Еңбектің дара тарланы, сауапты істің саңлағы

   Мен Бақытжан көршімді  жиі көрем. Немерелерін мектепке апарып тастап, қайтып алып кетіп жүреді. Түстен кейін әр түрлі үйірмелерге апарады. Үйірме біткенше күтіп отырады. Қайтып алып кетеді. Немерелерімен  үнемі сөйлесіп жүреді.

      Көрген сайын  азды –кем жөн сұрасып қаламыз. Өзі көп сөйлемейді. Тоқетерін және тура айтады.

   Өткенде үйіне арнайы іздеп бардым. Шай іштік. Армансыз әңгімелестік. Жан сарайым кеңіп қалды. Бақытжанның айтқан әңгімелері ойландырады. Толғандырады. Еріксіз қолға қалам алғызды.

      «Баланы тек мейірімділікке, ізгілікке, инабаттылыққа ғана тәрбиелеуіміз керек. Қатігездікті, әдепсіздікті қоғам өзі үйретеді. Жас күнінен ұлағаттылыққа тәрбиелесең, өсе келе ұятсыздық пен басқа да келеңсіз мінездер бойына жабыспайтын болады.  Кәзіргі адамдар баласын қасқыр қып тәрбиелегісі келеді. Бала күнінен ананы боқтатып, мынаны боқтатып, өздері соған мәз болысады. Ұр, соқ, бермегенін тартып ал деп тәрбиелейді. Өзі қатыгездігі мол қоғамда анандай тәрбие алған баладан не қалады? Ол қандай азамат болады? Ал мен мейрімділік пен жұмсақтық бәрін жеңетініне бала кезден сенем және соның дұрыс екеніне өмір бойы көзім жетіп келеді» -дейді, Бақытжан.

       Япыр –ау, деп ойланып қаласың. Былай қарасаң қарапайым дүние. Бәріміз де білетін сияқтымыз. Бірақ қайсымыз іске асырып жатырмыз?…

        -Өзің ата-анадан  қандай тәрбие алдың?- деймін.

      -Балалық шағымыз соғыстан кейінгі елуінші жылдарға тап келіп, жоқшылық пен жетімдік, колхоздың қауырт жұмысы  балалығымызды ұрлады -дейді  Бәкең ауыр күрсініп. Шешем ертелі–кеш колхоз жұмысында. Үйелмелі –сүйелмелі тоғыз баланы қайтсем жетілдірем деп, соларға тамақ тауып берем деп, ерте кетіп кеш келетін. Бірақ ол кезде қазіргідей емес, бала тәрбиесімен бүкіл ауыл, қоғам айналысатын. Қиғаш кетіп бара жатсаң жон арқаңнан таспа тілетін қариялар болатын. Ағалар- Тәйт! дегенде топ жігіт тоқтап қалатынбыз. Біреудің баласы деген ұғым болмайтын, ауылдың кез келген үлкені құлақтан бұрап тұрып кез келген баланы тәрбиелеуге құқығы бар тұғын. Мұғалімдердің өзі әке –шешеңнен кем емес еді. Жәлел, Әріпбай ағайларымызды сыйлап, тіпті қорқып өстік. Содан жаман болмадық. Қазір біреудің баласына сөйлеп көр…Мұғалімдерді сотқа беріп жатқанын естігенде не айтарымды білмеймін, тіпті…

         Ұрпақ тәрбиесі десе көп сөйлемейтін Бақытжан оталады. Бір оталдырып алған соң   әңгімені  басқа жаққа бұрам. Басынан өткен хикаяларын естігім келеді.

         -Сонда тоғыз ағайынды болдыңыздар ма?

