Ел -жұрты «қара қыз» атап кеткен ерекше жан

       Адам баласының өмірдегі сыйынатын тәңірі алдымен -Алла болса, екіншісі -ана.«Сыйынатын болса өмірде құдірет, сыйынар ек, ана деген тәңірге» деп қалам тербеген ақын жырынан аналардың қаншалықты құдіретті екенін көреміз.Күннің шуағын ананың аялы алақанына, тіршіліктің күре тамыры жерімізді» Жер-ана» деуіміздің сыры да осы. Асқар тау әкем де, сарқылмас мөлдір бұлақ анам да, ел -жұрты «қара қыз» атап кеткен ерекше жан еді.Әр адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиеттерге бай анам біз үшін дара тұлға.

       Анамның бой жеткен шағы сонау сұрапыл Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келіп, көрген мехнаты да аз болмапты. Сол жылдары ауылда қалған бала-шаға, кемпір-шал демей «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп таңның атысы мен кештің батысына дейін тоя ас ішпей, бел жазып демалмай еңбек етіпті.Тіпті, сонау Жамбылға ерлермен бірге қанды майданға жіберуге қой-ешкі сынды ұсақ малдарды айдап барғандарын үнемі айтып отыратын. Сол шақтағы ауылдағы ер-азаматтардың аздығы әйелдер қауымының жұмыстарына едәуір салмақ салды.

        Анам жайлы ой толғар болсам, ол кісі өте еңбекқор, қайсар да табанды, талап қойғыш жан болатын. Бастаған ісін аяқтағанша тынбайтын. Бізге, тіпті ер-азаматтардың істеуге тиіс жұмыстарын, балғаны қалай ұстау керек, шегені қалай қағу керектігін үйретуші еді. Ол кісі бізге өз сөзінде көштен қалғыларың келмесе, жақсы өмір сүргілерің келсе, жалқау болмаңдар дейтін. Анам айтқан Төле би бабамыздың: «Адамда үш кесір бар, бас кесір-еріншектік, ортаншы кесір-ұйқышылдық, кенжесі -кесірлік. Осы аталған үш нәрсе адам бойынан табылса, ол адам ішерге ас, киерге киім таппайды, ілгері басқан аяғы кері кетіп, тірлігінде кедейліктен құтылмайды, ал бұл мінезді бойларыңа дарытпасаңдар, кісіге мұқтаж болмай, ел қатарлы өмір сүресіңдер»,- деген даналық ойларын күні бүгінге дейін өміріме бағдаршам етіп келемін.

       Қайсар әйел өзінің жалғыз ұлын үйлендіру үшін құлынды биені қымбатқа сатпақ болып Қырғыз Республикасындағы Прежевалск базарына баруға жиналады. «Жалғыз қалай барасың, жолда ұры-қарыға кезіксең қайтесің» деген анасына бізді табыстап: — Алла қаласа 4-5 күнде келемін, балаларға бас-көз болсаңыз болды, уайымдамаңыз,- деп биесіне мініп, сапарға шықты. Өзі айтқандай 5 күн дегенде биесін сатып, балаларына деген базарлығын алып, аман-сау ортамызға келді.

        Анамның тағы бір ерекше қасиеті мынау хан, мынау қара еді деп бөліп-жармай, көңіліне жақпағанды бетке айтатын турашылдығы.

        Мына бір оқиға есіме түссе, әлі күнге еріксіз езу тартамын.Таңертең анам сиыр сауып, мен өріске айдауға дайындалып тұрмын. Анам сиырды сауып алса да, әлі босатпады. Маған тұра-тұр деп, өзі күйбеңдеп сиырдың жанында жүріп алды. Ол кезде колхоз бастығы бүгінде жасы жүзден асқан соғыс ардагері Қамыров Қанатай деген кісі еді. Бір кезде ол кісі үйінен шығып, жұмысқа беттеді. Анам жалма-жан сиырды босатып, қолындағы шыбықпен шықпыртып боқтап ала жөнелді. Мен аң-таңмын. Сәл аялдаған колхоз бастығы жымиған күйі анама: «Күке, қоңыр сиырдың не жазығы бар, айтар сөзіңізді өзімеақ айтыңыз, жүріңіз»,- деді де өз жөніне кетті. Мен істің мән-жайын кешкі ас үстінде естідім. Анамның жұмысынан кемшілік көрген бастық елдің көзінше ұрысқанының қателік болғанын айтып, анамнан кешірім сұрапты.

