Дәрігерлік амбулатория ашылды

     Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының мерекесі күні Жамбыл ауылынан халықтың денсаулығы үшін қызмет ететін дәрігерлік амбулатория ашылды. Облыс әкімдігі қолдап, аудан әкімдігінің тапсырыс беруімен қолға алынған нысанды «Гунн Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салды.

Жобаның жалпы құны 315506000 (үш жүз он бес миллион бес жүз алты мың) теңге. Құрылыс көлемі 558.57 шаршы метр. Нысан сұйық отынмен жылытылатын орталық қазандықпен жабдықталған. Аталған дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 25 адам қабылдауға жобаланған. Мұнда, дәрігерлік жәрдемге дейінгі қызмет, алғашқы және білікті медициналық қызмет көрсетіледі. Жалпы тәжірибелі дәрігер, кардиолог, стоматолог, акушер, лаборант, мейірбикелер Жамбыл мен Қаратоған ауылының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Ғимаратта тіркеу, әйелдер кеңесі, балалар кеңесі, егу, инголяция жүргізу, электрмен емдеу, қан алу, емшара жасау кабинеттері мен 5 орынға арналған күндізгі стационар және тубкабинет бар. Сонымен қатар, кір жуу, қойма, автоклав жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулатория санитарлық стандарттарды сақтай отырып салынған және де қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлік амбулатория қызметтерін 3680 адам қолданатын болады.   Аталған дәрігерлік амбулаториясының салтанатты ашылуына аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, аудан әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев және ғимаратты салушы «Гунн Строй сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәбит  Қалимолдаев мырзалар арнайы келді. Айтулы мерекенің басын аудан әкімі Н. Құдайбергенов құттықтау сөзімен бастады. Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінде елдігіміздің нышаны, береке бірлігіміздің ұйытқысы, абыройымыздың айғағы болған Елорда күні. Баршаңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі таңда Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Біздің ауданымыздың да медицина саласының еңсесі көтеріліп, жағымды жаңалықтарымыз көбеюде. Соның бірі бүгінгі Елорда күнімен тұспа-тұс келіп отырған Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ашылуы. Қос қуаныштарыңыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!»,  — деді. Келесі сөз тізгінін жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын өз жауапкершілігіне ала отырып, межеленген уақытта өте жоғары сапада аяқтап берген «Гунн Строй» ЖШС-нің директоры Сәбит Қалимолдаев алды. С. Қалимолдаев өзі де осы ауданның тумасы екенін айтып, жерлестерін қуаныштарымен құттықтады. Сондай-ақ, денсаулықтың қадірін білетін адамдардың қатарынан екенін білдіріп, ақ халатты абзал жандарға басын иді. Алдағы уақытта да туған жеріне көмек қолын созып, ел-жұртының тілекшісі болып жүретіндігін жеткізді. Осы тұста ауылдың қариялары бата беріп дәрігерлік амбулаторияның лентасы қиылды. Шараға жиналған халық пен аудан басшылары ғимараттың ішіне кіріп заман талабына сай жасалған амбулаторияға оң бағаларын берді.

            Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Жамбыл ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password