         -Үлкен әулетпіз. Әкем Суамбек момын шаруа адамы болыпты. Өмір бойы қой баққан екен. Өмірден ерте озыпты. Шешеміз Қарақыз  шаруақор, пысық, шешен адам еді, жарықтық. Оннан аса бала өсіріп тәлім –тәрбие берді, соларды жетілдіріп тоқсанға кеп қайтыс болды. Сол кездері жоқшылық болса да береке еді ғой, әр отбасында оннан аса ұрпақ өсетін. Алдымда бес әкпем өсті, қазір бір –бір әулеттің әжесі. Үшеуі марқұм боп кетті, құдайға шүкір екі әкпем аман –есен.Төрт бауырым бар ең үлкеніміз Мақсым ағам . Өмір бойы Сарыбастау ауылында комбайнер, механизатор болып жұмыс жасады. Бірнеше мәрте «Еңбек және Қызыл ту» ордендерінің иегері болды.  Жеңгем Нұрпия өмірден өтті . Жеңгем екеуі өмір деген бәйгеге  төрт тұлпар тәрбиелеп, төрт сұңқар ұшырды. Қара шаңырақта Олжабай келініммен тұрады. Бәрі бауырма, ізгіліктің жолында.

Одан кейін арамыздағы білімдіміз Мақсұт ағам. Көп жыл шоферлер даярлайтын автомектепте ұстаз болған.   Жеңгеммен Талдықорғанда тұрады. Бір  ұлы Бауыржан полковник, шекара қызметінде, Құралай ғылым докторы.

           Одан кейін мен. Жарым Айғанышпен жепіс жетінші жылы шаңырақ көтердім. Жастай жетімдіктің қасыретін бастан өткерген қарапайым қыз екен. Бір–бірімізге үлкен сүйеу болдық. Ешкімнің сыртынан ғайбаттап , әйел болып өсек айтқанын көрмедім. Тату отбасы болып, төрт бала өсірдік. Үш қызым мен ұлым Айдос. Жарыммен қара шаңырақтамын .

Ең кішкене бауырым  Мақсат деген інім болды. Кісіге көмектессем деп тұратын үлкен жүректі азамат еді. Өз еркімен сұранып Чернобльге, одан кейін Армениядағы жер сілкінісіне көмек беруге кетті. Сол жақтан қан ауруымен келді де, ұзақ жасаған жоқ қой. Құйрық жалсыз кетті. Сол інімді ойласам өзегім өртенеді. Қазір жасым ұлғайды. Өткен өмірге, болмысқа сараптап қарайсың. Кез келген нәрсеге өзіңше баға бересің. Бір әулеттің маңдайына өнер бітеді, енді біреуге ғылым бітеді. Біздің Суамбек әулетінің маңдайына жазылғаны еңбек екен. Әулетімізбен барлығымыз осы уақытқа шейін  еңбектің қара торысы болып келеміз. Мен мұны Алланың берген нығметі деп білемін.

         -Еңбек жолын қалай бастадың?

         -1969 жылы 10 класты бітірген баламын. Колхоздың барлық жұмысын істеп,сол жылы шынжыр табанды тракторға отырдым.

         Сол алпыс тоғызыншы жылы отырғаннан колхоз тараған тоқсан үшінші жылға дейін жүргіздік қой, шынжыр табанды.Енді ойлап отырсам Сарыбастау аймағында менің тракторымның табаны тимеген жер қалмапты. Ақкерге телемұнара салғанда соның жолын жасадым. Бүкіл таудағы сайлардың барлығының жолын жасап шығыппын. Қазір ойлап отырсам өз–өзіме сенбеймін. Қалай соның бәрін істеуге болады деп. Қыс бойы қар тоқтатамыз. Ойқарағайға бара жатқан машиналар шыға алмай қалады. Оны барып итересің. Бүкіл Ойқарағайдың жолын жасағанымыз өз алдында. Көктем шыға егістік, жаз бойы жол жасау, күз келе сенаж таптаймыз. Комбайнерлер сияқты маусымдық жұмыс емес, бульдозердің жұмысы жыл он екі ай бітпейді ғой, шіркін.

Сарыбастаудың маңында 6 көл жасалды. Солардың барлығының басы –қасында жүріп, өз қолыммен жасадым.

         -Таудағы жолдарды жасап жүргенде қайда қонып, қайдан тамақ ішесің?

