйінін білдірді. Берікбай мен Өтекеңнің бұл айтқандарын қасымызда тұрған қаламдастарымыз, жазу өнерінің қыр-сырын жақсы меңгерген Елеусіз Ахметкерімұлы мен Серік Қалиев те құнды пікірлерін білдірумен қуана құптап жатты. Бір қиырда жатқан Жұмабек жайлы, бір қиырдан мұндай жаныңа шуақ құяр жылы лебіздер есту екінің біріне бұйыра бермейді-ау!

           Осындайда аспантаулар аясында өткен сол бір аяулы жылдар тізбегі санаңа саз әкеліп, алақаныңа қонып қалғандай әсерде қаласың. Сол кезеңдегі аудандық газеттің тірлігі мен тынысы (оның отымен кіріп, күлімен шыққан) кез-келген жуналистке басынан бақайшығына дейін жақсы мәлім болса керек. Аптасына үш рет алақандай аудандық газетті шығарудың бейнеті мен мехнаты журналистен бастап, баспахананың жұмыскеріне дейін оңай тимейтін. Сондықтан болар, аудандық газеттің жұмысын бастан өткергендер тоқтауды білмей жұмыс істеп жататын газетті конвейер машинасына теңеп жататын. Бұл теңеулерінің ешқандай да терістігі жоқ. Газеттің нөмірден нөмірге дейінгі ауыртпашылығы оны атқаратын адамдарға оңай салмақ салмайтын. Кейде газет жұмысы таңға дейін де созылып кететін.

         Мұндай бейнетпен белдесудің қиямет қайымын бір кісідей басынан кешкендердің қатарында жүргендердің бірі осы Жұмабек Тәліпұлы деп толық сеніммен айта аламыз. Шынашақтай ғана бойы бар, шикіл сарының қызыл шырайлысы ол «Советтік шекара» (бертін «Хантәңірі» атауына ие болған) аудандық газеттің табалдырығын фототілші болып аттады. Бұл жұмысты сымбатты сыпайылығымен бастаған Жұмабек ә дегеннен-ақ суретшілікке бейім екендігін бірден көрсетіп әкетті. Оның алдында осы жұмыстың басы-қасында болып, мінсіз атқарып келген Рысбек Сүгірбеков пен Дүйсен Досымбаев бөлімдерге тілшілік жұмыстарға ауысқан болатын. Ол екеуі жаңа келген жасқа өз тәжірибелерінен ақыл-кеңестерін айтып, қолма-қол көмектерін көрсетуден шет қалған емес.

          «Жас келсе — іске» дегендей алғашқы аяқ алысынан-ақ ол өзінің газет жұмысына деген ұқыптылығы мен құнттылығын көрсетуге ұмтылысы мен құлшынысын жасады. Бүгінгі фототілшілер сияқты сурет атаулыны цифрлы фотоаппараттармен тартып, табан астында шығарып бере салудың ол кезде мүмкіндігі қайда? Онда бәрі де керісінше еді ғой. «Фед», «Смена» сияқты фотоаппараттарға шұбатылған пленка салып, тиісті суреттеріңді тарта бер. Оның өзі ұзаққа бармайтын. Өйткені ондағы кадрлар шектеулі ғана. Соның өзі дәтке қуат болатын. Ал, тартқан суреттеріңді шығарудың өзі бір әлек. Арнаулы лабараторияда түрлі химиялық дәрілерді белгіленген талаптарға сай ретке келтіріп аласың да, суреттеріңді шығаруға кірісе бересің. Газет суреттері болған соң, оның оңайшылығы болсын ба. Оны қажеттілігіне қарай сұрыптап, іріктеп, хаттамалаудың өзі қадалып отырып, қарап шығуды талап етеді. Содан соң 250  шақырым  қашықтықтағы сол  кездегі Шелек аудандық баспаханасына клиша жасатуға жібереді. Арнаулы немесе оперативті материалдар болып қалса Шелекке өзі  сапарлайтын.Жұмабек  жанкештілік  еңбегінің  арқасында шаш етектен келетін шаруаның бәріне уақыт тауып үлгеріп жүретін..

