Дүбірлетіп тау, даланы, аспанды, Ақын тойы Қарасаздан басталды

       Ақпан айының 9-шы жұлдызы жарық дүниеге өзімен бірге өршіл рух пен өлмес өлеңдерді арқалай келген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып қайтарған классик, дала даналығын бесігінен сімірген дарабоз, өзгелер көре білмеген сырды, өзгелер өре білмеген жырды ұсына білген сөз ұстасы, асау шабытты тақымында тыншытқан ақын торқалы 90 жасқа толды. Орны бөлек, еншісі ерек айтулы сәттің алғашқы беташары ақын туған күнімен орайластыра Қарасаз ауылының төрінде «Жырларым – жылдарыммен жалғасады» атты әдеби-сазды кешпен басталды.

       Аталған шараның алғы мақсаты — ақын рухына тағзым жасау, өлмес мұраларын өскелең ұрпаққа үлгі ету екенін ерекше атап өткен жөн.

        Әдеби-сазды кештің құрметті қонақтары қатарын аудан, ауыл әкімдері, мекеме, білім саласы, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан «Ленин» комсомолы сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов және орынбасарлары, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бақыт Беделхан мен Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері, ақын Ақберен Елгезек сонымен қатар, ақиық ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен зайыбы «Мұқағали Мақатаев» атындағы халықаралық қоғамдық қордың төрайымы Бақытгүл Қыдырбайқызы, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Айтақын Әбдіқал түзеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Асқар Наймантаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Құрмет» орденінің иегері, әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазиев пен оның жары әнші Ұлту Қабаева, елімізге танымал «Қоңыр» және «Жетісу» тобы да бұл күні осы жерден табылып, қуанышқа ортақтасты. Салтанатты шараның тізгінін «Қазақ» және «Шалқар» радиоарналары Алматы студиясының жетекшісі, айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы ұстап, жүргізіп отырды.

       Әдеттегідей кештің ашылу салтанаты ақиық ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Өмірі күрес пен күрделі иірімдерге толы ақын мүсінінің алдында бір минуттық үнсіздік жарияланды. Осыдан кейін мұражай ішіне бет алған қонақтарды Мұқағали өлеңдерін жанына мият тұтқан қарасаздық жас жеткіншектер қарсы алып, ақынның маржан жырларынан көпшілікке шашу шашты. Мұқағали дейтін әлемнің есігін айқара ашқан қонақтар мұражай ішіндегі әрбір жәдігерден оның өмірі мен өнерін кеңінен танығандай болды. Мұражайдың қонақтарға арналған залында Қарасаздың бүлдіршіндері ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевқа торқалы 90 жылдыққа байланысты сұрақтарын қойды. Ақиық ақынның көзіндей, өзіндей болған арда ұл әке шығармаларын кеңінен насихаттау турасында келешек жоспарларымен бөлісті. Әкесінің рухына тағзым жасап, шығармаларын әспеттеуден танбай келе жатқан барша қауымға жүрек жарды ризашылығын білдірді. Ақынға арналып ұйымдастырылып жатқан шаралардың басы-қасынан табылып, қолғабыс жасаудан танбай келе жатқан Әділжан Нөкеевтей азамат көпшілік бас қосқан осынау шара үстінде музейге қатысты шешімін күткен өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