         -Тракторда қонамыз.Колхоз тамақ алып келгенше аш жүре береміз. Тракторда қай бір жетіскен пеш бар дейсің, суық болды ғой, өте. Бірақ жүрісі жаяу адамнан қалып қалатын шынжыр табан мені сабырлылыққа үйретті. Шыдамдылыққа үйретті. Ойлануға үйретті. Ауылдан шыққаннан бастап бір ойдың тұңғиығына сүңгисің, соны малталап айлап жүресің. Бұл да болса бір Алланың мейірімі шығар.

         -Өзің озат механизатор әрі коммунистік  партия қатарында болдың. Кейін ауылыңа жарқыратып заманауи мешіт салдың. Аузыңда Аллаң, қолыңда таспиғың. Бұл ойға қалай келдің? Не себеп болды?

          -Енді, коммунизмге сендік қой, бәріміз. Мен тұрмақ менен білімі он есе мықты ғалымдарымыз, ақын –жазушыларымыз, қарияларымызға шейін сенді. Оның үстіне салыстыратын одан басқа қоғам жоқ, шекара жабық. Күндіз түні идеология жан жағыңнан жұмыс жасап жатыр. Барлығы жұмысын істеп жүр, қылмыс жоқтың қасы,аурухана тегін, оқу тегін, балабақша тегін, еңбегің бағаланып жатыр. Осы дұрыс шығар деп ойладық қой. Өзіміз де еңбегіміз бағаланып, бірнеше еңбек ордендерін алдық, ауылдық және аудандық советке депутат болдық. Жолдамамен Мәскеу, Чехословакия көрдік. Аудандық портбюроның мүшесі болдық, күндіз тракторда , кешке президумнан түспедік. Қайтеміз енді. Сенім үшін адамды кінәлауға бола ма? Дегенмен сол кезде-ақ мен кеңестік қоғамның екі дүниесіне қарным ашатын. Оның бірі дінмен алысуы, жаратушыны танымауы, екіншісі арақ мәселесі. Осы арақ деген бәлекет екі –үш ұрпақты, екі –үш ұрпақты емес ау, тұтастай ұлтты аздырып жібере жаздады. Мен деген қазақтың небір марқасқа, небір жайсаң, палуан, сері  жігіттері осы бөтелкенің қақпанында қор болғанын көзім көрді, талайын қолмен жерледік. Соған ішім удай ашитын. Өзім ғұмырымда осы бәлені ауызға алып көрмеппін.

         Ал құдаймен қарым қатынасымды ешқашан үзген емеспін. Әулеттің қариялары  бала күннен кез-келген дүниені бісміллә деп баста -деп құлағымызға  құйып отыратын.  Оның үстіне айдалада, тау –таста жападан жалғыз трактор айдап жүргеннен бе екен, жаратушы туралы, дін туралы көп ойланатынмын. Әйтеуір, бәрін реттеп отыратын бір үлкен құдіретті күш бар екеніне шынайы сенетінмін. Балаларыма да соны үнемі ескертіп отырдым. Құдайдың әділ деген бір аты бар. Түптің түбінде Алланың әділеті  жеңбей қоймайтынына мен сонау жетпісінші жылдары біржола көзім жеткен. Бір мысал келтірейін, Ойқарағайдың Өртенсайының жолын жасадым. Ол кезде ауылдың құрылыс бөлімін Мұсатай Шампаев деген жаны жайсаң ағамыз басқаратын. Сол менің атқарған жұмыс нормамды есептеп, «Бақытжан айналайын, атқарған жұмысыңды есептедім. Жапырып істепсің. 450 сом премия жазып қойдым деді. Қуанып қалдым. 450 сом ол кезде үлкен ақша. Содан премия берілетін кезде бір жақын ағамыз, «ондай норманы бір адам істеуі мүмкін емес» -деп, сенбей бар жоғы 120 сом тағайындады. Қиялмен 450 сомды жұмсап, бала –шағаға ескертіп қуанып жүрген басым, көңілім су сепкендей басылды. Еңбектің қаналғанына да бір шетінен ыза болдым. Артынан ойландым да, бір қайыры бар шығар деп үндемедім.  Күндердің бір күнінде, қарашаның суығында бір таудың қуысында, жаңбыр құйып тұр, тракторымның шашылып қалған шынжырын жинап дірдектеп жүрсем, аяқ асты ауданның, ауылдың активтері бір машинамен өтіп бара жатып көріп қапты да жаныма келіпті. Ішінен Нүсекең ағамыз шықты,

         -Айналайын, Бақытжан! Біреулердің сөзіне сеніп сенің еңбек нормаңа қиянат жасаппын, кешір айналайын, деп май –май боп тұрған мені құшағына алып қатты толқыды.

