Екінші жартыжылдықта 211 мектеп дәстүрлі түрде оқытады

Оқу жылының екінші жарты жылдығы қалай өтеді?. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай штаттық режимде білім алуға кедергі келтірмей ма? деген сауалдарға « Jetisy Media» ақпараттық алаңында жауап берілді.

Баршаға мәлім, 2020-2021 оқу жылы онлайн форматта басталды. Ата-ана, оқушы, ұстаз атты үштік одақтың бірлігі мен шыдамдылығын тексерген кезеңнің екінші тоқсанында бірте-бірте штаттық режимге ауысу процессі жүзеге асты. Нәтижесінде 190 мектепте білім алатын 15 742 оқушы білім ошағының қабырғасында оқуын жалғастырды. Аймақтағы ахуалдың оңтайлануына байланысты үшінші тоқсанда тағы 21 білім ордасы дәстүрлі түрде оқуға кіріседі деп жоспарланған. Осылайша, барлығы 211 мектепте 17 667 білімгер штаттық режимде оқитын болады.

Естеріңізге саламыз, ІІ тоқсанда ата-аналардың өтініші бойынша 4076 кезекші сынып ұйымдастырылған еді, ал ІІІ тоқсанда 5, 9, 11 сынып оқушылары үшін де кезекші сыныптар ашылмақ.

«ІІІ тоқсаннан бастап 9 ,11 сынып оқушыларын аралас форматта оқыту, яғни аталған сыныптарда пәндердің 70 %-ін дәстүрлі түрде және 30 %-ін қашықтықтан оқыту жоспарланды»,- деп хабарлады Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Маманқызы.

Бітіруші сыныптарда 3431 топ құрылып, 46 623 бала білім алса, 549 мектепте оқушылардың 72,6 % қашықтықтан оқуды жалғасытрады. Сонымен қатар, бала саны 300-ге дейінгі 171 мектептегі 31326 оқушыны дәстүрлі форматта оқыту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, облыстағы 57 колледжде 28 274 студент қашықтықтан оқып жатыр. Білімгер санының 90-200 аралығында болуына орай 10 колледж штаттық режимде жұмыс жасауға ауысып отыр.

Штаттық режимде оқытатын мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң түрде сақталмақ. Оқудың дәстүрлі түрге ауысуы қауіптің беті сейілді деген сөз емес. Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Сәкенұлының айтуынша, оқушылар арасында індет жұқтырғандардың саны 279-ға жеткен. Талдықорған қалалық бас дәрігерінің шешіміне сәйкес, эпидемиологиялық ахуалға байланысты Талдықорған қаласының мектептері мен гимназияларында онлайн оқу тағы 10 күнге ұзартылды. Яғни, Талдықорған қаласының кезекші және бітіруші сынып оқушылары үшін дәстүрлі форматта оқыту 21 қаңтардан басталады.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password