       Мәдениет үйінің сахнасы төрінде жалғасын тапқан әдеби-сазды кеш шымылдығын Текес ауылдық өнер мектебінің «Ақтолқын» этнографиялық ансамблі күмбірлеген күймен ашты. Сахнаға көтерілген аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов мәнді де нәрлі баяндама жасады. Аудан аумағында ақынның 90 жылдығына орай атқарылар істердің жайымен, жоба-жоспарларымен таныстырды. Аудан басшысы мына бір ерекше жайтқа көпшіліктің назарын аударды. Атап айтқанда, биыл жаңа еңсе көтеріп жатқан аудан орталығы Нарынқол ауылынан жастар саябағы ашылмақ. Сол саябақтың көрнекті жерінен ақиық ақынның таудай тұлғасы бой көтеретін болады. Қазір жоба-жоспары толық жасалып біткен. Ескерткіштің жұмысы күн жылынысымен басталып кетпек. Сөйтіп, ақын ескерткіші арқылы Нарынқол ауылы тағы да бір көркем дүниемен ажарлана түсетін болады. Келесі кезекте мінбеден орын алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов өлең өлкесінде өзіндік ізін қалдырған ақынның көзін көргендігі жайында естеліктерімен бөлісті. Алғы сөзін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазған, Абай Құнанбайұлынан бастау алған ақындар мен жазушылар қауымын қамтыған «Қазақстан жазушыларының анықтамалығы» атты кітапты аудан кітапханаларына тарту етті. Ақын бейнеленген суретті мұражайға естелік ретінде ұсынды. Ақынның сөзінше, Мұқағали өлеңдері бүгінде түрік және қытай тілдеріне аударылған екен. Жақында өзі алғы сөзін жазып, ақынның кітабы ағылшын тіліне аударылып шыққандығын сүйіншілей мәлім етті. Жазушылар одағының атынан ақынның баласы Жұлдыз бен келіні Бақытгүлдің арқаларына шапан жауып, құрмет көрсетті. Қуаныш қуанышқа жалғасып, ақынның торқалы 90 жылдығына орай Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қордың қолдауымен жарық көрген «Мұқағали» атты жаңа жыр жинақтың тұсауы кесілді. Аталған рәсімді аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, Ұлықбек Есдәулетов, Жұлдыз Мақатаев, Бақытгүл Қыдырбайқызы мен Әлия Жақыпбекова бірлесе атқарды. Әрі қарай сөз алған аудан әкімі Н.Құдайбергенов, Ұ.Есдәулетовке және орынбасары А. Елгезекке аудан азаматтарының атынан арнайы ат мінгізетіндігін мәлімдеді. «Сондай-ақ, аудан көлемінде ақиық ақынның 90 жылдығына орай өткен «Болашағым сен тұрсаң – мен өлмеспін» атты жыр мүшәйрасы мен оқуларының жүлдегерлері — жас ақындар, әуелете әндерін шырқап үздік шыққан өнерпаздар аудан әкімі мен құрметті қонақтардың қолынан салтанатты түрде арнайы сыйлықтар мен марапаттарын алды. Атап өтетіні, орындарға ие болған жүйріктердің жүлдесін дәл осы әдеби-сазды кеш барысында, құрметті де құтты қонақтардың қолымен табыстауды мақсат еткен ұйымдастырушылар.

       Осыдан соң, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова ақынның торқалы 90 жылдығына орай Республика, облыс көлемінде өткізу жоспарланған жобалармен таныстырды. Аудио және жазба жыр жинақтарын шығару көзделсе, Республика көлемінде Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ақындар арасында жыр мүшәйраларын, суретшілер арасында ақындар бейнесін салудан байқау жариялау жоспарланып отырғандығынан хабардар етті. Кітапханаларда мектеп оқушыларын жинап ақынға арналған танымдық кештер мен оқулар ұйымдастыру да көзделіп отырғанын да тілге тиек етті. Осыдан кейін, салтанатты жиынды жүргізіп отырған Бақыт Жағыпарұлы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Нұрлан Оразалинның және Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның ақынның туған күніне арналған жүрекжарды лебіздерін көпшілікке оқып берді.

       Салтанатты шара барысында сахна төріне көтерілген меймандар ақын жырын әспеттеумен келе жатқан көпшілікпен өз ойларын бөлісті. Нарынқолдың тумасы, танымал актер Асқар Наймантаев қиын-қыстау кезеңдерде жабылып, бірақ аудан мәртебесі берілгеннен кейін қайта түлеген тұста «Хантәңірі» атауымен халық театрының ашылғандығын қуана жеткізді. Оның айтуынша облыстық байқауда ақиық ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын сахналаған театр ұжымы көпшіліктің көңілінен шығып, Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында өткен онлайн байқаудың да бас жүлдесін жеңіп алыпты. Кезінде Мұқағали Мақатаевтың да аталған театрда Қозы Көрпеш-Баян сұлу қойылымында бас кейіпкер Қозыны, ал Лашын апамыз Баянды сомдап,көпшіліктің ақ бата, адал тілегімен өмірлік жұп құрғандығын баяндап берді. Танымал ақын, Мұқағалидың інісі Еркін Ібітанов та Мұқағали, Лашындармен қатар аталған театрдың алғашқы қарлығаштарының бірі екендігін атап өтті. Сондай-ақ, әсерлі әңгімесін әдемі әзілмен әрлеп, көптің көңілін бір көтеріп тастады. Сөз кезегін алған ақын Бақыт Беделхан Мұқағали рухына арналған «Тау» және «Бұлбұл» атты өлеңдерін оқып, тылсым да сырлы, ойлы да мұңды ақындар әлемін аралатып қайтқандай болды.