         Содан кейін менің нормаларым тиісінше бағаланып жүрді. Және менің жұмысымды қадағалауды қойды. Бұл үлкен сенім. Сенімнің жүгі әманда ауыр ғой. Жауапкершілік екі еселенгендей болды. Нүсекең мені үнемі аузынан тастамады, кітабына да жазды. Хал –хадірінше құрмет жасады.

Колхоз тарайтын кезде бір атымды аналық басқа айырбастағым келіп, жылқышыға барсам жолатпайды. Баяғыда мені ұрсатын Тілеужан деген ағамыз көріп қап, биені өзі үйге алып келіп беріп, атты жетектеп кетті. Сол кезде «Бақытжан балам, кезінде сені жөнсіз ұрсып едім, соны кешіре ғой. Соның өтеуі осы болсын»-деп, құшағына алды. Міне, тектілік! Сөйтсем жарықтық ұмытпай, менің алдымда өзін кінәлі санап жүреді екен ғой. Міне, осындай жағдайлардан соң Алланың әділдігіне қалай сенбейсің. Кейін егемендігіміз жарияланып, асыл дініміз қайта келген соң, бір мешіт салу көптен ойымда жүрген нәрсе еді. Мешіт салу бір бөлек, оның ары қарай жұмыс істеуі бір бөлек дүние. Өкінішке орай көбіміз мешіт салып ары қарай тастап қоямыз. Оның жылуы, жарығы, жамағаттың жай күйі ойландырмайды. Бұл үлкен жауапкершілік! Өз басым мешіт салғанда осыны қатты қадағаладым, және балама да осыны үнемі ескерттім. Құдайға шүкір, бұл күнде Сарыбастау мешіті жарық –жылуымен, басқа да шығындарын қалай өтейміз деп басы қатпайды. Имамның тек ғылыммен айналысуына толық жағдай жасап бердім. Ескі мешітті медресеге айналдырдық. Жазда жүз елуге жуық бала оқиды. Солардың ас суы, жатын орнын түгелдей  қадағалап отырамын. Медресеге тек діни білім берумен шектелмей, ұлдар жағы қазақтың салт–дәстүрі, жөн жосығын (қой сою, жіліктеу, табақ тарту дегендей) үйретіп жатыр. Қыздарға ою, кесте тігу, тоқыма тоқу секілді нағыз қыздарға керек дүние үйретіп жатыр. Бұл тұрғыдан  осы дүниелерді іліп алып кеткен «Ұлағатты ұрпақтың»  жобасының жігіттеріне мың алғыс.

-Ұлағатты ұрпақ демекші, осы жобаға қандай байланысың бар?

-Байланыс болғанда, былай, осыдан он шақты жыл бұрын ұлым ер туған жеріне деген ниетпен  ауылдағы мұқтаж жанұяларға азық –түлік алып көмектескісі келетінін маған айтып келді. Бала күнінде ауылдағы ер –азаматтары жоқ үйлердің отын–суын  кіргізуге тоқтатпай жұмсай беретінмін. Маған ештеңе айтпаса да, ызаланып шешесіне айтып келеді екен, «Әкем мені ұл ғып тәрбиелеп жатыр ма, жоқ құл ғып тәрбиелеп жатыр ма?» -деп. Көпшіл болсын, халықшыл болсын деген ниетімнің орындалғанына   іштей риза болып қалсам да мен басқалай жол сілтедім.

