Ерліктері ел есінде

 

  Аудан орталығында Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай үлкен мерекелік шара болды. Аудан әкімі Ж.Омаров бастаған ауыл ақсақалдары, тыл және Ауған соғысының ардагерлері, мекеме басшылары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майданда қаза тапқан барша боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Келмеске кеткен соғыс атты суық сөздің қаншалықты жан жауратарын кім-кім де болса жақсы біледі. Бірінің әкесін, бірінің ағасын, бірінің шешесін зар жылатқан қаралы күннен қаралы қағаз алмаған шаңырақ  ауданымызда аз емес. Жылда қатары сиреп қалатын  кешегі күннің көзі тірі куәгерлерін бүгінгі ұрпақ қалай құрметтесе де жарасады.

Батыстан бас көтерген аждаһадай алапат фашистерге қаймықпай қарсы шығып, Отан үшін, ел үшін ерлікпен соғысқан, жан қиған ата-апаларымыздың  ерлігінің күн өткен сайын мәні артып келеді. Ол жөнінде: – Ұлы Жеңіс біздерге оңайға соққан жоқ. Ол батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігінің арқасында жетті. Олардың ерліктерін қадірлеу, құрметтеу біздің бұлжымас парызымыз. Ізгі ниетпен мерекелейтін осынау айтулы күнде барша ерлік иелерімен қатар, тыл еңбеккерлердің де үлесі зор. Туған жерімізден жеті мыңға жуық азамат қатысқан. Олардың төрт мыңдайы майдан даласында ерлікпен қаза тапты, хабарсыз кетті. Ауданымыздың майденгерлері Отан үшін от пен оқтың ортасында жүріп ерен еңбек үлгісін танытты, – деді аудан әкімі.

Бұдан кейін, Жеңіс күнінің 74 жылдығына орай, аудан жасұландарының салтанатты шеруі болды. Аудан тұрғындары алдында Т.Жанұзақов, Б.Соқпақбаев, О.Жандосов атындағы орта мектептің оқушыларынан құралған мерекелік шеру  жүріп өтті.

Ерлікке толы тарихымызды жеңіспен жазған батыр бабаларымыздың рухын асқақтатқан оқушылар кешегі күннің көріністерінен сахналанған қойылымдар қойып, көпшілік жиналған қауымның көңілін толқытты. Әкеден баланы  айырған, ыстық құшақ пен қимастықты дәріптеген, Жеңіс үшін жанын салған майдан даласындағы  ерлік иелерін естеліктермен жарастыра жеткізген   оқушы, ұстаздарға  қошетметпен қол соғылды.                 

  Жеңісті жақындатқан ардагерлер ұрпақтары алдында алғысқа толы жүрек жарды тілектерін арнаған аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Құдабаев, аудандық ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Бірбаев, тыл ардагері Ә.Бөкеев Ұлы Отан соғысының маңызы жоғары екенін тілге тиек етті.

Мерекелік шарада аудан әкімі Ж.Омаров  ауған соғысының ардагері А.Тұңғатаровқа, Т.Үркімбайұлына, Ф.Құмарбековке жұртшылық алдында «Кеңес әскерінің Ауғаныстаннан шығарылғанына 30 жыл» төсбелгісін кеуделеріне тақты.

Салтанатты шара одан ары аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

 С.Нұрбақытұлы, «Хантәңірі».

Суреттерді түсірген Е.Ахметжан.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password