        Күміс көмей, жезтаңдай әншілер ерлі-зайыпты Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаева «Ақмарал», «Келші қалқам, шашыңнан иіскейін»,«Не деген керемет күн» сияқты ақын өлеңіне арналған әндерді әуелете шырқады. Сұлушаш Нұрмағанбетова «Ризамын саған тағдырым» және «Шалкөде» әндерімен жадыраған жаз әкелгендей болса, елімізге танымал «Қоңыр» тобы «Құмған алған» және Тұрсынжан Шапайдың «Угәй, арман» әндерін әуелете шырқап, жүректерді серпілтіп, көңілдерді шалқытты.

       Жұлдыз Мақатаев пен ақынның келіні Бақытгүл Қыдырбайқызы Мұқағалиын шексіз сүйетін жұртшылыққа алғыстарын айтты. Ақын турасында тың деректер мен жыр жинақтарын асыға күтетін оқырман қордың қолдауымен шыққан кітаптарды, қолдан қолға тигізбей талап әкететіндігін сөз етті. «Бұл елдің ерекше сүйіспеншілігінің арқасы болса керек», – деп ағынан жарылды Жұлдыз. Сондай-ақ, келешекте аталған қордың атынан байқаулар жарияланып, үздіктерге арнайы төсбелгілер мен марапаттар, медальдар, сый-сияпаттар тағайындау жоспары барын айтты. Ойға алған іске әлемді әурелеген коронавирус пандемиясы қолбайлау болып отырғандығын жеткізді.

        Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын әріптерді жаңа таныған жас бүлдіршіндер де түсінетіні аян. Әлем әдебиетінде бала тілінде тәрбиелік мәні зор жырлар аз. Бұл Мұқағали барлық аудиторяның бабын таба білген әмбебап ақын екендігін айқындаса керек. Осы орайда, «Балдырған» журналының бас редакторы, ақиық ақынның замандасы болған Тұманбай Молдағалиев «Қазақ жырының аспанындағы жұлдыздардың ішінде Мұқағали ақын сенің жұлдызың ең мейірімді жұлдыздардың бірі еді»,- деп толғанған екен.

       Бүгінгі «Балдырған» журналының бас редакторы Д.Мағлұмов та ой қосты осы айтылғанға. Содан кейін, арнайы ақынның торқалы 90 жылдығына арналған «Балдырған» балалар журналының мерекелік нөмірі қалың көпшіліктің қолына таратылып берілді.

Онда, «Нұрын төккен маған,

Шуағымсың сен.

Айналайын анам,

Қуанышыңмен!» – деген, ақиық ақынның жүректерге қонымды, қарапайым сөздермен өрнектелген өлеңдері берілген екен. Сондай-ақ, Дүйсен аға «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты Жақыпжан Нұрғожаевтың Мұқағали турасында жазылған ғылыми-танымдық кітабын аудан кітапханаларына аманаттап берді.

       Иә,«Мен 21-ші ғасыр жастарының құрдасымын. Тіпті, одан арғыларының сырласымын» – деп көрегендік танытқан ақын ғұмырының көктемесі енді басталғандай. Алда әлі жазы жатыр. Ал, күзбен қыс болмайтын өлке ақын өлкесі. Аршасы мен шыршасы, жайлауында гүлі жайқалған қара өлеңнің өлкесі ақын өлкесі. Аталған әдеби-сазды кеш дәл осы ақын жанының әсемдігі мен кеңдігін кеңінен дәріптегендей. Тағы бір қырынан танытқандай. Қарасаздан басталған торқалы тойды іліп әкетушілерге аманат. Ақын жанының адалдығын дәріптегейсіздер. Ақын жүрегінің кеңдігін зерттегейсіздер.

Әділет САРЫБАЙ,

Суретті түсірген Елдос Ахметжан.

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password