-Ұлым дедім, қазір құдайға шүкір, елдің жағдайы бұрынғыдай емес, тәуір. Аштан өлетін заманнан кеттік. Сен одан да жақсы оқитын балаларға шәкіртақы берші. Артымыздан келе жатқан жас буынды имандылық пен білімге, өнер мен спортқа баулышы. Сол жастар еліміздің жарқын болашағы болмақ. «Ұлым дейтін ұлты болмаса, ұлтым дейтін ұл қайдан шықсын». «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген, -деп біраздан бері көкейімде жүрген мәселені ақыл ғып айтып едім, ұлым ойланып қалды. Өзіне де ұнап кетті ғой деймін, ай сайын жақсы оқитын балаларға шәкіртақы беріп жүрді. Сөйтіп –сөйтіп, айналасына жігіттер жиналып, өз бағыттарын тауып, осы күні үлкен жобаларды атқарып жүр. Көп жағдайда келіп ақылдасып отырады. Ақыл айтқансып қоямыз, айтпасақ  әйтеуір батамызды беріп шығарып саламыз. Осы күні Ұлағатты ұрпақ жобасының балаларды еңбекке баулу, әр түрлі еңбек кабинеттерін ашу жобасын мықтап қолға алып жатыр. Өз басым мұны екі қолдап қолдаймын. Өйткені баланы жас күнінен еңбекке баулыған ел ғана өркендеп өседі. Баланы тал бесіктен бастап тәрбиелеу керек!

— Жұрттың баласының жайын ойлап пәрмене боп жүресің. Осының барлығы не үшін? Атақ үшін бе? Абырой үшін бе? Депутат болғың келе ме?

-Атақты да, абыройды да Алла берсін деп тілейік. Адамдардың ойлап тапқан атақтары белгілі бір топты жұмысқа ынталандырып, айтқанын істету үшін ғана жасалынған дүние екенін көрдік қой, көріп те жүрміз. Баяғыда колхоз жұмысын істеп шапқылап жүргенде тракторымда Абай атамыздың бір кітабы болатын. Ұсталып –ұсталып сырты түтіліп кеткен. Қолым қалт еткенде  түсінсем –де, түсінбесем де оқи беретінмін. Сондағы Абай атамыздың «Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» -деген сөзі өмірімнің темірқазығы іспеттес дүние болды.  Алладан қайтсын, елім аман болсын деймін. Халықтан алған алғысым жетеді.

-Осы күні өзің тәрбиелеген балалар ел сыйлайтын азаматтар болды. Соны мақтаныш тұтасың ба?

— Әрине, баласының жетістігіне қай ата –ана мақтанбайды.  Өз басым баламды жалғыз ұл деп өбектемей бала күннен шаруаға аямай салып өстім. Өзім күн –түн ойда-қырда жұмыста жүрген соң жауапкершілікті ерте сезіндірдім. Өзіміздің шаруа бітіп жатса көршілерге көмектескізіп қолын бір босатпайтынмын. Ондағы ойым, көпшіл болсын дегенім ғой. «Балаңды аясаң- аяма» деген қағидамен өсірдім. Содан жаман болған жоқ қой. Ең бастысы бәленшенің баласының атасына нәлет –ай дегізіп қарғыс алмай, ойпырмай, кімнің баласы екен –ей, атасына мың алғыс дегізетін ұрпақ болса , ата –ана үшін одан үлкен бақыт жоқ. Осындай бақытты барлығыңызға тіледі.

-Әумин!

P.S. Өткенде  осы Бақытжанның 4–сынып оқитын үлкен немересі сыныптастарымен қыдыруға шығыпты да бір бала абайсызда өзенге құлап кеткен екен, Бәкеңнің немересі ойланбастан   әлгі баланы құтқарам деп суға киімімен секіріпті. (жүректілігін қарай көр!). Абырой болғанда үлкен кісілер екі баланы да судан тез арада шығарып алыпты. Қауіп сейілген соң құтқарғыш немереге үлкендер «Үстің су болды ғой, енді үй–іші ұрсады ғой» -десе,

         -Ұрыспайды, керісінше атам, жарайсың баламІ- деп арқамнан қағады, -деп жайбарақат тұр дейді.

         Міне, атаның тәрбиесі деген.

                                    Беркін ӘКЕБАЕВ

 Республикалық «Алтын қалам» әдеби

 байқауының жүлдегері.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password