          Газет болғаннан кейін кейде аудан көлемінде мәні мен маңызы бөлек салтанатты жиындар мен жиналыстар, конференциялар мен форумдар болып қалады. Одан газет оперативті түрде қос бетті алатындай немесе бір нөмірді арнап материалдар беруі қажет. Газеттің көркін кіргізіп, ажарын ашатын сурет қой. Бұл жағын Жұмабек сол уақытта-ақ жан-жақты ойластырып қояды. Мұндай қысылтаяң сәтте жан-жақтап жұдырықтай жұмылып кететін редакция ұжымы да «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», қарбаластан туатын қамалды алып шығатын. Сонда газеттің бесаспап, шеберліктері шегіне жеткен мамандары, осы газеттің іргетасын қаласуға жан-тәндері қалмай атсалысқан тұғыры биік тұлғалары Әлнұр Мейірбеков, Еркін Ібітанов, Дәулет Желдікбаев, Мұқанбек Естенов, Төлек Айдаралиев, Қыдырбек Нүсібәлиев, Алдаберген Жандаралов, Рысбек Сүгірбеков, Әбітай Әденовтер Жұмабектің түсірген суреттерінің жұтынып тұрған жұғымдылығына, сан соқтырмайтындай сапалылығына, таңдай қақтыратын тапқырлығына, суреттерді динамикасы (қозғалысы) бар жанды суретке айналдырып жіберетініне шеттерінен риза болысып, алма-кезек арқасынан қағып жататын.Қарапайымдылығы сол, соншама көрсетіліп жатқан шексіз қошемет пен қолпаштауға марқайып, мәз болып жатқан Жұмабек Тәліпұлын көрмейсің. Шіркінің ең болмаса қопаңдап та қоймайды-ау! Бұл оның адамгершілік асыл қасиеттерінің бірі екендігін кейіндеп білдік.

        Осылайша фототілшілік қызметті істеп жүріп, өз кеудесін өзі өрге қарай сүйреген Жұмабек Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскеннен кейін, жанына жаңаша серпілістер жасауды жалау етіп, жазу жағына қарай бекем бетбұрысты қолға алды. Ол енді қандай іссапарға болсын, тілшілерсіз шығатын деңгейге жетті. Барған жерлерінен суреттерді түсірумен қатар, газет жанрларына сәйкес репортаж, суреттеме, корреспонденция, очерк, хабар-ошарларды тап-тұйнақтай етіп, өзі даярлап келетін болды. Мұның өзі редакция ұжымына әжептеуір жеңілдік әкелді. Қаламының және ізденісінің қарымы артып, қандай тақырыпты болса да өзіндік қолтаңбасымен құлпыртып жазып, алдыңғы лектегі сақа журналистердің сапымен үзеңгі қағыстырып, олардың қатарынан берік орын алды. Өйткені, оның шынайылықпен және жылылық тартымдылықпен жазған дүниелері жаныңды баурап тұрады.

         «Жұмабектің шығармашылық әлемінен неге қанығуға және нені түйсінуге болады?» деген орынды сұрақтың оқырман тарапынан туындап қалуы мүмкін. Оған жауап қайтару да онша қиын емес. Басында айтып кеткеніміздей, оның қамтып қалмаған жанры жоқ. Оның бәрін тізбелеп көлденең тартуды газет көлемі де көтермейді. Қарымды қаламы қашан да шашасына шаң жұқтырмай шабысынан жаңылған жері болады. Журналистикаға адалдығын арқа тұтқан ол 35 жылды қамтитын осынау еңбек жолында өнімді де өнеге аларлық ауқымды жұмыстарды атқарып тастады деп ауыз толтырып айта аламыз. Мәселен, оның ел мен жер, ауылдың өзекті проблемалары, туған жердің тұғырлы тұлғалары, салт-сана мен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тағы басқа өмірдің өзекті мәселелері ауқымында жазған материалдары адамды бей-жай қалдыра алмайды. Оның осындай орасан еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болумен қатар, «Қазақстан журналистикасының қайраткері» атағын алуы тегін болмаса керек.