        Анамның бізді таңқалдыратын бір қыры ол — көріпкелдігі. «Сауда жасап үйреніңдер, кейін барлығы жекелікке өтеді, қалай өмір сүруді өздерің таңдайсыңдар» дейтін. Айтқаны аумай келді. Анамның емшілік қасиетіне де өзім куәмін. Басын көтере алмай ауырған қайнымды ауыл дәрігерлері аудан орталығына апаруға жолдама берді. Хал-жағдайын сұрай келген анам, қайныма өзі білген емін жасап, жылы орап жатқызды. 4-5 сағат тырп етпей ұйықтаған науқас орнынан сауығып тұрды, тіпті ауырмаған секілді. Ал өмірден күдер үзген әйел анам берген дәріден кейін аман-сау жазылып, немере-шөберелерін қызықтап жүр. Анам білімді еді. Өзі шыға алмаған шыңдарға бізді ұмтылдырды. Институтта оқып жүрген кезімізде ауылдан келіп, бірден деканатқа барып, біздің сабағымыз бен тәртібімізді біліп, содан кейін ғана жатаханаға келетін. Сендерге ең үлкен рухани азық осылар деп Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың мұражайларына, театрға, циркқа алып баратын. Анамның айтсам тауыса алмайтын тағы бір қыры-он саусағынан өнер тамған шеберлігі. Қазақ әйелдері жасайтын киіз басу, алаша тоқу, құрақ құрау, шашақ түю, кестенің сан түрін, киім тігу менің анамның сүйіп істейтін жұмысы болатын. Өзім аяқтаған институтты анам тіккен киімдермен бітірдім десем ешкім сене қоймас,сірә!

        Ол бізге үнемі дастархан басында өмірден көрген-түйгенін, ненің жақсы, ненің жаман екенін айтып, өтірік айтпауымызды,біреудің ала-жібін аттамауды, сондай-ақ, сабырлы, мейірімді, кешірімді, болуымызды жаны қалайтын. Бір-бірлеріңді тірлікте сыйлаңдар, бар болса тасымаңдар, жоқ болса жасымаңдар. Ерлеріңнен жоғары отырмаңдар, ер адамның алдын кеспеңдер деген ұлағатты сөздері мәңгі есімде.

        Тағдырдың ауыр жүгін көтере білген нар тұлғалы ардақты анам, жалғыз баласының қазасын көтере алмай морт сынды. Біз ес білгелі ауырып көрмеген ол, ұлының қазасынан кейін көбіне үнсіз, екі кішкене немересін екі қолтығына қысып алып, көз жасын бізге көрсетпей, туған перзентін іштей жоқтап алатын. Келініне қайрат қып:» Есіңді жи, еңсеңді көтер, тағдырыңа жазғаны осы болар, балаларға көз жасыңды көрсетпе», — деп басу айтатын. Көп кешікпей асыл анам да жалғызының артынан мәңгілік сапарға аттанып кете барды.

        Тұла бойыңда бір мін жоқ келбетті, көрікті ақ жүзді ана, бойыңа сан асыл өнер жинақталған ғазиз жүрек, сені меккеге сан мәрте арқалап апарсақ та қарызымыз өтелмес. Қамшының сабындай ғана қысқа бұл өмір тек қуаныштан тұрмайтынын айтып, санамызға құюшы едің, рас екен. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, қуансам да, мұңайсам да сізбен ойша сырласып, асыл ойларыңа жүгінемін, сүрінсем құламауды, қайғырсам жыламауды бір өзіңнен үйрендім, асыл анам. Құндыздан жаға, қамқадан тон кигізе алмадым. Алшаңдатып саяжайларда жүргізе алмадым. Бар қолымнан келгені өнегелі сөздерің мен салиқалы ойларыңды еткен еңбегіңді өзіме де ұрпағыңа да үлгі етіп келемін. Сіз біздің сарқылмас қазынамыз, аяқталмайтын тамаша ертегімізсіз, аяулы ғазиз жүректі ана!

Әмина Әлімжанова,

Шалкөде ауылы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password