Еркінді іздеп, Әбішке хат жолдаған…

   Қостанай облысының Наурызым ауданында Өлеңді деген елді мекен бар. Шағын ауылдың құт-берекесін қорып, әр нәрсенің жөн-жосығын сілтеп отыратын көпке ес, қазыналы қарты — Аңсаған Төрин ақсақал. Бүгінде жетпісті еңсеріңкіреп, сексеннің сеңгіріне бет алған. Бірақ әлі тың. Қимылы – ширақ. Ойы – сергек. Өзі ақын, өзі ағаштан түйін түйген ұста, өзі шежіреші. Қарияның үйіне бас сұқсаңыз, кәдімгі фауна әлемінің ғажайып құшағына сүңгігендей боласыз. Қолөнер шебері үйінің үлкен бір бөлмесін босатып, кәдімгі музей жасап қойған. Бөлменің іші толған ағаш тамырынан жасалған Наурызым қорығында кездесетін аң-құс, жан-жануар, жәндіктердің мүсіні. Оқиғалы мүсіндер де көп. Мұндай бір мүсінде бірнеше аң-құс бейнесі бар. Ұста әр мүсінге аңыз-оқиға ойлап тауып, оны бір шумақ өлеңге айналдырып, қағазға түсіріп,  мүсіннің бір  шетіне қыстырып қойған. Қу тамырдың бойына қан жүгіртіп, тіршілік сыйлап,  тіл бітірген Аңсаған ұстаның музейінде бүгінде 200-ден астам  қолөнер туындысы бар.

Аңсаған атаның екінші бір өнері – ақындық.  Бүгінде көлемді бір кітапқа жүк боларлық өлеңі бар. Ақ қағазға маржандай тізіп сиямен жазған өлеңдерінің барлығын қария аса ұқыптылықпен кәдімгі қалың журнал сияқты тігіп, қаттап қойған. Бұл өлеңдердің дені ел мен жер тағдыры, ел адамдарының мінез-болмысы, туған жер табиғаты, өскелең ұрпаққа насихат, т.б. тақырыптарды қамтиды.

Бір қызығы, ақсақалдың ақындық жолға түсуіне атақты ақын Еркін Ібітанұлының поэзиясы ықпал еткен.

— Бірде Диев кеңшарынан біздің ауылға Нұрсейітов Садық деген ақсақал көшіп келді. Ол кезде бір үйде неше бөлме болса, сонша отбасы тұрады. Мәселен, бес бөлмелі үйде бес отбасы тұратын. Бір күні Садық ақсақалмен бір үйде тұратын Аман деген жолдасым бір кішкентай ғана кітапша алып келіпті. Сыртында «Қойшылар» деген жазуы бар. Авторы – Еркін Ібітанов. Оқып көріп ем, енді, сөз жоқ, өлеңдері тамаша! Қайта-қайта оқи беремін. Содан бес-алты ауыз өлеңін жаттап алып, жиын-тойларда кәдімгі әнге салып айтып жүретін болдым. Сөйтіп жүріп көпке танымал болып кеттім. Еркін ақын өлеңдерінің әсерімен өзім де жанымнан өлең шығара бастадым. Алғаш «Ауылдың алты ауызы» дейтін қағытпа жаздым… – деп еске алады ол кезді Аңсаған ата.

Айтпақшы, Еркін Ібітановтың өлеңдерін оқығаннан кейін, өзі де ақындық жолға бет бұрған Аңсаған Төрин 1963 жылы сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне хат жолдайды. Хатқа «Бұл Еркін Ібітанов деген кім? Қай жердегі ақын? Біз естімеген адамбыз. Өлеңдері әдемі екен» — деп хат жазып, астына 17 адамға қол қойғызып, Алматыға жөнелтеді.  Ол кезде газеттің әдебиет бөлімін  Әбіш Кекілбаев басқарады екен. Заңғар жазушы хатты елеусіз қалдырмайды: «Аңсаған! Еркін Ібітанов 7-8 жылдан бері баспасөз бетінде көрініп жүрген жас ақын. «Қойшыларға» кірген өлеңдері, «Қойшылар» атты поэмасы республикалық газеттерде басылған. Қазір ол Алматы облысының Нарынқол ауданында тұрады. Сәлеммен әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Ә.Кекілбаев» — деп қол қойып жауап хат жазады.

Аңсаған атаның ең қымбат дүниесінің біріне айналған бұл хат күні бүгінге дейін қарияның кітапхана қорында мұқият сақтаулы тұр.

Өмірде ешқашан кездеспеген, бірін-бірі көрмеген  Еркін ақын мен Аңсаған қарияның тағдыры да ұқсас. Екеуі де көп балалы әке. Сонау жылдары елден құт үркіп, береке қашып, жұрт қала жаққа үдере көшіп жатқанда, екеуі де ауылды тастаған жоқ, жайлы жер іздеген жоқ. – Замандастарымның көшкені көшті, көбі бақилық болып кетті. Мұнда мен қимайтын ешкім қалған жоқ. Бәрі кетті. Тек ауыл ғана қалды. Ауылды қимаймын, — деп күрсінді қазыналы қария.

Нұрқанат Құлабай,

журналист,  Қостанай облысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password