         Осы жерде мына бір жайды тілге тиек ете кетпесе болмайды. Ол кезде Нарынқол ауданының тарап кеткеніне біраз уақыт болған. Екі ауданның газеті Кегеннен шығады. Осыған орай Жұмабек болса, журналисттік қызметтен қол үзіп, өзі тұратын Текес ауылындағы орта мектепте психолог-педагог болып жұмыс істеп жүреді. Алайда, жұмыссыз жүрмесе де газетке деген құштарлығы мен аңсары ауады да тұрады. Онысын аудандық әкімшілікке емеурінін білдіріп, хабардар етіп те қояды. Сөйтіп, оның осы өтінішіне байланысты Кеген ауданының сол кездегі идеология саласын басқарып отырған, бүгінгі күнгі әкімі Талғат Байеділов Жұмабекті шақыртып алып, анау-мынау емес, газеттің редакторлық қызметін ұсынады. Бірақ, ол мұнысын ерсі санап, жай тілшілік жұмыстың өзін қанағат ететінін  айтады. Осылайша Текес пен Кеген арасының алыстығына қарамастан тілшілік жұмысты атқарып жүре береді. Бұдан біз оның атақ пен мансапқа аса құмар емес екенін анық аңғарамыз.

        – Менің осы шешімімнің теріс болғанына біраз әріптестерім: «Білдей бір редакторлық қызметтен бас тартуың ақылға сыя бермейтін іс қой. Мұндай лауазымды жұмыс оңайлықпен қолға түсе бермейді. Сен үлкен қателік жібердің. Ендігі өмірің осы тілшілігіңмен өтеді ғой» деп кейістік білдіргендеріне де құлақ аса қоймадым, — деп Жұмабек бір әңгімесінде осы жайды емірене есіне алып, езу тартып қойып еді.

          Өмір деген бір орнында тұрмай, өрге жылжи беретін қозғалыстан тұратын дүние ғой. Ол да өмір көшінен қалыспай, арман жолында алға тартуды өзіне берік ұстаным ете білді. Тек газет жұмысы ғана емес, аудандық радио хабарларын тарату редакциясында да білгірлігімен, іскерлігімен абыройлы жұмыстар атқарды. Мұнда редактор болып жүріп, радио хабарларын дайындаудың өзіндік әдістері мен тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар Жұмабектің радио хабарларын оқудағы дикторлық шеберлігі де тыңдармандардың құлақ құрышын қандыратын. Ол әуе толқынында да айтарлықтай өзіндік ізін қалдырды. Соның өзінде әлдекімдер сияқты кеудесін ұрғылап көрген емес. Сол баяғы парасатты пайымынан танбайтын.

         «Адал еңбек адамды алға жетелейді» деген қанатты қағида дәл айтылған. Оны қаламы қатайған сақа журналист Жұмабектің өмір жолынан айқын көре аламыз. Кезінде редакторлықтан бас тартқан оның қазіргі қадамына қарасақ, өсу баспалдақтарын артқа тастап келе жатқанына қаныға түсеміз. Сондағы тілшіліктен  бөлім  меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары лауазымдарын иеленді. Осынау басшылық жұмыстағы беделі мен мәртебесі биіктеп, тиісті орындар мен қалың оқырман қауым алдындағы абыройы асқақтап тұр. Соның өзінде ол қанына сіңген қасиетімен, ежелден ерсі көретін бекемдігімен жантықтық мінез жағымпаздықты суқаны сүймейді. Қандай шаруада болмасын, арына жүгініп жұмыс істеуді асқан бақ санайды. Оны осы бағыттағы бағдаршамы алған бетінен адастырып көрген емес.

         Соңғы жылдары әңгімеміздің басында айтып кеткеніміздей, Жұмабектің поэиясы жырсүйер қауымның назарын өзіне бірден аударып алды. Олай болмаса, «Жетісу» газеті оның қаламынан шыққан топтама өлеңдерін жыл ішінде екі рет басар ма еді. Бұл оның талантын тап басып танығандық болса керек. Осы аудандық «Хантәңірі» газетінде өмір бойы қызмет істеп, отыз жылдан астам бас редактордың тізгінін ұстаған, өзінен кейінгі буынға ұлағатты ұстаз болған, 83 жастағы руханият абызы әрі кәнігі де кәсіби қаламгер Дәулет Желдікбаев ақсақал басымыз қосылып қалған сайын:

         — Мен Жұмабек Тәліпұлының жазғандарын оқығанда жаным жадырап сала береді. Әсіресе, өлең өлкесінде ол оқыс бетбұрыс жасады. Таптаурын болып кеткен жаттандылықты жағаламайды. Өткірлігі мен ойлылығы, серіппесі басым сезімталдығы мен таң-тамаша қалдырар тапқырлығы, еркін сілтейтін ерекшелігі мен көздеген нысанасын көркем безендіріп тастайтын бесаспаптығы арқасы бар ақындығын, тұла бойы тұнған өлең екендігін айғақтай алады. Оның қазіргі сілкінісі жаңғыра бастаған жанартауларды еске салады. Оның осы беталысымен өз замандастарының көшін бастап келе жатқанына ешкім де күмәнмен қарай алмайды. Оны мен Мұқағали мен Еркіннен қалған сарқыттың көзі деп айта аламын, — деп ағынан ақтарылатын.

         Шамырқанған шабыттың шаңқай түсін басынан өткеріп келе жатқан оның ақындық арыны мен шабысы бөлек дарыны шынында да ешкімге ұқсамайды. Поэзия әлемінен салған соны соқпағының тілі мен үні, сарыны мен сағымы, талғамы мен самғауы, маздауы мен саз дәмі, шымырлығы мен шындығы жансарайыңның кеңістігін керемет күйге бөлейді. Алдағы уақытта оның шығармашылығы жайлы сырын ашып беретін сыншылар мен ойы ұшқыр оқырман қауым әділдік тұрғысынан ой қозғар деген үміттің жетегіндеміз. Ондай жайттар болып жатса, оның қаламын тағы да бір дүр сілкіндірер қамшыбасар  сәт қарпуының ықпалы болар еді.

        Өзіміз білетін Жұмабектің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдан көрген ауыртпашылығы да аз емес. Әкесі Тәліп пен анасы Айшақан өмірден озып кеткеннен кейін, арқа сүйеп жүрген асқар таудай ағалары Әбдірәсіл мен Жұмағұлдың бірінен кейін бірі о дүниелік болып кетулері сүт кенжесі оған оңай соқпады. Алыстағы Әбдіраман ағасының болса, өз күнін өзі көріп жатқаны. Өзінің шиеттей бала-шағасы тағы бар. Осындай тағдыр тауқыметінің тартқан сыйын Жұмабек  нартәуекелмен белді бекем буып, нағыз марқасқа жігіттерше қаймықпай қарсы алды. Сол бір ауыр күндер де көрген түс сияқты зымырап өте шықты. Қазір тірлігінің тынысы кеңейіп, қалыпты жағдайға түсті. Өмірлік қосағы Гүлбақыт екеуі Әрмен, Айдана, Айзада, Айнара атты ұл-қыздарын тағлым аларлық тәлімді тәрбиенің тал бесігіне бөлеп өсірді. Бәріне де жоғары білім әперді. Бәрі де қатарынан қалмай ата-ана өнегесі жолымен өмір сүріп жатыр. Жұмабек пен Гүлбақыт осыған шүкіршілік етеді.

         Күні кеше ғана тепсе темір үзетін жігіт атанып жүрген біртоға мінезді Жұмабек те 60 жас деген арғымақтың үзеңгісіне аяғын салып отыр. Ол бұл жасқа жаман жеткен жоқ. Ел-жұртының ақ тілеуін арқа тұтып жетті. Қаламы мен қарымын сенімді серігі еткен ол аспантаулар аясын қоршаған асқар тауларға емірене де тебірене қарайды. Осы жердің несібесімен көгеріп, көктеп келе жатқанына қанағат етеді. Әрдайым ел алдында ізеті мен ілтипатынан айнып көрмеген ініміздің мерейтойына мен де үн қосып:

Қадамыңа тілеулеспіз батыл, нақ,

Халық сені келеді ғой мақұлдап.

Қаламыңды қару етіп қашан да,

Елің үшін жүре берші лапылдап, — дегім келеді.

                                          Қанат ТӘКЕБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

                                  Қаскелең  қаласы,

                                                                 Қарасай  ауданы.                 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password